Тәуелсіздік — 30

Ақтөбелік актриса тәуелсіздікке арналған фильмде басты рөлді сомдады

Биыл Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толғалы отыр. Жақында осы атаулы дата мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қолға алынған фильмнің түсірілім жұмыстары аяқталды. Аталған картинада ақтөбелік актриса Айнагүл Өлмесекова басты рөлді сомдады.

Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шыққан ұл-қыздардың құрметіне таспаланған киноның режиссері Андрей Авдеев болса, сценарийін жазған — Игорь Вовнянко.Ресми атауы әзірге қойылмаған фильм қазақ тілінде түсірілген.

Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі әлі де болса лайықты бағасын алған жоқ. Осыны ескерген болуы керек, Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Астана» телеарнасы Желтоқсан оқиғасына қатысқан қыздың тағдыры туралы фильм түсірді.

Бір қызығы, басты кейіпкерді ойнау ақтөбелік қыздарға бұйырып тұр екен. Жас кезін Алматыдағы Әуезов театрының актрисасы, жерлесіміз Ажарлым Мағзұм сомдаса,  үлкейгендегі кезеңі маған сеніп тапсырылды. Батыстың қыздары өмірде мінезді, қайсар болғаннан шығар, рухы мықты, ештеңеден қорықпайтын Әсел деген қызды кадрда ойнауға таңдалыппыз. Киноның нақты атауы әзірге белгісіз. Ерболат Тоғызақов, Алмат Сақатов сынды белгілі актерлермен бірге жұмыс істедік, — дейді ҚР Мәдениет саласының үздігі, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың актрисасы Айнагүл Өлмесекова.

15 күнге жалғасқан түсірілім жұмыстары Алматы қаласына іргелес ауылдарда өткен. Фильм 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні қарсаңында көрсетіледі деп күтілуде.

Киноның қысқаша мазмұнына тоқталсақ, 1986 жылдың желтоқсан айында алаңға шыққан Әсел деген қыздың өмірі суреттеледі. Өзінің азаматтық позициясын білдіргені үшін 5 жылға түрмеге қамалған студент қыз бостандыққа шыққан соң да тағдырдың тауқыметін тартады. Жұмыссыздық, отбасындағы қиындықтар, өзге де тіршілік түйткілдерін бастан өткеретін ол саудамен айналысып, теміржол саласында қызмет етеді. Тұтастай бір әулеттің қиындығын өзі көтерген кейіпкердің құрған екі некесі де сәтсіз боп шығады… 2020 жылға дейінгі уақыт көрсетілетін кинолентада бұдан да басқа оқиғалар, елдегі өзгерістер қамтылады.

— Барлық фильмдердегідей бұған да іріктеу арқылы қабылдандым. Мынау менің 4-ші кином. Болашақта тарихи фильмге түсуді армандаймын.

Театр мен киноны салыстыруға келмейді, арасы жер мен көктей. Киноға түсу күрделірек дер едім. Алдыңнан, жаныңнан қайта-қайта түсіреді. Сәтті шыққандай болғанда, әріптесің кенеттен сөзін ұмытып қалады. Амалсыздан қайтадан түсіруге тура келеді. Сол сияқты өзіне тән машақаты көп. Әрі басты рөлдегі Әсел — тағдырлы келіншек. Түрмеде отырып келгесін ақыл-есінде ауытқушылық болады… Жиі жылайды. Осының бәрін жеткізу оңайға түскен жоқ. Ал театрда бір деммен, еш қайталаусыз ойнап шығасың ғой, — деп әсерімен бөлісті Айнагүл.

Ахтанов театрының актрисасы ақтөбеліктерге әншілік және мерекелік шараларды жүргізетін қырымен де жақсы таныс. Өнер иесі облыстық театрда 1994 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бүгінге дейін 60-тан астам спектакльде ойнаған.

— Театрымыз жаңа маусымға дайындалып жатыр. Бірақ премьерасы өтетін екі қойылымда да мен жоқпын. Жасыратыны жоқ, жасыма байланысты театрда әзірге рөлдер бұйырмай жүр. Өйткені қыздарды сомдауға енді жасым келмейді, ал әжелерге әлі ерте… Сондықтан уақытты тиімді пайдаланайын деп осылай киноларға түсіп жүрмін. Ақтөбе мен Алматының арасы алыс болғандықтан, қатынау қиын. Тек сол жағы демесеңіз, неше түрлі фильмдер түсіріліп жатыр. Отбасым, балаларым болғандықтан, өзім тек басты рөлдерге ғана келісіп, орталық қалаларға барып-келіп жүрмін. Өйткені бәріне уақыт керек, — дейді Айнагүл Өлмесекова.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button