Жаңалықтар

Соңғы тәулікте КВИ жұқтырған 224 жағдай тіркелді

Тікелей эфир

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 224 жағдай тіркелді. Бұл туралы «Вакцинация мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы» тікелей эфир барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлбану Дәулетова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров баяндады.

Гүлбану Дәулетованың айтуынша, 224 жағдайдың ішінде 208-інде ауру симптомдары болса, қалғаны — симптомсыз.

— Жалпы, облыста коронавируспен ауырған 31 222 жағдай тіркелді, оның ішінде 75,3 пайызы ауру белгілерімен және 24,6 пайызы — симптомсыз жағдай.

27 501 науқас жазылып шықты. 31 222 науқастың 0,7 пайызы ауруды сырттан әкелген, 12,1 пайызы — ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 87 пайызы — жергілікті жағдайлар. ​​​Қазіргі таңда үй карантиніне 11 245 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде, — деді ол.

Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, қазіргі таңда облыста мобильді мониторингтік топтар жеке және заңды тұлғалардың нысандарда карантиндік шараларды орындауын, соның ішінде бетперде тағу режимін, басқа да эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтау бойынша рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес биыл жыл басынан бері «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша анықталған бұзушылықтар үшін 85 746 435 теңге көлемінде 848 айыппұл салынған.

Ал «Ashyq» жобасына бүгінде облыста 4068 кәсіпкер тіркелген. Олардың ішінде «Көшбасшы» мәртебесі бар қатысушылар саны — 69.

Бүгінге дейін «Ashyq» жобасы аясында «қызыл» статусы бар, тәртіп сақтамаған 74 жеке тұлғаға «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік шара қолданылып, оларға 3 281 625 теңге айыппұл салынды.

Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 848 адам ем алуда. Оның 684-і — қалада, ал 164-і — аудандарда. Жансақтау бөлімінде 92 науқас ем алып жатыр. Жансақтау бөліміндегі науқастардың 10-ы — жасанды желдету аппаратына, 47-сі өкпені инвазивтік желдету аппаратына қосылған. Айта кету керек, соңғы аптада жансақтау бөлімінде науқастардың көрсеткіші төмендеді. Дегенмен қала бойынша жағдайы ауыр науқастар саны әлі азаймай отыр.

Карантиндік стационарларда 2 адам бақылауда. Ал 337 бала медициналық қызметкерлердің қарауында. Оның ішінде 10 бала стационарда ем алып жатыр.

Жалпы, стационардағы кереуеттердің 45 пайызы, жансақтау бөліміндегі кереуеттердің 41,4 пайызы толық. Өңірдегі 11 зертханаға індет басталғалы 884 757 ПТР-тест әкелінді, соңғы тәулікте 3739 зерттеу жүргізілді, — деді Бекболат Ізбасаров.

Айта кету керек, қазір облыста 315 оқушы індет жұқтырып, ем алуда. Алайда өңірде карантинге жабылған мектеп жоқ. Бүгінде ауру жұқтырған оқушылар мен олар оқитын сыныптар онлайн форматта білім алуда.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button