Жаңалықтар

«Барлығына ыңғайлы» жаяу жүргіншілер өткелі жобасы жүзеге асырылды

Өмір сүруге ыңғайлы қалалардың әлемдік рейтингі жасалғанда тәуелсіз сарапшылар қалалардыңэкономикасы мен инфрақұрылымыныңдамуы, медицина, білім, демалысқызметтерінеқолжетімділікшкаласы бойыншабағалайды. Сонымен бірге саяси және әлеуметтік орта, әлеуметтік-мәдени жағдайы мен климаттық жағдайы да есепке алынады.

Әрине, Ақтөбе өмір сүруге ыңғайлы қалалардың әлемдік рейтингіне іліге алмас, дегенмен еліміздегі қолайлы қалалардың тізіміне кіруіне үміткер бола алар ма екен? Ашық ақпарат көздерінен алынған деректерде Ақтөбе қаласының кей жылдары алғашқы бестікке іліксе, кей жылдары төменгі қатардан көрінгенін байқадық.

Барлығына ыңғайлы жаяу жүргіншілер өткелі

Ақтөбе жаяу жүргіншілерге ыңғайлы қала ма? Бұл сұрақты өңірге белгілі кәсіпкер,«Пандус Ок» ЖШС басшысы, қалалық мәслихатдепутаты қоғам өміріне бейжай қарай алмайтын азаматтық ұстанымы берік азамат Шахан Жолдасбаевқа қойған едік:

— Қала барлық санаттағы азаматтар үшін қолайлы болғаны дұрыс. Ол балаға да, кәріге де, дені сауға да, мүгедек азаматтарға да ыңғайлы болғаны жақсы. Мен арбаға таңылған адам ретінде өз тәжірибемнен айтарым — қаламызда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз жүріп-тұруы мақсатындағы жұмыстар ретімен жүргізіліп жатыр. Соның бір мысалы ретінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында қолға алынған «Барлығына ыңғайлы жаяу жүргіншілер өткелі» атты жоба, — дейді ол.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында өткен жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шешім қабылдау процесіне халықты кеңінен тарту мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау аясында іске асырылып отыр. Жоба мақсаты — елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, ортақ пайдалану орындарын — сквер, демалыс орындарын, балалар ойын алаңдары, спорт алаңдарын орнату, жөндеуден өткізу жұмыстарын жүргізу. Бағдарлама бойынша тұрғындар қала инфрақұрылымын жақсартуға қатысты өз идеяларын айтып, соны жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

— Бұл бағдарлама аясында мен де өз ұсынысымды айтып, бастамамыз жеңіске жетті. Өзімнің «Пандус ОК» серіктестігіммен мемлекеттік тапсырысқа қатысып, ұттым. Ұтқаннан кейін бірден жобаны жүзеге асыруға кірісіп кеттім. Бұл жоба аясында қала көшелеріндегі 24жаяу жүргіншілер өткеліндұрыстау жоспарланды. Бірақ біз бүгінге дейін 28 жаяу жүргіншілер өткелін дұрыстадық. Жоба бір айдан астам уақыт бұрын басталған болатын. Қазіргі уақытта соңғы өткелдегі жұмыстар ғана қалды. Бұл жұмысты Әбілқайыр хан даңғылы мен Ғазиза Жұбанова атындағы көшелердің қиылысындағы жаяу жүргіншілер өткелін дұрыстаудан бастадық. Ол жерде жиектастар тым биік, арбамен жүретін адамдарға өтуге қиын. Тек арбаға таңылғандарға ғана емес, велосипедпен жүрген, баласын арбамен сүйреп жүрген аналар үшін де қиындау. Астана ауданына қарасты көшелердегі жаяу жүргіншілер өткелдерінің көбі дерлік осындай — арбамен, велосипедпен өтуге ыңғайлы емес, солардың көбін реттедік. Қала бойынша мұндай проблемалық орындар өте көп. Бұл мәселе қоғам мүшелерінің, құрылыс компанияларының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілдерінің назарына іліксе дұрыс болар еді. Қаламызда 12 мыңнан астам мүгедек адам тұрады. Ал егер велосипед мінген, баласын арбамен сүйреген аналарды қоссақ, қала тұрғындарының 40 пайызы осындай ыңғайсыз жаяу жүргіншілер өткелдерін қолданатынын ескеру керек, — дейді ол.

Шахан Жолдасбаевтың айтуынша, бұл — қалада алғаш рет жүргізіліп отырған пилоттық жоба. Оны бұл жолы Астана ауданының әкімдігі арқылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырды. Депутаттың айтуынша, мұндай проблемалық учаскелер Алматы ауданындағы көшелерде де көп. 

— Былтыр қалаәкімі Асхат Шахаровпен бірге жүріп қаланың барлық аумағын аралап шыққан кезде осы мәселені көтергенмін. Қала әкімі біздің өтінішімізді жерде қалдырмай, бірден бастама көтеріп, былтырдан бері қалада кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп келеді.  Тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдары мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалуда.Сонымен қатар көру қабілеті бұзылған азаматтарға жолға кіру туралы хабар беретін тактильді плиталар орнатылады, — дейді Шахан Жолдасбаев.

