Жаңалықтар

Әзірге 172 мың адам онлайн  тіркелді

Кеше өңірлік коммуникация қызметінде ұлттық халық санағының алғашқы қорытындысы туралы брифинг өтті.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Жолдасқали Беисовтің айтуынша, 1 қыркүйекте басталған аталған науқанға жұртшылықтың белсенділігі жақсы.

— 17 қыркүйек сағат 8.00-дегі жағдай бойынша санақты онлайн режимде 172861 респондент өтті. Соның ішінде sanaq.gov.kz сайты арқылы 149782 адам, egov.kz порталы арқылы 14674 адам, «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы 8405 адам өтті. Ақтөбе қаласынан 56256 адам қатысса, одан кейін мұғалжарлықтар ерекше белсенділік танытып жатыр. Бүгінге дейін сол ауданнан 16933 тұрғын белгіленді. Ал жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Ырғыз ауданы алда тұр. Мұнда азаматтардың 41,09 пайызы сауалдарға жауап берген.

15 қазанға дейін санаққа онлайн режимде өтуге болады. Ал дәстүрлі аралау, яғни қызметкерлердің үйлерге баруы 1-30 қазан күндері аралығында жалғасады, — деді ол.

Ұлттық санаққа жер-жердегі халыққа қызмет көрсету орталықтары мен статистика департаментінің бөлімшелерінде атсалысуға болатыны және айтылды.

Сондай-ақ спикер аталған жұмысқа ұзын саны 1200-ден астам адамның тартылатынын атап өтті. «Нұсқаушы, бақылаушыларға 120 мың теңге, ал санақшыларға 104 мың теңге төленеді», — деп сөзін сабақтады ол.

Департамент басшысы брифинг барысында алаяқтардан сақ болуға да шақырды. Санақшыға есік ашып, сөйлеспес бұрын оның арнаулы формасының, планшеті мен сөмкесінің бар-жоғына мән беріңіздер. Жеке куәлігін тексерсеңіз де артық етпейді…

Ал бөгде адаммен тілдесуге құлықсыз тұрғындардың ұлттық санаққа тәулік бойы жұмыс істейтін sanaq.gov.kz сайты, Egov.kz порталы немесе «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы қатысуына мүмкіндігі бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button