Жаңалықтар

Тұтынушыларының өтініштері «e-tutynushy.kz» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы қаралады

Тұтынушылар үшін заманауи ақпараттық технологияларды қолдану өз кезегінде олардың құқығын қорғау тетіктерінің  қолжетімділігі мен ашықтығын, жеделдігін қамтамасыз етеді және тұтынушылар үшін арыз-шағымдарын қараудың тиімді тәсілі екенін атап өткен жөн. Ақпараттық сервистерді қолдану тұтынушылар шағымдарын қарайтын субъектілерінің ғана емес, құқығын қорғауға ниетті болған азаматтың да уақытын үнемдейді. Бұдан былай азаматтар үйлерінен шықпай-ақ ұялы телефондарының мобильді қосымшасы арқылы тұтынушылар құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы құқықтық қолдау шараларын ала алады.

ҚР Сауда және интеграция министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №293-НҚ бұйрығымен  2021 жылғы 1 қаңтардан бастап тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін қалыптастыру, жүргізу және пайдалану қағидалары бекітіліп,  күшіне енді.

«e-tutynushy.kz» бірыңғай ақпараттық жүйесі — тұтынушылардың өтініштерін қабылдау және қарау процесін автоматтандыруға, оларды тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің барлық деңгейлерінде жүйелеуге және есепке алуға арналған ақпараттық жүйе.

Аталған жүйе арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің барлық деңгейлерінде тұтынушылардың өтініштерін қарау қамтамасыз етіледі:

– тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатушылар (дайындаушылар, орындаушылар), ойындардың бастамашылары (ұйымдастырушылары);

– тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар), заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын және заң көмегін көрсететін заң консультанттары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де тұлғалар (тұтынушылардың заңды мүдделерінің өкілдері);

– тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттеу субъектілері;

– уәкілетті орган, мемлекеттік органдар.

Айта кететін жай, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сотқа ұсынылатын өтініштер  бұл жүйе  арқылы жіберілуге жатпайды.

Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті  2021 жылдың 8 айында «e-tutynushy.kz» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы түскен 36 тұтынушының өтінішін қарады. Оның ішінде 25 өтініш бөлшек сауда, 7 өтініш тұрмыстық қызметтер, 3 өтініш электронды сауда  және 1 өтініш туристік қызмет саласына тиесілі тіркелді. Өтініштерді қарау нәтижесінде 22 тұтынушының өтініші оң шешіліп, облыс азаматтарына тұтынушы құқығының бұзылуы салдарынан келтірілген 1751401 теңге қаражаты қайтарылды. 13 өтініш иесіне  тұтынушы құқықтарына қатысты түсіндірме беріліп, 1 өтініш қарау құзыреттілігіне байланысты тиісті мемлекеттік органға жолданды.

Облыс тұтынушылары мен кәсіпкерлерді тұтынушы шағымына қатысты мәселесін шешу барысында қолжетімділік, ашықтық және жеделдету мүмкіндігін пайдаланып, мемлекет тарапынан қабылданған шараларды қолдану мүмкіндігін пайдалануға шақырамыз.

Ол үшін ұялы телефондарыңыз арқылы  «e-tutynushy.kz» бірыңғай ақпараттық жүйесіне тіркелу қажет. Оған аты-жөніңізді, жеке сәйкестендіру нөміріңізді, байланыс телефоныңызды және жеке электронды мекенжайыңызды енгізесіз. Осылайша тұтынушы өз құқықтары бойынша мәселелер туындағанда қолжетімді ақпарат алуға мүмкіндігі бар.

Гүлзада АЛМАТБАЕВА,

Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын

қорғау департаментінің бас маманы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button