Жаңалықтар

«Ифтар» дегеніміз дұрыс па?

«Сұрақ-жауап»

«Ифтар» дегеніміз дұрыс па?

Жандос ҚОҢЫРОВ,

Темір ауданының тұрғыны:

— Cоңғы уақытта біраз адамның ауызашарды «ифтар» деп атайтынын, сол сияқты көптеген қазақтың сөзін араб тіліне бұрмалайтындарды байқап жүрмін. Соны кейбіреулер тіпті сән көретіндей… Газет арқылы бұған қатысты теолог маманның пікірін білсем деп едім.

 Облыстық дін істері басқармасы жанынан құрылған «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теолог маманы Шынтас Қазихан бұл сұраққа төмендегідей жауап берді:

— Шариғатта діни жоралғыларды және соған байланысты шыққан салт-дәстүрлерді міндетті түрде арабша атаумен атаңдар деп міндеттемеген. Иә, біздің ауызашарды арабтар «ифтар» деп атайды. Бірақ бұл бәріміздің солай айтуымыз керектігін білдірмейді.

Бабаларымыз «ауызашар», «сәресі» деген «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» сөздерді ғасырлар бойы қолданды емес пе? Тіпті ораза, намаз сынды парыз етілген үлкен құлшылықтардың өзі араб тіліндегі атаулар емес. Бұлар, мысалы, парсы тілінен енген.  Сондықтан тілімізге әбден жатық, төл сөзіміз сынды қабылданып кеткен ұғымдарды бұрмалағанымыз дұрыс емес.

БАЛАНЫ МЕКТЕПКЕ БЕРУ ҮШІН ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР КЕРЕК?

Динара СӘДУАҚАСОВА,

Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Биыл баламды 1-сыныпқа берейін деп едім. 6 жасқа енді толды. Сол үшін қандай құжаттар керек? Сосын «тұрғылықты жері бойынша бала санының көптігіне байланысты мектепке қабылдамай жатыр екен» дегенді көп естимін. Өзім сондай жағдайға тап болсам, не істеу керек?

Облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Бекет Айсұлтан:

— Баланы 1-сыныпқа қабылдау 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында жүргізілді.

Бірақ ата-ананың жағдайына байланысты (денсаулық жағдайы, басқа өңірден қоныс аударуы, т.б.) мектепке дейінгі білім беру ұйымдары 1 тамыздан кейін де қосымша қабылдау жүргізеді. Құжаттар қағаз түрінде қабылданады.

Ал құжаттар тізіміне келсек, ең алдымен, ата-атаның өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, бала денсаулығы жайлы медициналық анықтама мен көлеміндегі 2 фотосы қажет.

Осы орайда облыс бойынша жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 18202 ұл-қыздың қабылданғанын хабарлай кеткім келеді.

АРНАУЛЫ ӘДЕБИЕТТЕР ТУРАЛЫ СҰРАЙЫН ДЕГЕНМІН… 

Гүлфайруз ӘБЕНОВА,

студент:

— Құрметті редакция! Сіздердің газеттеріңіздің «Сұрақ-жауап» айдары арқылы өзім көптен бері білгім келіп жүрген сауалдардың жауабын анықтасам деймін. Айталық, мен біздегі орталық кітапханадан жаңадан шыққан психологиялық бағыттағы кітаптарды алғым келеді. Соның жолы қалай? Бір барғанда қанша кітапқа дейін ала аламын?

Оқырманымыздың аталған сауалдарына С.Бәйiшев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың қызметкері Марал Жалғасқызы былай деп жауап берді:

— Бүгінгі таңда Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың жалпы қорында 317 мыңға жуық кітап бар. Оқырмандардың сұранысына қарай, әсіресе жаңадан келіп түскен психологиялық кітаптар өте көп. Соның ішінде ең көп оқылатын психологиялық кітаптар деп Хэл Элрод, Пол мен Стейси Мартинолардың, Луиза Хей, Дейл Карнеги, Джозеф Мёрфи, Роберт Кийосаки, т.б. авторлардың еңбектерін ерекше атауға болады. Қазақ қаламгерлерінен Қуаныш Шонбайдың кітабы сұранысқа ие. Басқа да енді келіп түскен кітаптарымыз баршылық. Келіңіз, көріңіз.

Жалпы, кітапханада әртүрлі жанрдағы кітаптар бар. Балаларға арналған кітаптар да көп.

Ең алдымен кітапхана фойесінде орналасқан тіркеу бөліміне тіркеліп, оқырман билетін алуыңыз керек. Қажетті құжаттар: жеке куәлік немесе туу туралы куәлік. Қазіргі уақытта электрондық (пластикалық) оқырман билеті де қолданысқа енгізілген.

Әр оқырманның абонементтік қамтамасыз ету бөлімшесінен 4 кітапқа дейін үйге алып кетуіне болады. Кітап 15 күн уақытқа беріледі. Егер уақытты создырғыңыз келсе, кітапханаға хабарласып немесе өзіңіз келіп кете аласыз.

Бұл ретте ғаламтордан кітапхананың электронды ресурсын пайдалануға толық мүмкіндік қарастырылғанын айта кету керек. Оқырмандар кез келген сұрағына жауапты baishev.kz сайтынан ала алады. Ал электронды кітап нұсқаларын kazneb.kz, kitap.kz порталдары арқылы тауып, оқуына әбден болады.

ОҢАЛТУДАН ҚАЙДАН ӨТЕМІН?

Сәкен ОРЫНБАЕВ,

Шалқар ауданының тұрғыны:

— Осы көктемнің соңында коронавирус инфекциясына шалдығып, ауырып қалдым. Қазір жағдайым жақсы, жазылдым деуге болады. Дей тұрғанмен оңалтудан өтсем деген ойым бар. Ол үшін кімге, қайда хабарласу керек?

Бұл сұраққа «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының өкілдері жауап берді:

— Өзіңіздің тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша тіркелген емханаға барып,  дәрігеріңізге жолығуыңыз керек. Аталған медицина маманы сізге оңалту дәрігерінің немесе мультидисциплинарлық топтың кеңесіне жолдама беруі тиіс. Сондағы қызметкерлер  сізді тексеріп, кейіннен тыныс алуды қалпына келтіруге, асқынуларды азайтуға, жалпы, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған курсты таңдайды.

Оңалту шараларына медициналық мекемелерге бармай, үйде емделген адамдар да үміттене алады. Ем азаматтың денсаулығына, аурудың деңгейіне байланысты  стационарлық және амбулаторлық жағдайда жүргізіледі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

АЙТПАҚШЫ…

«Сұрақ-жауап» айдарына сұрақтарыңыз болып, білікті мамандардың жауабын алғыңыз келсе, редакцияның төмендегі телефон нөміріне хабарласыңыз: 8(7132)90-71-64, электрондық пошта: alau_01@mail.ru

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button