Ресми

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы: не өзгереді?

Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы шеңберінде берілген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

Тұжырымдама жобасы алдыңғы жылдары іске асырылған жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Тұжырымдамамен ұсынылатын шаралар ел өңірлерінің экономикалық және әлеуметтік дамуының стратегиялық міндеттеріне сәйкес келеді, сондай-ақ тұрғындар мен тұтастай мемлекеттің мүдделеріне жауап береді.

Жоба шеңберінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге және тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер қалыптастырылды.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделі бес түйінді қағидат негізінде қалыптастырылатын болады.

Бірінші.  Азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуы.

Екінші. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлау.

Үшінші. Ұйымдастырушылық, экономикалық және қаржылық мәселелерді шешудегі жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігі.

Төртінші. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару қызметінің нақты функционалдық шекаралары.

Бесінші. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тұрғындар алдындағы ашықтығы мен есептілігі.

Азаматтарды мемлекеттік басқару және шешімдер қабылдау процестеріне белсенді тарту үшін жергілікті жерлерде әкімдерді тікелей сайлауды енгізу жөніндегі шаралар көзделген.

Ағымдағы жылғы мамырда қабылданған заңдарға сәйкес осы жылғы шілдеден бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлау басталды.

Үміткерлерге қойылатын негізгі талап — жасы 25 жастан төмен емес, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің осы санатының біліктілік талаптарына сәйкес келуі керек.

Кандидаттарды ұсынудың екі негізгі әдісі анықталды — саяси партиялардан және өзін-өзі ұсыну тәртібімен.

Осы бағыт шеңберіндегі келесі қадам 2024 жылдан бастап аудан әкімдерін тікелей сайлау енгізу болып табылады.

Тұжырымдама жобасында алғаш рет жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару институттарын нақты бөлу қажеттігі көзделген. Бұл үшін жергілікті өзін-өзі басқару туралы жаңа заң әзірленеді, онда жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құрылымы, қалыптастыру тәртібі және өкілеттіктері айқындалады.

Одан әрі орталықсыздандыру және жергілікті өзін-өзі басқарудың пәрменді жүйесін құру үшін басқару деңгейлері арасында функциялар мен өкілеттіктерді қайта бөлу және олардың қайталануын болғызбау жөніндегі шаралар көзделген.

Берілетін өкілеттіктер оларды тиімді іске асыру үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз етілетін болады.

Азаматтық белсенділікті ынталандыру мақсатында жергілікті маңызы бар неғұрлым маңызды мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға тұрғындардың тікелей қатысуы көзделеді. Атап айтқанда, бұл — елді мекендердің мәртебесін, атауын және шекарасын өзгерту, жергілікті қоғамдастықтың басым міндеттерін айқындау мәселелері.

Ауылдық өкілді орган — «Кеңес» құрылады. Кеңеске жергілікті қоғамдастықты дамыту жоспары мен бюджетті бекіту және оның орындалуын бақылау, ауылдық деңгейде салық мөлшерлемелерінің мөлшерін реттеу, сондай-ақ ауылдарды абаттандыру мәселелері бойынша өкілеттіктер берілетін болады.

Жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында ауылдық округтер әкімдері аппараттары қайта ұйымдастырылады.

Бүгінгі таңда ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлеріне қойылатын талаптар орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қойылатын талаптарға ұқсас.

Бұдан басқа, әкімді қоса алғанда, 3-5 адамнан тұратын аппараттардың штат санының белгіленген лимиттері тұрғындармен тиісті деңгейде жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермейді.

Осыған байланысты, халықаралық практиканы ескере отырып, пилоттық жоба шеңберінде басқарудың жаңа ұйымдық-құқықтық нысаны — «жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі» енгізілетін болады.

Анықтама: бірқатар елдерде (Австралия, Германия, Франция, Канада және т.б.) бұл форма жұмыс істейді және атқарушы муниципалды орган деп аталады.

Әкімшіліктің кадр құрамын қалыптастыру жеке тәртіп бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл персоналды басқарудың икемді жүйесін енгізуге, сондай-ақ азаматтардың жайлылығын қамтамасыз ету үшін қосымша жұмыс түрлерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Көрсетілетін қызметтер тізбесі, қызметкерлерді жалдау және еңбекақы мөлшерін айқындау мәселелері Кеңес арқылы реттелетін болады.

Анықтама: жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі қызметкерлерінің ең төменгі және ең жоғарғы жалақы шегі заңнамалық түрде айқындалатын болады.

Ауылда оларды ұсынатын кәсіпкерлер болмаған жағдайда ақылы қызмет көрсетуге болады.

Пилоттық жоба оң нәтиже берген жағдайда жаңа ұйымдық-құқықтық нысан бүкіл ел бойынша кеңейтілетін болады.

Жергілікті маңызы бар мәселелерді сапалы шешу мәслихаттар жұмысының тиімділігіне де байланысты. Осыған байланысты олардың рөлі күшейтіледі.

Мәселен, 2022 жылдан бастап облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының тұрақты комиссиялары төрағаларының босатылған екі лауазымы енгізіледі.

Мәслихат хатшысының мәртебесін арттыру мақсатында оған мәслихат сессиясы төрағасының өкілеттігі берілетін болады.

