Жаңалықтар

Тіл мәртебесін көтеруге атсалысқандар марапатталды

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен басқосуға мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге атсалысып, тіл саясатын жүргізіп жүрген белсенділер шақырылып, оларға құрмет көрсетілді.

Әуелі сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова:

— Биыл облыс көлемінде 497 рейд жұмысы жүргізіліп, 5349 көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіні сараланды. Оның 3639-ы түзетілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Ақтөбе қаласындағы 54 бағыт бойынша 1498 автобус аялдамасының  атауына талдау жасалынды.  Нәтижесінде мән-мағынасы ескірген 171 аялдаманың атауын қайта атау ұсынылды. Қазіргі таңда  облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген 3 ауылдық округ, анығы, Қарғалы ауданынан Велиховка, Степной, Мәртөк ауданынан Родников, 9 ауыл, 11 орта мектеп, 162 көше және мән-мағынасыз қойылған 33 көше, атауы жоқ 203 көше анықталып отыр. Сол себепті де саяси-идеологиялық тұрғыдан ескірген ономастикалық атаулардың тарихи нұсқаларын қалпына келтіру мәселесі бойынша жұмысты жүргізу керек. Бүгінгі басқосу да тілдік даму ісінде кездесетін кедергілерді талқылау арқылы, қазақ тілінің қоғамдағы барлық салада енгізілуіне өзіндік ықпалын тигізеді деген сенімдемін. — деді.

Жиналғандар мемлекеттік тілдің мәртебесі, болашағы туралы өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін айтты.

Ал марапаттау рәсімі жақында Елордада өткен «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясының жеңімпазы атанған Ақтөбе облысы полиция департаментінің арнайы жасағының аға инспекторы, полиция капитаны Александр Борисовты құттықтаудан басталды. Оған «Абай жолы» кітабы сыйға берілді.  Ақтөбеде туып-өскен Александр №16 орыс орта мектебін бітіргенін, қазақ тілін ауладағы балалардан үйренгенін, қазірде патриоттық әндерді тыңдап, жігерлендіретін өлеңдерді оқығанды жақсы көретінін айтты.

Одан соң облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының Құрмет грамоталарын тапсырды.  Марапатқа ие болғандар қатарында ҚР Ұлттық ұланының Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары бөлімшесі бастығының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі Алтыншаш Баймурзина, «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искарин, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас мамандары Гауһар Жұлбатырова мен Малика Мырза бар.

Сондай-ақ шара соңында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде тынымсыз еңбек етіп, белсенділік танытқан 11 адам облыс әкімінің орынбасарының Алғыс хатына ие болды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button