Тәуелсіздік — 30

Байқазақ батыр

Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

Ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді?!

Ілияс Жансүгіров.                     

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Өз жеріңді танып, біл!» жобасы аясында ертедегі жаугершілік шапқыншылықтарына тойтарыс беріп, елінің азаттығы үшін күрескен ер туралы «Батырдың соңы — Байқазақ» тақырыбында кездесу болып өтті. Оған батырдың ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, ғылыми қызметкерлер қатысты.

Есеналы Төлегенұлы батыр баба туралы былай деп баяндады: «Байқазақ батыр — Төрт­қараның Жаншұқыр тар­мағынан тарайтын Қа­сым бабамыздың ұрпағы. Қасым бабамыздың ел аузындағы аты — Қаракісі. Қаракісі атанатын себебі, жоңғарлармен болған бір соғыста нар тұлғалы қара кісі жауды жапырып көзге түскен. Атын білмеген шартараптан келген жауынгерлер «Жауға қирата соққы берген бір ірі денелі қара кісі болды» деп айтып жүрген. Содан Қасым бабамыздың лақап аты Қаракісі болып кеткен. Қасым батыр, Қаракісі — екеуі бір адамның аты.

Сол Қаракісінің бір тармағы Жолдасбайдың Байқазақ, Қазақбай, Садақбай, Қаптағай, Шуақбай, Қарсақбай, Шала деген жеті баласы және Көлдей атты бір қызы болған. Бұлардың жетеуі де жау түсірген батыр, палуан, ақын, әнші болған. Олардың бәрі де еліміздің сыртқы жауларына тойтарыс беруге тікелей араласқан. Садақбайдың батырлығы да ағасынан кем болмаған. Бұлардың бәрі бір отбасынан шыққан ордалы батырлар деп айтуға болады».

Тарихи деректер бойынша Байқазақ Жолдасбайұлы бұрынғы Ырғыз уезі Иіркөл ауылында 1826 жылы дүниеге келеді.

Ол Ресей отаршылары мен Хиуа бектеріне қарсы көтеріліске белсене араласқан. Жанқожа батырмен тізе қосып, талай жорықтарға қатысқан, әрі Жанқожаның кегін қайтарушы.

Қазақ хандығы батысында орыс империясы, оңтүстігінде Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтары, шығысында Жоңғар хандығының қыспақтарында өмір сүрді. Батырлар олармен жер үшін, елдің амандығы үшін жиі соғысып тұрды. Кейіннен бұл шайқастар ұлт-азаттық күреске ұласты.

Соның бірі ретінде 1847-1858 жылдары орыс империясының патшалық әкімшілігінің отарлау, ұлттық езу, ел байлығын тонау, қазақ елінің ар-намысын таптау саясатына қарсы Есет Көтібарұлы бастаған халықтық азаттық қозғалысын атауға болады. Міне, осы күреске балаң жігіт болса да Байқазақ батыр қатысып, ерлік көрсеткен. Ол өзінен үлкен аға-аталары Әлімнің батырлары — Жанқожа, Есеттердің жорықтарына қатысып, елінің, жерінің азаттығы жолында күрескен қаһарман ерлердің бірі.

Жанқожа оны өзінің баласы Итжемеспен бірге өсіріп, тәрбиелеген, жастайынан жорықтарға алып шығып, соғыс өнеріне баулыған.

Тұрғанбай Жаңабайұлының «Қа­зақ шежіресі. Кіші жүз» кітабын­да былай жазылған: «Атақты Жанқожа батырдың баласы Итжемес пен Байқазақ қарын бөле болып, Байқазақ көп уақытын Жанқожаның үйінде өткізген. Бір күні Итжемес екеуі сәл нәрсеге ерегісіп қалады. Сонда Жанқожа баласына: «Тәйт, Байқазаққа тию­ші болма, оның қолынан келген іс сенің қолыңнан келмейді»,– деген екен. Расында, Жанқожа әулие адам ғой. Жанқожаның кегін алған – осы Байқазақ батыр».

Жанқожа үлкейген шағында үлкен жорықтарының біріне аттанар алдында Әлім тайпасының айтулы қырық батырының көзінше өзінің алмас қылышын Байқазаққа сыйға ұсыныпты деген сөз бар.

Байқазақ батырдың туған және өмір сүрген дәуірі, бір жағынан, патшалық Ресей, екінші жағынан, Қоқан, Хиуа хандықтары бытыраңқы қазақ ұлыстарын қыспаққа алған уақыт еді. Хиуа ханы Сыр бойында – Қазалы жерінде бекініс салып, Ресей бүкіл қазақ даласында бекіністер орнатып, уездер ашып, қазақ елін бөлшектеп билей бастаған.