Анықтама: тиісті заңға Мемлекет басшысы 30 маусымда қол қойды, бұдан әрі мәслихаттардың хатшылары «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы және жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заңдардың жобаларын әзірлеу шеңберінде мәслихаттардың төрағалары болып қайта аталатын болады.

Бүгінгі таңда төртінші деңгейдегі бюджеттің ұзақ мерзімді  қаржыландырылмауы байқалады. Меншікті кірістер бюджеттің осы деңгейіндегі шығыстардың тек 13,4%-ын жабады.

Осыған байланысты 2022 жылдан бастап ауыл деңгейіне салықтар мен төлемдердің қосымша төрт түрін беру көзделген: бірыңғай жер салығы; жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, оларды сатудан түсетін түсімдер және оларды жалдау құқығын сатқаны үшін төлем.

2023 жылы тағы да бірқатар салықтар мен төлемдерді беру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын облыс, аудан және ауыл арасында бөлу көзделетін болады.

Бюджеттік бағдарламаларды ірілендіру, есептер санын қысқарту, бизнес-процестерді оңтайландыру және салық салынатын базаны кеңейтуді ынталандыру тетігін енгізу жолымен бюджеттің төртінші деңгейін қалыптастыру және атқару тәртібін едәуір оңайлату жоспарлануда.

Фискалдық орталықсыздандыру бойынша шаралар қабылдау нәтижесінде 2025 жылы ауылдық округтер бюджетінің өзін-өзі қамтамасыз етуінің 35%-ға дейін өсуі күтілуде.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықтың өзекті мәселелерін жедел шешу мақсатында қоғам мен мемлекет арасындағы кері байланысты арттыру шаралары қарастырылған.

Мәселен, азаматтар мен мәслихат депутаттарына жергілікті маңызы бар мәселелер және жалпы өңірді дамыту бойынша петиция жасау құқығын беру ұсынылады.

Өткен жылы пилоттық режимде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және барлық облыс орталықтарында «халықтық қатысу бюджеті» құралы сәтті енгізілді, ол азаматтардың бюджет процесіне кеңейтілген қатысуын көздейді.

2,3 млрд теңге сомасына аулалар мен спорт алаңдарын абаттандыру бойынша 81 жоба іске асырылды.

Пилоттық жобаның оң нәтижелерін ескере отырып, «халықтық қатысу бюджеті» шеңберінде жобаларды қаржыландыру көлемін 10 есе ұлғайту көзделіп отыр.

Сонымен қатар жергілікті бюджеттерді бекіту процесіне бақылауды күшейту мақсатында инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға арналған шығыстар бойынша онлайн-сұрауларды қолдануды қоса алғанда, қоғамдық сараптамаларды енгізу көзделеді.

Бұл шаралар халықтың нақты қажеттіліктерін ескеруге және азаматтардың жергілікті атқарушы билік органдарына сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда еліміздегі жергілікті инфрақұрылым нысандарының көп бөлігі, яғни жолдар, сумен жабдықтау, су бұру және электрмен жабдықтау желілері жергілікті атқарушы органдардың балансына тиісті түрде қойылмаған.

Бұл әкімдіктер аталған нысандарға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын әрдайым жедел жүргізе алмайтындығына әкеліп соғады. Өз кезегінде бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына тікелей әсер етеді.

Осы мәселелерді жергілікті деңгейде шешу үшін Тұжырымдама жобасында жергілікті бюджет шығыстарын ұтымды бөлуді арттыруға және коммуналдық меншік нысандарын тиімді пайдалануға бағытталған шаралар көзделген.

Бірінші. Оңайлатылған тәртіппен тіркелмеген коммуналдық меншік нысандарын (оның ішінде иесіз активтерді) түгендеу және есепке қою.

Екінші. Ауылдық округ әкіміне «Кеңес»-пен бірлесіп жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіне беруге жататын мүлік түрлерін айқындау құқығын беру.

Үшінші. Ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік объектілерді жобалауға арналған шығыстарды азайту үшін үлгілік жобалау-сметалық құжаттама әзірленетін болады.

Азаматтардың мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік игіліктерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру жөніндегі шаралар көзделеді.

Осылайша қалыптасып келе жатқан трендтерді ескере отырып, жекелеген ірі ауылдардың (халқы 10 мың адамнан астам) және шағын қалалардың (халқы 10 мың адамнан кем) мәртебесін қайта қарау мәселесі өзекті болып отыр.

Осыған байланысты аудандық және ауылдық деңгейлерде әкімшілік бөлудің жаңа стандарттары әзірленетін болады.

Қалыптастырылған стандарттардың негізінде экономикалық, әлеуметтік және демографиялық ерекшеліктерді ескере отырып, елді мекендерді біріктіру және ірілендіру, қайта бағындыру және олардың мәртебесін өзгерту жөнінде кешенді жұмыс жүргізілетін болады.

Елді мекендердің шекаралары мен мәртебесіне қатысты барлық өзгерістер міндетті түрде жергілікті қоғамдастықпен келісілетін болады.

 

* * *

Айтылған шараларды сапалы іске асыру 2025 жылға қарай уақыт сын-қатерлеріне жауап беретін және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес біздің азаматтарымыздың мүдделерін толыққанды іске асыруға бағытталған жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Экономика министрлігі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button