Тәуелсіздік — 30

Оқушылар «Едіге батыр» жырын жатқа айтып жарысады

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Nur Otan партиясы Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қорымен бірлесе «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын ұйымдастырып жатыр. Облыс оқушылары арасындағы байқау 25 қыркүйек пен 5 қараша аралығында өтеді.

Сейсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының  орынбасары Бағжан Тілегенов, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Нұрбол Бекбағанбетов және  «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының жетекшісі Арман Абдоллаев іс-шараның шарттарын таныстырды.

Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беріп, жырда кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын түсіндіріп, қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде әзірленген сұрақтарға жауап беруге тиіс.

— Бұл шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айқындалған міндеттерді және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының «Парасатты және зияткер қоғам» бағытын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды. Қазақ халқының тарихи-мәдени қазынасын сақтап, өскелең ұрпақты қазақ халқының рухани асыл мұрасын, халық поэзиясын, қазақ тілі және қазақ әдебиетін зерделеуге ынталандыруда маңызы зор, — деп атап өтті Бағжан Тілегенов.

Байқау жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталатын болады. Байқаудың облыстық кезеңінің биылғы жеңімпазына 750 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық тағайындалған. Оза шауып, бәйге алған оқушылардың ұстаздарының да еңбегі ескерілді. Оларға қаржылай қолдау білдіріледі.

Байқау туралы толық ақпаратты www.qazaqepos.com сайтынан оқып білуге болады. Қосымша жаңалықтар мен мәліметтерді Nur Otan партиясы филиалдарының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан таба аласыздар.

Айта кетейік, аталған байқау бұған дейін 2019 жылы өткен болатын. Ол кезде 6-11 сынып оқушылары 132 беттен — 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтудан сайысқа түсіп, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап берді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button