Жаңалықтар

Екпе алып, жүлделі болғандар

25 маусымнан бастап облыста «Екпе ал да, автокөлік ұтып ал» акциясы өтіп жатқаны белгілі. Сәрсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында кезекті жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті.

Әуелі облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров 25 маусымнан басталған акцияға кез келген вакцинаның бірінші компонентін алған облыс тұрғындары қатыса алатынын және жүлдеге 96 бағалы сыйлық тігілгенін, әр кезеңнің басты жүлдесі «Chevrolet Cobalt» маркалы 2 автокөлік екенін айтты. Сондай-ақ, ол аталған акцияның 25 қыркүйекте аяқталатынын жеткізді. Одан соң басқарма басшысының орынбасары велосипед, смартфон, смарт-сағат, планшет секілді жүлделерді тапсырды.

Жүлдегерлермен сөйлестік. Солардың бірі Өнер орталығындағы хордың әншісі Жұбаныш Рақметов:

— Ата-анам Қарғалыда тұрады. Өзім қаладамын. Шынымды айтсам, мен қартайған ата-анама кесірімді тигізбеу үшін екпе алдым. Солар ауырып қалмаса екен дедім. Кешеге дейін «Екпе ал да, автокөлік ұтып ал» акциясы туралы білген жоқпын. Кеше әкем хабарласты, сен ұтысқа ие болыпсың деп. Бүгін смартфонға ие болып жатырмын. Қуаныштымын! Айтпақшы, екпе алғандар «Ashyq» қосымшасы арқылы кіретін бірқатар орындарға еркін кіре алады. Сонысымен де тиімді, — дейді.

Жүлдегерлердің тағы бірі Альбина Байсарина:

— «Қуаныш» емханасында мобильді топта жұмыс істеймін. Күн сайын вирус жұқтырып алғандардың үйіне барамыз, аурумен арпалысқанды күнде көреміз. Ауырып жатқандар бар, сақтанып жүрген абзал. Аурудың алдын алу үшін шілде айында мен де вакцина алдым. Жұмысқа кіргеніме де көп болған жоқ. Вакцина алғандар арасында ұтыс ойнатылып жатқанынан бейхабармын. Бірақ жүлдегер болғаныма қуанып қалдым. Жаңа смартфонымды анама сыйлайтын боламын, — дейді.

Акция 25 қыркүйекте аяқталады. Соңғы кезеңнің ұтысы енді ойнатылады. Деніңіздің саулығы үшін екпе алсаңыз, оған жүлде қосып беріп жатса, күшті емес пе? Ендеше, екпе алыңыз!

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button