Жаңалықтар

Ізгілікті істер жолымен

Нұрқан Ақниязов есімін облыс жұртшылығы, оның ішінде замандастары жақсы біледі десек, артық айтқандық бола қоймас. Жастайынан еңбек қадірін біліп өскен азамат кейін атқа мінгенде де елмен бірге есейді. Кеңестік қоғамда түледі, жетілді, томағасын тартты. Еліміз тәуелсіздік алып, егемендік жолына түскенде білімі мен білігін, сол уақытқа дейін бойға жинаған тәжірибесін аянбай игілікті істерге жұмсады.

Бүгінгі күні алпыс бес жасқа толып, құрметті зейнет демалысына бет алған ел ағасының жүріп өткен жолдары кейінгі буынға тағылым болар деген ниетпен қолға қалам алған едік. 

Ілгерінің ізімен

Кім-кім де ата-ана тағылымын алға ұстанады. Нұрекең ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған, мектеп директоры болған әкесі Сабыржанның әрбір сөзін әлі күнге дейін жадында жаңғыртып отырады.

Әлі есінде, 1963 жылы Қараағаш ауылындағы сегізжылдық мектептің есігін ашып, қолына «Әліппені» ұстады. Сол мектеп қазір қазақтың көрнекті ағартушы, кемеңгер тұлғасы Ахмет Байтұрсыновтың атын иеленіп отыр. Зерттеушілер ғұлама адамның өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында осында мектеп ашқанын айғақтайды.

Қазір мектепте оқыған түлектер осы тарихи жағдайды мақтан тұтады. Нұрекең де Ахмет Байтұрсынов туралы қандай да бір деректерді жинастырып жүреді. Сондай ізденістерінің бірінде екеуінің де бесінші қыркүйекте дүниеге келгенін байқап қалды. Қазір өзін құттықтаушы достарына «Бұл, ең алдымен, Ахмет атамыздың туған күні!» деп мақтаныш сезімін білдіріп отырады.

Әке тағылымы демекші, математик әкенің ізімен отбасындағы бес баланың ішіндегі үшеуі педагогика институтын бітірді. Артық сөз айтпай, қас-қабағымен ұрпақ тәрбиелеген Сабыржан ата немерелері де осы ізбен жүріп келеді.

Ал отбасы жылылығын сақтап, шаңырақ шуағын молайтуды басты міндетім деп ұғынған Марфуға ана қазақ сөзінің мәйегін бойына жинаған деп айтуға болар еді. Оның аузынан шыққан мақал-мәтелдерді, ұтқыр сөздері ауылдастары ұмытпай жадында сақтаған.

Әкенің бойындағы ұлағатты, ананың ақ сүтімен келген сөз қадірін ұғынуды кішкентайынан жүрегіне түйіп өскен Нұрқан өсе келе соның бәрін алдына бағдаршы, жанына жебеуші еткендей күй кешкендігін жасырмайды.

… Армия қатарынан әскери борышын өтеп келгеннен кейін зауытта жұмыс істеуді қалаған. Бірақ өзі білім алған училище директорының орынбасары Евдокия Елисеева оған өзі кәсіби білім алған тұсында комсомол комитетінің хатшысы болу туралы ұсынысын айтып, жаңа бағыт сілтеді. Кейін ойлап отырса, осы таңдау оның алдағы өмір бағытын да айқындаған екен. Кейінірек бәрібір зауытқа келді. Бірақ жұмысшы болып емес. Мұнда да жастар жетекшісі ретінде комсомол туын жоғары көтеріп жүрді.

Бұдан кейін аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық мәдениет бөлімінің инспекторы қызметтерінде де сол жастық жігерін жоғалтқан жоқ.

«Орны бөлек орынбасар»

Осыдан тура жиырма үш жылдай уақыт бұрын Нұрекең туралы облыстық «Ақтөбе» газетінде осындай тақырыппен мақала жазған екенбіз. Ол кезде кейіпкеріміздің жалындап тұрған шағы, қырықтың үстіне енді көтеріліп, тынымсыз еңбек етіп жүрген кезі.

Сонда «Өзі бастық болмағанымен, бейнетке бел ортасынан батып жүріп, іс тындыратын орынбасарлар болады. Сондай азаматтардың бірі — Нұрқан Ақниязов» деп әңгімемізді бастаппыз. Алға ауданы әкімінің орынбасары болып жүргеніне үш жылдай уақыт болған тұс екен бұл.

Бір қызығы, ол бұған дейін де облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары болып бес айдай қызмет атқарған. Сол бес ай нағыз шыңдалу, шыдамдылық мектебі болды. Мәселе — жұмыстың қиындығында емес, қырық шақырым жердегі Алғадан облыс орталығына қатынап тұруда еді. Таңертең ертерек үйден шығып кетеді де, түн ортасында шаршап-шалдығып, қалашылап қайтқан жолаушыдай сүріне келіп құлайды. Күнде осылай.