Қоғамдық көлікке қиындықсыз міне аласыз ба?

Шахан мүгедек азаматтардың мұң-мұқтажын жақсы түсінеді, жоғары жаққа жеткізуге және мұндай жұмыстарға өзі араласып, нәтижесін де шығаруға тырысады. Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тағы бір қиналатын тұсы – қоғамдық көліктерді пайдалануда кездесетін қиындықтар.

— 2017 жылы қаламызға жаңа автобустар әкелінгенде қатты қуандық, себебі бұл автобустардың арба сүйреген, не арбаға таңылған азаматтарға арналған электркөтергіштері болды. Әкелген кезде сол электркөтергіштердің қалай жұмыс жасайтынын бізге көрсетті. Бірақ шамамен бір айдан кейін бұл көтергіштер алынып тасталды. Себебін сұрағанымызда, мұндай көтергіштердің біздің жолдар үшін ыңғайсыз екендігін, олар жол бойындағы жиектастарға тіреліп қалатынын айтты. Мұндай проблема болмауы үшін автобусты сатып алар кезде жиектастар мәселесін шешіп алу керек еді. Электркөтергіштерді алып тастағаннан кейін арбаға таңылған азаматтар тағы да қоғамдық көлікке міну мүмкіндігінен айырылды, — дейді ол.

Қаламызға биыл тағы да жаңа автобустар әкелінген болатын. Оларда арбамен жүретін мүгедектігі бар адам үшін қолжетімді жағдай жасалған. Шахан бұл жолы да жаңа тасымалдаушы «Қала-Транс»ЖШС басшылығымен кездесіп, аялдамаға барып, маршруттағы автобустардың жұмысын көріп, автобус жүргізушілеріне пандусты қалай дұрыс пайдалану керектігін көрсеткен болатын.

— Жаңа автобустарда бұрынғыдай проблемалар болмайды деп ойлаймын. Бұл автобустардағы жиналмалы пандустардың жұмыс істеуі өте қарапайым. Онымен бірге мүгедектер арбасындағы адамға арнайы бейімделген орын, қауіпсіздік белдіктері бар, сондай-ақ өз аялдамасына жақындағаны туралы автобусжүргізушісіне сигнал беру үшін тиісті дабыл түймелері бар. Жалпы, тасымалдаушы өзінің көлік жүргізушілеріне жұмыс басталарда автобустардың аялдамаға дұрыс тоқтауына, мүгедек азаматтардың қоғамдық көлікке мінуі кезінде қандай көмек көрсетілуіне қатысты нұсқама жүргізуі тиіс. Бұл ретте ақтөбеліктерге де айтар өтінішім бар — аялдамаға автобус жақындаған кезде жолға шығып, ентелемей, оны сабырмен күту керек, себебі мұндай сабырсыздық автобустардың дұрыс тоқтауына кедергі жасайды да, ақырында басқа жолаушылар зардап шегеді. Ақтөбе — біздің ортақ үйіміз, сондықтан жаңа қоғамдық көліктер бұзылмай, бізге ұзақ қызмет етуі үшін біз де көмектесуіміз керек, — дейді ол.

Шахан бұл автобустардың өте ыңғайлы екенін, жыл аяғына дейін тағы да осындай автобустар әкелінейін деп жатқанын тілге тиек етті.

Пандус қандай болуы керек?

Шахан облыс орталығындағы әлеуметтік, мемлекеттік ғимараттар мен өзге де нысандардың кіреберісіне пандус орнатып, арбаға таңылған азаматтардың кедергісіз кіріп-шығуы мақсатында бірнеше жыл бұрын «Пандус-ОК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған болатын. Бүгінде Шаханның бастамасымен қаладағы бірқатар ғимараттарға пандустар орнатылды. Өзі де ұдайы пандустардың бар-жоғы, барларының талапқа сай-сай еместігін қарайтын мониторингтер жүргізіп отыратындығын айтады.

— Бүгінде пандусы жоқ мемлекеттік мекемелер жоққа тән. Әрине, пандустар талапқа сай келіңкіремейтін ғимараттар бар. Оларды үнемі жүргізілетін мониторинг кезінде анықтаймыз.Кей ғимараттарда пандустың көлбеу бұрышы нормадан 10 есе ауытқыған болып шығады, ал ондай пандустарға арба түгілі, өз аяғымен жүрген адамдардың мінуі қиын. Пандустардың мүгедектер үшін қаншалықты маңызды екенін әлі де болса біздің қоғам толық түсіне қойған жоқ. Шанхай, Құрмыш секілді ескі аудандарда пандустары жоқ мекемелер, үйлер баршылық. Жарайды, ол ескі аудандар дейміз. Ал жаңа аудандарда пандус салмау, салса да, оны талапқа сай етіп салмау — біздің қоғамның бұл мәселенің маңызды екенін әлі де болса толық түсінбегендігінің айғағы, — дейді Шахан Жолдасбаев.

