Мәдениет

Марат ӘЙТІМОВ: Маған Ақтөбемнен артық жер жоқ  

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші әрі оқытушы Марат Әйтімовті көпшілікке таныстырып жатудың өзі артық. Ұзақ жылдар бойы Ақтөбедегі, орталық қалалардағы үлкен сахналарда ән салып келе жатқан өнер иесі — Димаш Құдайберген бастаған таланттардың ұстазы.

Сырбаз мінезді, қай кезде де жоғары мәдениетті Марат Олжабайұлынан шәкірттері, жерлес әншілердің кәсіби деңгейі мен сахнадан тыс өмірітуралы сыр суыртпақтаған едік.

— Сіздің Димаш Құдайберген, Ерке Есмахан, Нұрболат Абдуллин сынды эстрада әншілерінің ұстазы екеніңізді жақсы білеміз. Болашағынан зор үміт күттіретін бабы болса да бағы шаппай жүрген шәкірттеріңіз бар ма?

—Азамат Бекбергенов сіз атаған оқушыларыммен бір қатарға тұруға лайық.Бірақ соңғы уақытта көрінбей кетті… Сол сияқты осы Ақтөбедегі филармонияда жұмыс істейтін Нұртас Омаров пен Еркебұлан Құмаров — республика көлемінде танылуға кәсіби деңгейі жететін шәкірттерім. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында еңбек ететін Саламат Мұқашевті де осы тізімге қосар едім. Ислам Хамзин, Ибраһим Амин, Гүлдана Алдадосова, Әйгерім Аманжолова, Ақгүл Жиенбаева, Гүлфия Жұмабаева сынды болашағынан зор үміт күттіретін ұл-қыздарым да бар.

— Бұрынғы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында Ақтөбе музыкалық колледжінде бірталай жасқа білім бердіңіз. Әр оқытушының үздіктерді анықтауда өзіндік стилі болатынын ескерсек, сіз студенттің алдымен қандай қасиетіне ерекше назар аударасыз?

— Мен үшін ең басты нәрсе — студенттің адами қасиеті һәм тәрбиесі. Қай кезде де «әуелі жақсы адам болыңдар, мықты әнші болу — одан кейінгі мақсат» деп айтып отырамын.

— Сөз жоқ, Димаш — сіздің маңдайалды шәкіртіңіз. «Алма ағашынан алысқа ұзамайтынын» қаперге алып, әншілердің баласы екенін ескерсек те, оның осындай деңгейге жететінін әу баста шамаладыңыз ба? Мысалы, ол музыкалық колледжге енді қабылданғанда…

— Иә, ол қаршадайынан еңбекқор, кішіпейіл болды. Сосын есте сақтау қабілеті мықты. Бір айтқаннан бәрін «қағып алатын». Талантымен қоса осы қасиеттердің бойынан табылуы оны өрге бастырды деп ойлаймын. Димаштың анасы Светланаға да кезінде ұстаздық еткенмін.

— Осы орайда дауыс — адамға қанмен берілетін дарын деп есептейсіз бе, әлде бұл үлкен дайындық hәм ізденіспен, талмай еңбектенумен келе ме? «Дауысты да «қоюға», тіпті «тәрбиелеуге» болады» деген пікір бар…

— Дауысты Құдай береді. Он жерден оқысаң да оны шығара алмайсың. Дегенмен әнді жақсы айтуды үйренуге болады. Яғни еңбекқорлықпен де үлкен шеберлікке жетуге мүмкіндік бар. Әйтпесе, бірлі-жарым адамдар ғана сахнада ән сала алатындай боп туады. Басым бөлігі педагогтердің арқасында дауысын «қояды» ғой. Сондықтан бұл сұрағыңызға біржақты жауап беру қиын.

— Өзіңіз Қызылорда музыкалық колледжі мен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының түлегісіз. Оқытушы, жастарға жанашыр ретінде ең мықты деп қай оқу ордасын айтар едіңіз? Осы сұхбатымызды болашағын әншілікпен байланыстырғысы келетіндер де оқиды ғой. 

— Бәрі сенің қандай ұстазға тап болғаныңа байланысты. Талай мықты оқу орындары бар, бірақ атына заты сай емес… Сол үшін де жас әншілер ең бірінші кезекте педагогті таңдап баруы керек.

— Сіз педагог қана емес, ұзақ жылдар бойы сахнада өнер көрсетіп келе жатқан әншісіз. Ақтөбеде «Әнім сенсің, туған ел», «Кездесейік» атты шығармашылық кештеріңізді өткізіп, гастрольдік сапармен Ресей Польша,Франция мемлекеттеріне бардыңыз. Әр әншінің өз миссиясы болады деседі, сіздікі қандай?

— Әу баста мені жолдамамен Ақтөбедегі институтқа оқытушы ретінде жіберген. Яғни басты қызметім сол. Бірақ өмірімді әзірге сахнасыз да елестете алмаймын. Бұл екеуі менің қос қанатым ғой, бөліп-жара алмайды екенмін. Ал әншілік миссияға келсек, ол туралы ойланбаппын, бар деп өтірік айтпай-ақ қояйын.

— Сөзіңіз аузыңызда, қандай тақырыпта ән шырқағыңыз келеді немесе осы әншімен дуэт болсам деген арманыңыз бар ма?

— Өзімді лирик әншімін деп санаймын.  Бір қызығы, ешқашан біреуге еліктеп, болмаса пір тұтып көрмеппін. «Мынау әншімен бірге айтсам ғой…» деп те армандағаным жоқ.