Осылай алашапқын жүрістің қаншаға созыларын кім білсін, бір күні Алға ауданының әкімі Әкімгерей Серғалин оны өзіне орынбасарлық қызметке шақырды. Бұған, ең алдымен, үйдегілер қуанды. Ал өзі болса, жауапкершілік жүгі арта түскенін сезініп, белді бұрынғыдан да бекем буа түсті. Өйткені бұрынғы жоспарлы экономика нарыққа орын беріп, өтпелі кезеңнің қиындықтары елге салмақ түсіріп тұрған уақыт еді бұл. Бір өңірдің тұрғындарына жұмыс беріп тұрған алып химия зауыты есігін тарс жапты. Қай жерде де жабайы сауда өрістеді. Күш-жігері бойына сыймай жүрген азаматтар үйде отырып қалды да, әйелдері ала қап арқалап, базарға шықты.

Сол күндерде әлеуметтік мәселелерге жауап беретін оның алдына күніне елу адамға дейін қабылдауға келетін. Айтатын мәселесі біреу — не айлықтарын, не зейнетақысын алып беруге көмек сұрайды. Елдегі жағдай белгілі. Біреуін жұбатып, біріне жылы сөзін айтып, енді бірін ертеңгі күнге үміттендіріп шығарып салады. Әр күн сайын үйге от ортасынан оралғандай болып келеді. Бірақ жақсы күнге ең алдымен өзі сенді. Сөйтіп, жерлестерін де сендіре бастады. Ал бір күндері жайлап-жайлап зейнетақы төленіп, жұмысшылардың айлық қарыздары қайтарыла бастағанда еңсесі көтеріліп, жұмысына өзгеше күш-жігермен кірісті.

Ол кейініректе ауданға басшы болып келген Марат Тағымовпен де қызметтес болды. Тәжірибесі мол, халықпен жұмыс істеуде біраз мектептен өткен Марат Мырзағалиұлы екеуі тіл табысып жұмыс істеді.

Қысқасы, Нұрқан Сабыржанұлы ауданда осы қызметті он жеті жыл атқарыпты. Талай шаруалар жүзеге асты, ойда тұрғанымен мүмкіндік болмай қалған жағдайлар да кездесті.

Мына бір оқиға есінен әлі күнге дейін кетпейді. Сол бір қиын жылдарда Алғада бір мектеп жабылып қалды, интернат жұмыс істемеді. Ал жағдайы қиын отбасылардың бірқатар балалары мектепке барудан қалды. Не істеу керек?

Білім саласы басшыларын іске тарта отырып, жабылып қалған мектепті ашып, оның жанынан интернат жұмысын жандандырды. Аудандағы жағдайы қиын балаларды осында жинап, олардың білім алуы қамтамасыз етілді. Интернат еш жерде есепте тұрмағандықтан, қаржыландыру көзі болмайтыны белгілі. Мұның бәрі демеушілер есебінен шешілді. 1997 жылы Алғада аз қамтылған отбасылар үшін мектеп-интернат ашылып, жұмыс істегені кейін облыс бойынша үлгі ретінде ұсынылды. Ал ол шаруаның жүзеге асуы үшін қаншама тер төгілгенін сырт көз біле бермейтіні ақиқат.

Әбубәкір Кердері сынды сөз зергерінің ардақты есімін ел жадына оралту, шығармаларын кеңінен насихаттау да осы тұста жүзеге асты. Ақын мавзолейі ашылуы ұзақ жылдар айта жүрерлік игілікті іс болды.

Осы ретте 1992 жылы Есет батырдың 325 жылдығын атап өту кезіндегі үлкен шарада қазақтың талантты режиссері Жақып Омаровтың жанында жүріп, көп көмегін тигізгені де ойымызда сақталып қалыпты.

…Нұрекеңнің кезекті орынбасарлығы Nur Otan партиясы облыстық филиалында жалғасты. Мұнда төрағаның орынбасары ретінде алты жылдай жемісті еңбек етті. Аз мерзім емес. Бұл қызметі халықтың көз алдында өтті, бағасын да ел береді деп ойлайды.

Достық туын көтерген

Нұрекең әуелден-ақ көп ұлттың ортасында жүріп үйренген. Бозбала шағында Алға қаласындағы №49 кәсіптік-техникалық училищеде оқыды. Ол уақытта мұндағы химия зауытының Одақ көлемінде атағы шығып, дүрілдеп тұрған кезі. Аталған оқу орны сол зауытқа біліктілігі жоғары маман жұмысшылар даярлайды. Училищеде қазақ, орыстан басқа да бірнеше ұлт өкілдері білім алды. Бірақ ол кезеңде ұлтқа, руға бөліну деген мүлдем жоқ болатын.

