Жаңалықтар

Өнер мектебі ашылды

«Өнер, оқу — жастықтың қару-жарағы» депті Ілияс Жансүгіров. Жастықтың қару-жарағын асынған жастар Хромтау ауданында да көп. Солардың бірі —өнер қуған Сабина Нұрлан.

Ол 2015-2019 жылдары П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде «Эстрадалық вокал» бөлімінде оқып, тәмамдаған соң, ауданға қайта оралады. Қазіргі таңда Сабина Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқып жүр.

— Бала күнімде ауданымызда заманауи, өзің қалаған үйірмеңді таңдап қатыса алатын өнер мектебі болмады. Сондай болғанын армандайтынмын. Содан іске кірістім. Ауданда өнер мектебіне сұраныстың бар-жоғын білу мақсатында шеберлік сыныптарын өткіздім. Сұраныс бар, орта керек екенін түсіндім. Сөйтіп, қазір «Lightmuse» өнер академиясын аштық. Өнер мектебінде  вокал, фортепиано, укулеле, гитара, би және кескіндеме өнері секілді алты үйірме бар. Оқытушылар да іріктелді. Олар — өте білікті мамандар. Мәселен, кескіндеме өнері үйірмесіне жұмыстары Париж қаласында, Тбилиси көрмелеріне қойылған суретші сабақ бермек. Өнер мектебіне 6 жастан бастап қабылдаймыз. Қазірдің өзінде 25 оқушы жиналып, оқытушылар жұмысқа кірісті, — дейді ол.

Сабинаның өзі 6 түрлі аспапта ойнай алады. Сондай-ақ ән шығаратын да өнері бар екен.

— Ғаламтордан шетелдің әйгілі орындаушыларын тыңдап, тоғыз жасымнан бастап, музыкаға әуестене бастадым. Оны байқаған әжем мені музыка мектебіндегі домбыра үйірмесіне алып барды. Бірақ мен оны тастап кеттім. Балалық қой. Дегенмен музыка мектебіндегі үш жыл менің тұлға болып қалыптасуыма зор әсерін  тигізді. Сол жерден домбыраны, фортепианоны жақсы меңгеріп шықтым. Моцарт, Бетховен, Шуберт, Шопен секілді атақты композиторлардың туындыларымен таныстым. Мектепті бітірген соң колледжге түстім. Жетекшім — белгілі музыкант, продюссер Жамбыл Төлешев болды.  Ол кісіден көп тәлім алдым. Сонымен қатар колледж қабырғасында гитара, дауылпаз, скрипка сынды аспаптарда ойнап үйрендім, — дейді Сабина.

Өнерлі бойжеткен «Ice Blue» атты топтың мүшесі. Олар «Ninety One» тобының продюссері Ерболат Беделханнан тағылымдамадан өтіп, оның інісі Есболат Беделханмен жұмыс жасаған. «Жақында өзіміз бейнебаян түсірдік. Ол «Гәкку» арнасында жарық көрді», — дейді Сабина.

 Жанель ӨТЕУЛІ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button