Байқазақ батыр  туралы тарихи деректерден көптеген мәліметтер кездестіреміз.  Оның есімі ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Жанқожа Нұрмұхамедұлының, әйгілі батырлар  Есет Көтібарұлының, Ақтан Ақайұлының, т.б. батырлардың аттарымен қатар айтылады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Берекет Кәрібаев «Ана тілі» газетінде жарық көрген «Ақтан батыр» атты мақаласында: «Ақтан батырдың іс-әрекеттері оның досқа адал бол­ғандығын дәлелдейді. Төртқара ба­тырларының бірі – Байқазақ батыр Жанқожаның талай жорықтарына қатысқан адам екен. Ақтан батырмен де жақсы сыйластықта болыпты. Жанқожа батырды өлтіргендерден кек аламын деп Байқазақ батыр орыс әкімшілігінің құрығына ілініп, Елек абақтысына қамалған. Досының қиын жағдайға түскенін естіген Ақтан батыр түрмеге шабуыл жасап, Байқазақты босатып шығарады. Сонда батырға риза болған Байқа­зақ:

Мазыға Байқазақпын, мақпалдай-ақ,

Мен жүрмін алты Әлімге мақтанбай-ақ.

Жанымды Жанқожа үшін қиып едім,

Бұл күнде түсіп тұр ғой қақпанға аяқ.

Би-болыс Бекарыстан ұстап берді,

Жанынан жаудың ізін тапқандай-ақ.

Аузынан арыстанның суырып алды,

Қатындар тапсын ұлды Ақтандай-ақ, – деп, қарулас досына әбден риза болған екен» дейді.

Манасбай Оралбаевтың «Атамұра – асыл қа­зына» кітабындағы дастанда тө­мендегідей жыр шумақтары бар:

Жалаңтөс билік айтып, қол бастаған,

Әмір боп Самарқанда ел басқарған.

Елу мың әскер ертіп, жоңғар шауып,

Жәңгір ханға есепсіз олжа салған.

Беріде Байқазақтай батыр шыққан,

Жауларын қарсы келген жерге тыққан.

Көбек би, Сапақ пенен Былшық билер,

Қарсыласып уәжді сөзбен жауын ұтқан…

Осы шумақтардағы теңеулер Байқазақ батырдың тарихқа белгілі батыр, қолбасшы болғандығын білдіреді. Байқазақ батыр бірыңғай қара күштің ғана адамы болған емес. Ол қайратымен бірге досқа да, дұшпанға да рақымы мол, ақылгөй дана да болған.

Байқазақ батырдың өмір жолы тартыс пен арпалыста, қуғын-сүргінде, қамау, айдауда өтеді. Болыс-ауылнайлар елге қаталдықты күшейтіп, әділетсіздікті молайтады. Осы әділетсіздікті бетке айтып, әшкерелеген батыр қудалауға ұшырайды. Бірнеше рет Жармола түрмесіне, екі рет Орынбор түрмесіне қамалады.

Жеті ұлдың ортасында бұлаңдап өскен Көлдей де ел арасында әнші қыз атанған.

Қызы едім Жолдасбайдың, атым Көлдей,

Өлеңді мен айтамын соққан желдей.

Мына жұрт несін айтып мақтанады,

Алдымда жеті ағам бар асқар белдей, — деген өлеңінен-ақ оның маңдайына шаң тимей өскен ерке қыз екені аңғарылады.

Жолдасбайдан туған жетеудің батырлығын Шуақбай былай таратады:

Біз Жолдасбайдан жеті едік,

Жеті қабылан бөрі едік.

Белдесе кеткен дұшпанды,

Бөрідей басып жеп едік.

Байқазақтың өмір сүрген кезеңі қазақтың басынан дәурен көше бастаған, ата дәстүрді шетке ысырып, ел билейтін болыстар патша өкіметінің ыңғайымен сайланатын заман.

Басқа бауырларына қарағанда Байқазақтың батырлығы да, ақындығы да басымырақ болса керек. Байқазақ батыр өлеңді кәсіп қылмаған. Ол қамығып, қайғырғанда немесе көңілі көтерілгенде атүсті, жорықтарда жырлап, айтып тастай берген. Оны жанындағы жорықтас жолдастары қағып алып, ауыздан-ауызға таратқан. «Атамның шығарған өлеңдері көп көрінеді. Әкем жатқа айтып отыратын», — деген екен Байқазақтың немересі Бектемір. Ішіндегі аталар тарихынан толық хабары бары да Бектемір болған. Аталардың тарихын Елкей мен Пірасыл (Ноғай) әкелері үнемі айтып отыратын болған. Солардың айтқандарын Бектемір өзінен кейінгі ұрпаққа айтып жеткізген.

Ел аузында «Батырдың соңы» деп айтылуы өмір сүрген кезеңіне орайластырғаннан болар.

