Тәуелсіздік — 30

Орталық мешітке — жаңа ғимарат

2008 жыл әлемдік қаржы дағдарысының белең алған кезі еді, оның салқыны біздің елімізде де сезілмей қалған жоқ. Елімізде дағдарысқа қарсы шаралар 5 бағыт бойынша жүргізіліп, оларды жүзеге асыруға 10 миллиард доллар қаржы бөлінді. Бұл бағыттар: банк секторын тұрақтандыру; құрылыс саласына қайта жан бітіру; шағын және орта бизнесті қолдау; ауыл шаруашылығын қолдау және индустриялық бағдарламаны жалғастыру. Осылайша дағдарысқа қарсы шаралар арқылы экономиканың нақты секторларына тікелей көмек көрсету көзделді.

Осы жылы елімізде алғаш рет күнтізбеге жаңа мереке — Астана күні енгізілді. Ол жыл сайын 6 шілдеде тойланатын болды. 2008 жылы мереке аясындағы шараларға Түркия, Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Тәжікстан, Грузия және Армения елдерінің басшылары қатысты. Алғашқы мерекеге орай елордада «Қазақ елі» монументі ашылды. Оның биіктігі — 91 метр.

Осы жылдың 8 тамызында Қытай астанасында ХХІХ жазғы Олимпиада ойындары басталды. Оған әлемнің 200 елінен 11 мың спортшы, біздің елімізден 132 спортшы қатысты. Қазақстандық спортшылар бұл Олимпиадада спорттың 6 түрінен 13 медаль жеңіп алды.Қазақстан ұлттық құрамасы командалық жалпы есепте 29-орынға орнықты.

Ақтөбеде бас қосты

Қыркүйектің 21-22 күндері Ақтөбеде Қазақстан мен Ресей басшыларының қатысуымен осы елдердің шекаралас аймақтары басшыларының V форумы өтті. Форумға Ресей жағынан елдің сол кездегі президентi Дмитрий Медведевпен бiрге Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының, Свердлов облысының, Ингушетия, Татарстанның басшылары келді. Форумның күн тәртiбiне алғаш рет инновациялар саласындағы қарым-қатынас мәселесi қойылды. РФ президентi Дмитрий Медведев екi елдiң өзара ынтымақтастығына жоғары баға бере келіп, «Әлемдегi орын алған қаржылық дағдарыс салдарынан азық-түлiк, табиғи ресурстардың бағасы өсiп барады. Осы мәселенi бiздiң елдердiң шекаралас өңiр басшыларының бiрлесе отырып толыққанды шешуiне мүмкiндiгi бар», — деді.

Елбасы Ақтөбе облысының Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымының 10 пайызын беретінін атап өтіп, келешекте екі елдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жолдарына тоқталды.

Басқосуда екiжақты сегiз құжатқа қол қойылды, сондай-ақ екi елдің басшылары «Өңiрлерге жоғарғы технологияларды тарту. Шекарамен шектес ынтымақтастық» атты өндiрiстiк көрменi тамашалап, Ақтөбе қаласындағы жаңа мешiттiң тұсаукесер рәсіміне қатысты. Басқосу соңында Қазақстан мен Ресейдiң шекаралас аймақтары басшыларының VІ форумы 2009 жылы Орынбор қаласында өтілетін болып шешiлдi.

Бұл дәстүр әлі жалғасын тауып келеді. Биыл Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтары басшыларының ХVІІ форумын Көкшетау қаласында өткізу жоспарланған еді. Бірақ әлі де індет қаупінің сейілмеуіне байланысты жиынды онлайн форматында өткізу жөнінде шешім қабылданды. Биылғы форумда экология саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланады.

Әр отбасы өз үлесін қосты

Жоғарыда айтқанымыздай, осы форум аясында Ақтөбедеәзірге облыстағы ең үлкен «Нұр Ғасыр» мешітінің тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл салтанатты шараға екі ел басшыларымен қатар, Ақтөбенің тұрғындары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі, облыс пен қала басшылары, Ресейдің Ингушетия, Татарстан республикаларынан келген қонақтар қатысты. Бұл оқиға сол жылғы қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді.

Мешіттің құрылысы 2006 жылы басталып, халықтың қаржысына жүргізілгені белгілі. Оның құрылысына 220 мың адам, немесе облыста тұратын әр отбасы өз үлесін қосыпты. Тіпті 5 миллион теңгеге дейін қаржы аударған отбасылардың бар екені сол кездегі баспасөзде жазылған еді.

