Жаңалықтар

Парасаттылық пен адалдық — табысты өмірдің кепілі

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасындағы «Парасат жолы» орталығында «Парасаттылық пен адалдық — табысты өмірдің кепілі» атты онлайн форматтағы дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге аудандық кітапханалар, «Парасат жолы» орталықтарының өкілдері, кітапхананың тұрақты оқырмандары онлайн қосылды.

Шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы Мақсат Абекенов, Ақтөбе гарнизонының әскери полиция бөлімі бастығының орынбасары, анықтау және іздестіру бөлімшесінің бастығы, подполковник Ләззат Ноғаева, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талғат Тілеулесов сөз сөйледі. Олар қоғамдағы адалдық, парасаттылық құндылықтары туралы өз ойларын айтты.

— Халқымыздың дүниетанымы әуелден адалдық ұғымының айналасында қалыптасқаны сөзсіз. «Біреудің ала жібін аттама», «өзгеге қиянат жасама», «біреудің нанын, малын жеме» дегенді естіп өстік. Абай атамыз: «Адал жүріп, адал тұр», «Адал бол — бай тап, Адам бол — мал тап, Қуансаң қуан сол кезде» десе, Шәкәрім атамыз: «Ақ жүрек пен таза ақыл, қылсаң адал еңбек, Бәрінен де сол мақұл артқыға жол бермек» деп айтып кеткен. Заманауи адамға бұдан артық тағылым жоқ деп ойлаймын. Осы нәрселерді көкейге түйіп, өзімізді үнемі қамшылап отыратын болсақ, қоғамның жемқорлық атты жегі құрттан арылуына үлкен үлес қосар едік, — дейді жемқорлыққа қарсы уәкілетті орган маманы Мақсат Абекенов.

Шараға қатысушылар тақырып аясында өз пікірлерімен бөлісіп, мемлекеттегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары жөнінде де ақпарат берді.

Сондай-ақ шара барысында «Жемқорлық — ғасыр дерті» атты тұрақты кітап көрмесі таныстырылды.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button