Оқу бітірген соң училище түлектері Волгоград облысының Волжский қаласындағы химия зауытына жұмысқа жіберілді. Алғадан әлі он сегізге толмаған қырық-елу бала сонда жұмыс істейді. «Жатақханада тұрдық, әр республикадан да жастар бар екен, бұрын көрмеген ұлттарды осында көрдім, ортақ тіліміз — орыс тілі, бәрімен де тез тіл табысып кеттік», — дейді ол жастық шақтың бір кезеңін еске түсіріп.

Нұрқан Сабыржанұлының облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры болып тағайындалуында да бір сәйкестілік бар секілді. Достық үйі деген атау алған бұл ғимаратта облыстағы барлық ұлттардың өкілдерінің бастарын біріктіретін этномәдени құрылымдар жұмыс істейді. Солармен үйлесімде еңбек ету өмірлік тәжірибесі мол, талай сынақтан өткен азаматқа сеніп тапсырылғанда көпшілік тарапынан бұл таңдауды қолдаушылар аз болған жоқ.

Нұрекең бұл жерде облыстағы өзге ұлт өкілдерін былай қойғанда, әлемдік деңгейге шығып кеткенін де байқамай қалған сияқты. Мәселен, Корей Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ Сик ақтөбелік қандастарымен осы Достық үйінде кездесті. Кездесу барысында сындарлы әңгіме болды, соңынан кәрістердің этномәдени бірлестігі шығармашылық ұжымы концерт қойды. Сол шаруалардың басы-қасында Нұрқан Ақниязов жүрді, қоштасар сәтте мәртебелі Елші мырза қолын қайта-қайта қысып, алғысын білдіріп кетті.

Достық үйінде өткен тағы бір шара да есімізде қалыпты. Осында Орал қаласындағы Ресей Бас консульдігінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының және жергілікті облыс әкімдігінің қолдауымен «Славяне» өңірлік орталығы» қоғамдық бірлестігінің бастамасына орай Ресей Федерациясының мемлекеттік мерекесі — Халық бірлігі күніне арналған «Ғасыр бойы біргеміз!» атты көркемөнерпаздардың фестивалі ұйымдастырылды. Мерекеге Ресей Бас консульдігінің вице-консулы Владимир Волков бастаған біраз қонақтар келді. Қазақтың қонақжай қалпын танытып, Нұрекең де нұрлы жүзбен айналасына шуақ шашып жүрді осы жиында.

Өнерлінің өрісі

«Жігітке жеті өнер де аз» деп жатады әдетте. Негізінде, Нұрқан Сабыржанұлы да өнерден кенде емес. Сөзге шешендігін, адам баласын жатырқамай, араласа кететін ашық мінезін көпшілік жақсы біледі.

Ал оның Алғадағы музыкалық мектептің домбыра класының алғашқы қабылданған оқушыларының бірі болғандығын, 1970 жылы Алматыда өткен жас музыканттардың ІІІ республикалық конкурсына қатысып, алғашқы медалін алғанын бүгін жария еткіміз келеді. Сондай-ақ кезінде облысқа танымал болған «ЕлуБис» ансамблінің белді мүшесі және жүргізушісі болғаны, сахна төрінде тұрып талайға қол соқтырғаны және бір ақиқат. Бір кездері жергілікті химия зауытының Мәдениет үйінде халық драма театрының қойылымдарында да басты рольдерде ойнады.

Ол — ол ма… «Ресейдегі зауытта жұмыс істеп жүрген кезімізде кешкісін бос уақытта гитарамен өлең айтатынбыз. Өзге ұлттың өкілдері біздің қазақ әндерін ұйып тыңдайтын. Жас кезімде көркемөнерпаздар үйірмесінің, аудандық үгіт бригадасының белсенді мүшесі болдым. Казір де бір мезгіл домбыра шерткенді жақсы көремін», —  дейді Нұрекең.

Мұның сыртында айта кететін және бір сыр бар. Нұрекеңнің зайыбы Жансара Қазымқызы — кәсіби музыкант. Алғада, Ақтөбе қаласында музыка мектептерін басқарып, талай шәкіртті өнер өлкесінен қанаттандырып ұшырды.

* * *

«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа…»

Кейде Абайдың осы өлең жолдарын іштей қайталайтыны бар. Өткен жолдарын есіне алады, алдыңғы толқын ағалардың қыр асып кетіп, ізіндегі інілердің соңынан дүбірлетіп келе жатқанын сезініп, бір қобалжу күй кешеді бастан.

Иә, өмір деген сол. Жансара Қазымқызымен қол ұстасып қырық жылдан астам тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Орталарында төрт перзент тәрбиеленді. Лаула, Ақмарал, Салтанат қыздары мен кенже баласы Мейірхан жақсы істерімен ата-анасының мерейін өсіріп жүр. Соған қуанады.

Нұрқан Сабыржанұлы құрметті демалыста да қолы бос отыра алмасы анық. Ел ішінде, халық ортасында жүріп үйренген оны алда да талай тағылымды шаруалар күтіп тұрғаны анық.       

  Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button