Құрылыстың жалпы алаңы 5,5 мың шаршы метр болды. Мешіттің күмбезі — 40 метр, мұнараларының биіктігі — 63 метр. Мешіт күмбезі — алтынмен, ал іші-сырты, ұстындары, едені, баспалдақтары түрлі түсті мәрмәрмен және сұрғылт гранитпен қапталған.

Мешітте жұма және айт намаздары кезінде 4 мыңға жуық адам емін-еркін құлшылық жасай алса, жазда 10 мың адамның сәждеге жығылуына мүмкіндігі бар.

«Нұр Ғасыр» мешіті — қазіроблысымыздың орталық мешіті. Оның алғашқы бас имамы — Бауыржан Есмахан. Әр жылдары мұнда Әбдімүтәлі Дәуренбеков, Нұрлан Байжігітұлы, Төлеби Оспан бас имам болып қызмет етті. Биылғы 10 маусымда Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының бұйрығымен облысымыздың және «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы болып Серікжан Еншібайұлы тағайындалды.

Солтүстіктен келген қуат

2008 жылы Ақтөбе облысы өз тарихында тұңғыш рет Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне қосылды. Кеңестік заманда облысымыз, негізінен, Ресейден алынатын электр қуатымен қамтамасыз етілді. Аймақ тұрғындары ол кезде айына 400 МВт электр қуатын тұтынса, соның төрттен үш бөлігі, яғни 300 МВт энергия Ресей Федерациясынан алынатын еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл жайт экономикаға, әсіресе халыққа көп зардап шектірді. Жұмыссыздық салдарынан, халықтың электр қуатына қарызы жылдан-жылға өсіп, оған қоса Ресей жағы электр қуатының бағасын қайта-қайта қымбаттатып отырды. 1996 жылы ақпан айының ортасында біздің облысқа Ресей Федерациясынан электр энергиясын беру тоқтатылды. Еліміздің үлкен бір аймағында тұтастай қараңғы түнек орнады. Ірі кәсіпорындардың көпшілігі жұмысын тоқтатып, ақпан айының ортасынан бастап, мамырға дейінгі аралықта облыста 3,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілмей қалды. Кейбір елді мекеннің тұрғындары айлар бойы жарықсыз отырды. Тіпті жарығы сол жылдары сөнгеннен біраз жыл бойы электр қуатынсыз отырған ауылдар да болды.

Осындай жағдайда өңірдің энергетика жүйесін Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне жалғау туралы мәселе жиі көтерілді. Ақыры бұл жұмыс 2006 жылы қолға алынды. «Солтүстік Қазақстан — Ақтөбе облысы» электр жеткізу желісінің құрылысы «30 корпоративтік көшбасшы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілді. Жобаның құны 19,9 миллиард теңге болды. Өлке мен Жітіқара арасында 486 шақырым болатын электр сымдары тартылып, екі жоғары кернеулі электр стансасы қайта жабдықталып, кеңейтілді.

2008 жылдың желтоқсан айында желі Өлке қосалқы стансасындағы кернеуге қосылып, Ақтөбе өңірі қажетті электр қуатын бұрынғыдай Ресейден емес, еліміздің солтүстігінен ала бастады.

Жөні бөлек екі ескерткіш

Ескерткіштер де елдіктің белгісі. Кеңестік заманда қазақтың тарихи тұлғалары арасынан өз жерінде тек Абай ақын, Амангелді батыр, т.б. бірен-саран тұлғаға ғана ескерткіш қойылды. Ескерткіштер арқылы қазақтың көне тарихын паш етуге жол берілмеді. Мұның есесін тәуелсіздік жылдарында толтырып келеміз…

2008 жылы Ақтөбеде екі бірдей ерекше ескерткіш ашылды. Қараша айында қала  орталығындағы Абай даңғылының гүлзарында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы кейіпкерлеріне ескерткіш орнатылды. Бұл — Қазақстанда әдеби шығармаға арнап орнатылған тұңғыш ескерткіш еді. Онда аталмыш романның жеті кейіпкері бейнеленген. Сөйтіп, Ақтөбе қазақ тіліндегі әдеби шығармағаең алғаш ретескерткіш қойылған қалаға айналды.

Арада аз уақыт өткізіп, желтоқсан айында Ақтөбе қалалық әкімдігі алдындағы алаңда «Жеті жарғы» заңдар жинағын әзірлеуге қатысқан даңқты билердің бірі, мемлекет қайраткері Әйтеке биге Бәйбекұлына (1644-1700 жж.) ескерткіш қойылды. Оның авторлары — мүсіншілер Ж. Жұбанқосов пен А. Құбай.

Әйтеке би шыққан Сейітқұл әулетінің ұрпақтарының бір бөлігі бүгінде Ақтөбе жерінде тұрады.

Тарих беттерін парақтаған Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button