Жаңалықтар

Өнегелі өмірімен өзгеге үлгі болғандар

Жақында Ақтөбеде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Дәстүрлі сайысқа биыл 268 отбасы қатысып, 8 әулет жүлделі орындардан көрінді. Осымен жетінші рет ұйымдастырылған сайыста негізгі жүлдегерлерді айтпағанда, биыл «Қара шаңырақ», «Шапағат шуағы», «Бірлік босағасы» номинациясы бойынша үздіктер марапатталды. Бүгінгі әңгіме өнегелі өмірімен өзгеге үлгі болғандар туралы болмақ.

«БІРЛІК БОСАҒАСЫ»

Аталған номинацияға Қарғалы ауданы, Шәмші Қалдаяқов ауылында тұратын Ізбасаровтар отбасы ие болды.

Әулеттің қазыналы қарты — Бақытжан Ізбасаровтың жасы бүгінде тоқсаннан асқан. Айтып отырса, ақсақалдың көрмегені жоқ, үш жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген. 11 жасынан бастап Ұлы Отан соғысы біткенге дейін теміржол саласында еңбек еткен. Соғыс біткеннен кейін оқыту курсында бұрғылаушы оқуын бітіреді. Ал ақсақалдың зайыбы Ольга Андреевнаның да балалық шағы ашаршылық, соғыс кезеңдерінде өтіпті.

Біздер осы үйдің кенже қызы Маринамен телефон арқылы сөйлестік.

— Әкем — қазақ, анам — украин. Әкем Бақытжан мен анам Ольганың отасқанына биыл — 70 жыл. Негізі, үйде сегіз бала едік. Үш бауырым қайтыс болды. Қазір бесеуіміз қалдық. Бәрі де үйлі-баранды. Шүкір, әке-шешемнің жапырағы жайылған, балаларынан 18 немере, 21 шөбере көріп отыр. Ес білгелі байқағаным, біздің отбасы Құрбан айтты да, Рождество мерекесін де атап өтеді. Бала күнімізден Наурыз көже ішіп өстік. Бауырсақ жасап, ет асамыз. Жетімдік пен қиындықты көп көрген ата-анамыз бізге үнемі «бауырларыңа, достарыңа, тіпті ауылдастарыңа қол ұшын беріп, көмектесуден қашпаңдар, халықтың алғысын алсаңдар, жаман болмайсыңдар», — деп отырады. Сосын да мен тәрбиенің ең үлкені — қарапайымдылық пен қайырымдылық деп ойлаймын, — дейді Марина.

Бақытжан ақсақалдың үлкен ұлы Геннадий — құрылысшы. 1989 жылы әскерге шақырылып, Чернобыль атом электр стансасында Отан алдындағы борышын өтепті. Одан кейінгі ұлы Анатолий «Пацаев» шаруа қожалығында механизатор болып еңбек етеді. Ал қыздары — шетінен өнерлі. Қызы Лина — Ақтөбе қаласына ғана емес, елімізге және Ресей жеріне де танымал асаба, шығармашылықпен, қайырымдылықпен айналысады. Хореограф қызы Галина — «Арай» ансамблінің көркемдік жетекшісі.

Ал біз сөйлескен Марина тұрмыста, үш баласы бар. Алайда күйеуі екеуі қартайған ата-анасына қамқор болып, бірге тұрып жатыр. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған Марина тұрмысқа шығып, біржола үй шаруашылығымен айналысады. Бүгінде мал ұстап, құс өсіреді. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, жеке кәсіп ашпақшы.

«ШАПАҒАТ ШУАҒЫ»

Атаулы номинацияға Хромтау ауданы Бөгетсай ауылының Қарлау ауылында тұратын Бекмағамбетовтер әулеті лайық деп танылды.

Ауылдастары бұл отбасының отағасы Жақсылықтың атына заты сай кісі болғанын жарыса айтады. Жақсылыққа жаны құмар кісі ауыл елдің бірлігін сақтау мақсатында жыл сайын 1 мамырда ірі қара сойып, ауылдастарына таратуды әдетке айналдырыпты. Осыдан алты жыл бұрын өмірден өткен Жақсылық Бекмағамбетовтің ісін бүгінде балалары жалғастырып жүр. Үш ұлы да — кәсіпкер. Жұмабайы «Аслан» шаруа қожалығын, Амангелдісі «Нұрым» шаруа қожалығын басқарады. Ал Жангелдісі жеке кәсіппен айналысады. Орталарындағы жалғыз қыз Алмагүл — Қарлаудағы бастауыш мектептің меңгерушісі. Біз осы Алмагүлге хабарластық.

— Әкеміз марқұм механизатор болды, кейін мал шаруашылығымен айналысты. «Жұртқа болсын» деп жүруші еді. Айналасына шуағын шашып жүретін адамдар болады ғой, менің әкем — сондай болды. Ағайын-тумаға, ауылдастарға көмектесуден алдына жан салмайтын. «Әке көрген оқ жонар» дей ме, шүкір, қазір әкемнің ісін бауырларым жалғастырып жүр. Биыл ауылымызға 40 миллион теңгеге мектеп құрылысын бастады. Ортамызда анамыз бар, бір ұлының қолында тұрады. Балаларының ізгілікті ісін көріп, қуанып, тілекші боп отырады, — дейді Алмагүл Бекмағамбетова.

«ҚАРА ШАҢЫРАҚ»

Бұл номинацияның иегері — Қобда ауданы Әлия ауылында тұратын Үдербаевтар отбасы.

Қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған Орман Мерғалиұлының зайыбы Армангүлмен сөйлестік.

— Марқұм атам Мерғали Үдербаев — Ұлы Отан соғысының ардагері. Бірнеше орден-медальдың иегері. Атамыз «Әлия» ұжымшарының құрылуына түрткі болған азаматтардың бірі. 1970 жылдары атамыз біз отырған қара шаңырақты тұрғызды. Сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Күйеуім Орман — осы үйдің кенжесі. Қара шаңырақта отырмыз. Атамыз жүрген жерінен түрлі ағаштың тұқымын әкеліп, өз қолымен ауламызға еккен. Бүгінде сырттан келгендердің бәрінің көзі жайқалып тұрған біздің аулаға түсіп жатады. Сондай-ақ, зейнетке шыққан соң, ауылымыздағы қазіргі «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының, бұрынғы Мәдениет үйінің ауласына да өз қолымен біраз ағаштар екті. Атамыздың еңбексүйгіштігін, ізденімпаздығын ұрпағымызға өнеге етіп келеміз. Біздің отау құрғанымызға да биыл  — 29 жыл,  — дейді Армангүл.

Орман Мерғалиұлы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын  бітіріп, 33 жыл спорт саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Үш бала тәрбиелеп отыр. Балалардың  барлығы жоғарғы  білім алып, шет тілін меңгерген. Ұлы Әкімжан мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орнында заңгер  мамандығына оқып жатыр. Қызы Ақмаржан — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 5-курс студенті, грант иегері.

Екінші қызы Аяулым — Ә.Молдағұлова атындағы орта мектептің биылғы түлегі. Айтпақшы, Ақмаржан үстел теннисінен спорт шеберлігіне үміткер, республикалық жарыстарға қатысып, облысымыздың намысын қорғап жүр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button