Шахан өткен жылдары қала әкімі Асхат Шахаровтың қолдауымен «Сенен бастаймыз» («Начнем с тебя») деп аталатын жоба жасағанын айтады. Көп қабатты үйлерде тұратын арбаға таңылған азаматтардың кіріп-шығуы ғана емес, пәтердің ішінде арбамен жүрудің өзі мұң.

— Мұндай жағдай өз басымнан да өтті. Кезінде апатқа түсіп, арбаға таңылғаннан кейін «хрущевкада»пәтердің ішінде арбаны жүргізуде қиындықтар туындап, қиналған сәтім есімде. Тіпті үйдің әжетханасына арбамен барудың өзі мұң. Мұндай кезде көмек өте керек, есіктерді, әжетхана, жуынатын бөлме — барлығын бейімдеу қажет. Яғни арбаға таңылған адамды қалыпты өмірге бейімдеу тек қала көшелерінен, автобустардан емес, өз үйінен бастау керек.

Жоғарыда айтқанымдай, «Сенен бастаймыз» жобасы аясында қала әкімінің қолдауымен осындай қиындыққа тап болған 10 шақты азаматқа қолдау көрсеттік. Асхат Берлешұлы қолдады, демеушілер табуға көмектесті. Мүгедектердің кедергісіз өмір сүруі үшін мұндай проблемаларды шешуде мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар қабылданса, дұрыс болар еді, — дейді ол.

Шахан арбаға таңылған Айнагүл деген әйел адам туралы да айтты. Ол кісі Ардагерлер үйі маңындағы көп қабатты ескі үйлердің бірінде үшінші қабатта тұрғанында тіпті далаға да шыға алмайтын болған. Себебі подъезд, сыртқы кіреберіс арбамен жүруге қолайсыз.

— Қалалық мәслихатқа депутат болғаннан кейін сол әйел адамның үйіне бардым, жағдайды өз көзіммен көрдім. Үшінші қабаттағы үйін сатып, «Нұр-Ақтөбе» ауданындағы  танысынан бірінші қабаттан үй сатып алды. Өкініштісі, бұл үйде де кіреберістегі пандус талапқа сай емес екен. Алайда осы мәселені алға тартып, тиісті орындарға хабарласқанымда, үйдің 2016 жылы салынғанын, жобаны өзгертудің мүмкін еместігіне көзім жетті. Басқаша жолы болмаған соң, бизнестің әлеуметтік серіктестігі аясында пандусты өз қаржыма дұрыстап бердім. Бүгінде бұл кісі балаларын мектепке тасудың өзіне қиналып отыр. Себебі пандустан әрі өткенімен, мектепке дейінгі баратын жолда кедергілер тым көп… — дейді Шахан.

Шахан бұл мәселелерді ақпарат құралдары болсын, әлеуметтік желілер болсын —  айтудай-ақ айтып, қолынан келгенін жасап та келеді. Газет арқылы да біраз мәселені айтты. Бірақ арбаға таңылған адам көп, Шахан біреу. Қаладаға 12 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар екен. «Бірақ неге біз оларды көшеден көрмейміз? Қайда олар? 2015 жылы мені арнайы АҚШ-қа мүгедектердің құқығының қалай қорғалып жатқаны жұмыстарымен танысуға шақырды. Ол жақтарда жағдай мүлде басқа. Олардың үйлері, көшелері — барлығы мүгедек азаматтардың жүріп-тұруына өте ыңғайлы. Бұл мәселенің екінші жағы да бар — әр адам өз құқығы үшін күресуі керек. Біз де өз тарапымыздан талабымызды қоя білуіміз қажет», — дейді ол.

P.S. Былтыр қала әкімі Асхат Шахаровтың өзі мүгедектер арбасына отырып, Шаханмен бірге қала көшелерінде жүріп көрген болатын. 

«Қала көшелерінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қалай қиналатынын ұғынып тұрмын. Өзімді олардың орнына қойып көрдім. Өрге қарай шығу дені сау менің өзіме де оңай болған жоқ. Олар баратын жерлеріне қиналмай баруы тиіс. Мен бұл жұмысты қолға аламын», — деген еді. Жақында журналистерге берген сұхбатында қала әкімі бұл жұмыстардың ретімен жүргізіліп келе жатқанын айтты: «Арбаға отырған кезде әр сантиметрдің рөл ойнайтынына көзім жетті. Әсіресе ғимараттарға, әлеуметтік нысандарға кіру қиын. Қала көшелерінде де кедергілер бар. Былтыр осы мәселелерді талқыладық, содан бері бұл бағыттағы жұмыстарды ретімен жүргізіп келеміз. Өткен жылы бұл жұмыстар бюджеттен тыс қаражат есебінен жүргізілді. Ал биыл Астана, Алматы аудандарында халық қатысатын бюджет қаражаты бар. Шаханның өзі осы жұмысты қолға алды. Қазір Астана ауданы бойынша жаяу жүргіншілер өткелдері реттелді, мұндай жұмыс Алматы ауданында да жүргізілетін болады», — деді Асхат Шахаров. 

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button