— Соңғы жылдары шәкірт тәрбиелеуге басымдық беріп, әншілікті кейінгі орынға қойғандай көрінесіз. Және бір сөйлескенімізде, «тойда ән айтудан бас тартқаныма 3 жыл болды» дедіңіз…

— Иә, оны жасырмаймын. 25 жылдай уақыт бойы жұртшылықтың әртүрлі қуанышында ән салдым. Қайта оны мақтанышпен айтамын, әлі күнге дейін «сіз менің тойымда өнер көрсеткенсіз» дейтіндер бар. Сол арқылы материалдық жағдайымды да жақсартқанымды жоққа шығармаймын. Бірақ соңғы жылдары жастармен жағаласпайын деп корпоративтік кештерге баруды қойғаным рас. Әр адам қай нәрсенің де өз уақыты барын мойындауы керек қой… Ал әншілікті доғарғаным жоқ, мына пандемияға байланыстысахнаға шығуды сиреттім.

— Біраз замандасыңыз ел астанасына қоныс аударып жатыр…

— Мақтанғаным емес, Алматыдағы өнер ұжымы мен Нұр-Сұлтандағы жоғары оқу орнына 2-3 рет шақырту түскен. Әйткенмен, өзімде «басқа жерге көшіп кетсем…» деген арман-мақсат мүлде болмапты. Маған осы Ақтөбемнен артық жер жоқ. Жолы нашар, жағымсыз иіс болып, қоқыстары жиналмаса да ешбір қалаға айырбастамаймын. Барлық мәселелердің уақытша екеніне сенемін.

ҚЫСҚА-НҰСҚА…

— Сүйікті кітабыңыз?

— Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» кітабы.

— Сүйікті киноңыз?

— «Москва слезам не верит».

— Сүйікті әншіңіз?

— Лучано Паваротти.

— Сүйікті тағамыңыз?

— Қазақша ет.

— Сүйікті мақал-мәтеліңіз?

— «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын».

— Мүмкіндік берілсе, дүниежүзі бойынша кіммен сөйлесер едіңіз?

— Ванга.

— Ғайыптан қолыңызға 10 миллион доллар тисе, оны не мақсатқа жұмсар едіңіз?

— Туысқандарыма көмектесіп, шетелден үй алар едім.

— Осыдан 10 жылға жетпейтін уақыт бұрын қазақ эстрадасын оңтүстік өңірлердің әншілері «жаулап алды». Ақтөбе тұрмақ, еліміздің батыс облыстарының өнерпаздары сирек көрінетін-ді. Қазір керісінше, жерлестеріміз жарқырай көрінуде. Ақтөбенің ән өнерінің қазіргі жағдайы туралы не айтасыз?

— Рас, бір жылдары оңтүстік өңірден шыққан әншілер ерекше көп болды. Бірақ не нәрсенің де өткінші екенін ұмытпайық… Жалғыз Ақтөбе ғана емес, біртіндеп еліміздің батыс бөлігіндегі өнерпаздар да үлкен танымалдылыққа ие болып келе жатыр ғой. Мысалы, өз басым оралдық әріптестерімнің ән мектебін, өнерін жоғары бағалаймын. Өзіндік бояуы бар.

Ақтөбелік әншілердің музыкалық деңгейі жоғары деп айта аламын. Олар бұны дәлелдеп жатыр да.

— Ақтөбелік әншілердің аға буынының өкілісіз ғой, атқарушы биліктен қандай қолдау күтесіз?

— Сол жалақының аздығы ғой. Осы мәселені айтудан жалықпаймыз. Жас мамандарға қосымша қаржылай қолдау жасаса да артық етпейді. Әйтпесе, бәрі жақсы болса, бірнеше жұмысты қатар атқарып неміз бар?!

Сондай-ақ музыка маманы ретінде үкімет, атқарушы билік өзіміздің дәстүрлі әндерді, терме-толғауларды насихаттау жағын күшейтсе деген тілегім бар. Неге десеңіз, біз эстрадамен ешкімді таңғалдыра алмаймыз. Біздің нарымыз да, барымыз да — халық музыкасы.

— Енді өзіңізге келсек. Қалай демаласыз?

— Бос уақытымда мүмкіндігінше жақындарыммен кездесемін. Тыныштықта өткізген уақыттан артық демалыс жоқ. Арасында кітап оқып, кино көремін. Теңізге суға түскенді де жаным сүйеді.

— Сіздің жеке өміріңіз көпшілікке жұмбақ…

— Өзің айтып тұрғандай, ол жеке өмір боп қалсын. Шынымды айтсам, жеке басымда не болып жатқанын бауырларыма да ашып айтқанды ұнатпаймын. Өзім де кім не істеп жатыр, қалай жүр, ондайға араласпайды екенмін.

—Бүгінгі сұхбат барысында қандай сұрақтың қойылғанын қалар едіңіз? Әр адамда ойда жүрген белгілі бір мәселе болады ғой…

— Жастықтың әсері болар, кезінде «адамның бәрі жақсы, саған тек болсын дейді» деп ойлайтын едім. Бұл қате екен… Тек өзіңе сену керектігін, ашылып әңгіме айтпау дұрыс екенін түсіндім. Ертеректе ұлы Абай «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап…» дегенді қалай дөп айтып кеткен деп таңданамын?!.. Сол сияқты адамда достың ешқашан көп болмайтынын, достық пен жолдастықты шатастырмау қажеттігін балаларыма ылғи айтып отырамын.

Жалпы, мен — бақытты адаммын. Қарап отырсам, облыстық филармониядағы әншілердің 70-80 пайызы шәкірттерім екен. Бұл — мен үшін үлкен мақтаныш. Оқушыларыммен бірге жұмыс істеу, оларға қамқорлық таныту, әр жетістігіне куә болу — өте керемет сезім. Өз арамызда мені «әке» деп атайтын балаларым үмітімді ақтап келе жатыр. Біле білген адамға бұдан асқанғанибет жоқ.

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button