Жаңалықтар

Жол картасы бойынша жобалардың жүзеге асырылуы талқыланды

Облыстық мәслихатта Nur Otan партиясы фракциясының кезекті мәжілісі өтті.

Мәжіліске фракция мүшелері, облыстық басқарма басшылары онлайн және аудан әкімдері, партия филиалдары төрағалары офлайн форматта қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Біріншісі – Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасындағы бірқатар нысандардың мәселесін шешу.

Іс-шараны жүргізген партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Ербол Данағұлов облыстық, қалалық және 12 аудандық жол карталарындағы 1330 пункттің орындалуы биылғы жылға жоспарланғанын айтты.

Қазір олардың 465-і орындалды, 865-і бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Биыл жол картасы аясында 488,1 мың шаршы метр немесе 3430 пәтер салынды. 26 427 жұмыс орны ашылды. 300 орындық мектеп, 3 спорт нысаны, 1 сүт тауарлық-ферма салынып, пайдалануға берілген.
Мәжілісте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева кейбір индикаторларды орындау барысындағы мәселелер мен кемшіліктерге тоқталды. Облыстың жол картасында бірқатар жоспардың орындалмай қалу қаупі бар екені талқыланып, фракция мүшелері бұл мәселелерді соңына дейін жеткізу керек деген шешімге келді.

Депутаттар әрбір индикатордың орындалуын қадағалап, жан-жақты зерделеуді жалғастырмақ. Соның ішінде білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс салаларында орындалмаған жұмыстар бар.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова сөз сөйледі. Ол инклюзивті білім алуға облыста жасалған жағдай және  инклюзивтік білім беру кабинеттерінің жабдықталу жұмыстары туралы жан-жақты айтып берді.

Оның айтуынша, қазір облыста білім алуға ерекше қажеттіліктері бар 5902 бала тәрбиеленуде. Оларға 3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 1 оңалту орталығы, 15 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, 1 балалар сауықтыру лагері көмек көрсетеді. Жалпы облысымызда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 3 арнайы балабақша (510 бала), 4 арнайы мектеп (535 бала), 116 инклюзивті балабақша (1146 бала), 282 инклюзивті мектеп (2019 бала), 3 колледж (81 бала) бар. 3246 бала инклюзивті біліммен қамтылған.

«Бақытты бала» жобасы аясында Қазақстанда алғашқы рет Алға ауданының Бестамақ ауылынан «Күншуақ» балаларды сауықтыру лагері ашылды. Соңғы үш жылда облыста 200-ден астам мектепке дейінгі жастағы ерекше балаларды қамтитын «Нектар» арнайы балабақшасы жұмыс істеп тұр. Ал №2 қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы бойынша өңірде 1425 ерекше бала тіркелді.

4 психологиялық-медициналық-педагогикалық түзеу кабинеті жаңадан ашылып, мұнда 270  бала көмек алуда.
Сондай-ақ жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті білім беруді дамыту бойынша 18 ресурстық кабинет ашылған. 16 зағип баланы қамтитын зағип балаларға арналған арнайы кластар да жұмысын бастады. Бұрын бұл санаттағы балалар Батыс Қазақстан немесе Алматы облыстарында орналасқан арнайы мектептерде оқуға мәжбүр болған.

Фракция отырысы қорытындысы бойынша қаулы қабылданды.

Алдағы уақытта орындалмай қалу қаупі бар инвестициялық жобалар бойынша балама жобалар тізбесі партияның облыстық филиалы мен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынылады. Облыстық, қалалық, аудандық қоғамдық кеңестері барлық ұсынымдардың орындалуын бақылауына алып, рейдтер жүргізеді.

Фракция құрамындағы әрбір депутат жол картасындағы жұмыстардың қаржыландырылуын, жүзеге асырылуын үздіксіз қадағалап, ел аманатының орындалуы жолында жұмысты жалғастырады.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button