Байқазақтан Елкей мен Шыңдауыл деген екі бала дүниеге келген. Шыңдауыл небәрі 23 жыл өмір сүрген. Ол талантты жырау болған. Жыр айтқанда шаршау дегенді білмейді екен. Оны қастандықпен бақталас адамдары өлтіріп кеткен. Елкей 1873 жылы туған. 89 жасында 1962 жылы қайтыс болған. Елкейдің: Төлеген, Тәңірберген, Бектемір деген үш баласы болған. Төлегенннен Тілепбай өрбіген. Олардың ұрпақтары Нүкіс жақта тұрып жатыр. Тәңірбергеннен ұрпақ жоқ. Бектемірден Абат (одан Игілік), Қанат (одан Саят), Самат, Сайлаубек, Ғабит өрбіген. Қазір Шалқар қаласында тұрып жатыр.

Елкейден қалған жалғыз бала Бектемір Шалқарда тұрып, 70 жасында дүние салды. Марқұм атасының бастан кешкен оқиғалары мен өлеңдерін айтып отырады екен.

Жолдасбайдың екінші баласы Қазақбай. Одан: Сыдық, Лепес. Лепестен Асқар мен Қамбар туған. Қамбар Арал қаласында тұрады.

Жолдасбайдың үшінші баласы Садақбай. Оның денесі ірі, аттың үстінде аяғы салбырап жерге жақын тұрады екен. Садақбайдың Пірасыл, Нәрігей атты балалары болған. Пірасыл сары кісі болса керек, жеңгелері Ноғай деп атайды екен.  Кейін солай аталып кеткен. Құжаттарда да солай жазылған. Оның кіндігінен Сұлтан мен Бақдәулет тарайды. Бақдәулеттен: Арыстан мен Есет, Арыстаннан Тұрлан, Есеттен Дархан туған. Сұлтаннан: Нұрболат, Болат, Абай, Болаттан Әділет пен Саят. Абайдан Нұрлыбек пен Нұрбек өрбіген. Жолдасбайдың Қарсақбай, Шуақбай, Шала атты балалары үйленбей тұрып дүние салған. Кенже баласы Қаптағайдан Сағын. Сағыннан: Амангелді, одан Руслан тағы бір бала өрбіген екен.

Музейде өткен тарихи-танымдық шарасына Байқазақ батырдың тікелей ұрпақтарынан Арыстан Бақдәулетұлы Садақбаев —  кәсіпкер, Бақытжан Сейітжанұлы Анапин —  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шалқар ауданы бойынша директоры, Қонысбай Нойышұлы Әлжанов — зейнеткер, Есенәлі Төлегенов —  зейнеткер, Қамбар  Лепесұлы — зейнеткер, Қасен Оңталап Әбуұлы — облыстық телеорталығының инженері, Оңдасын Үсенов —  өлкетанушы, Серік Әбдіжәми, басқа да олардан тараған ұрпақтары қатысты.

Ақтөбелік белсенді, блогер Серік Әбдіжәми: «бұл кісі тарихта мәлім адам, тек насихаты аз болып тұр. Өзім кішкентай кезімнен Байқазақ батыр туралы естіп, біліп өстім. Байқазақ батыр кім екенін біліп жүрсін деп, қоғамдық көліктердің ішіне де деректер ілдім. Бабамыздың аруағы қорғап жүрсін деп балама Байқазақ деп атын қойдым. «Бабалар аманаты» деген қор аштым», — дей келе, өзінің Байқазақ батыр туралы естіген деректерін ортаға салды.

Мұнан кейін республикалық жыршы-термешілер байқауында бірнеше мәрте жеңімпаз атанған жыршы, «Едіге жыр» мектебінің жетекшісі Демеубай Жолымбетов «Батырдың соңы — Байқазақ» жырының жазылуы туралы айтып берді. Бұл жырдың  тарихта алар орны ерекше болады деп ойлаймын. Өйткені жырдың арқауында тарихи деректер мол.

Қазіргі уақытта «Байқазақ батыр» атында қоғамдық қор жұмыс жасайды. Қор директоры батырдың ұрпағы — Абай Ноғаев. Абай Сұлтанұлы бастаған батыр ұрпақтары, Ырғыз, Шалқар аудандарының тұрғындары Байқазақ батырдың есімін ұлықтауға ел болып, Құран оқытып, асын беріп, еске алатын маңызды шаралар жасады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Ырғыз ауданы Қызылжар ауылдық округінде ескерткіш-кесенесі бой көтерді. Құрылыс ауылында көшеде ескерткіш-тақта орнатты.

Ежелгі Ырғыз-Жармола аймағы­ның жұрты Байқазақ батырды «Қызылжардың қабыланы» атаған. Атамекеннің қарыс қадамын да ұстатпай, ұрпағына толық мирас еткен батыр бабамыз Байқазақ батырдың туған жері, кіндік қаны тамған жері — Қызылжар округінің Құрылыс ауылы.

Ардагерлер, өлкетанушылар, іскер азаматтар, ауыл тұрғындарының өкілдері Құрылыс ауылын   Байқазақ батыр ауылы деп атауға ұсыныс білдіріп, ресми орындарға жолдады.

Ауыл батыр атымен аталса, бұл өткенімізге құрмет, тарихымызға тағзым реті болар еді деп ойлаймыз.

 Алмагүл САРЫБАЙ,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің бөлім меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button