Жаңалықтар

«Айкуне» орталығы Ауған соғысының ардагерлеріне қамқорлық жасады

Бүгінгі таңда облыста 900-дей ғана интернационал жауынгер тұрады, оның 80-ге жуығы — мүгедектігі бар жандар. Сондықтан да бұл топтың емдік-сауықтыру шаралары десе құлақтары түрік жүреді.

Бейсенбіде қаламыздағы «Айкуне» қазақ гимнастикасы сауықтыру орталығы Ауған соғысының ардагерлеріне 1,5 миллион теңгенің сертификатын тапсырды.

Әуелі «Айкуне» қазақ гимнастикасы сауықтыру орталығының нұсқаушысы, уақытша директордың міндетін атқарушы Жарқынай Молданиязова сөз сөйледі.

— «Айкуне» қазақ гимнастикасы сауықтыру орталығы еліміздің әр облысында ашылып жатыр. Орталықтың негізін құрушы — Ауған соғысының ардагері Абай Баймағамбетов. Сондықтан да сіздерге орталық тарапынан қамқорлық ретінде 1,5 миллион теңгенің сертификатын ұсынып отыр. Осы қаражаттың есебінен біздің орталыққа келіп, емделіп, сауықтыру шараларына қатысуларыңызға болады. Мен өзім де ол кісінің бірнеше ем-шараларына қатысып, аяққа тұрдым. Екі айдай болды қолымдағы таяғымды тастағалы. «Айкуне» — омыртқаны емдеудің ертеден келе жатқан ерекше тәсілі, көшірмесі жоқ жаттығу түрі. Ресейде патенттелген емдеу түрі ел ішінде жиырма жылдан бері қолданылып келеді,  — деді Жарқынай Молданиязова.

«Ауған соғысының интернационал жауынгерлері» қоғамдық бірлестігінің басшысы Аслан Балқасынов Абай Баймағамбетовтің қарулас жігіттерге жасаған қамқорлығына риза болып, басшысының сәлемдемесін жеткізе келген «Айкуне» орталығының мамандарына ыстық ықыласын білдірді.

Шара соңында аталған орталықтың аппақ жейде киген мамандары қазақ руларының таңбасына ұқсас және сол рудың атымен аталатын түрлі жаттығуларды жасап көрсетті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button