Спорт

Бес жыл күткен Олимпиада: есте қалар деректер

Токио Олимпиадасының аяқталғанына бір апта уақыт өтті. Қазір әлемнің бар түкпірінде осы ХХХІІ жазғы Ойындардың қорытындылары шығарылып жатыр.

Мысалы, шетелдік dailycoloradonews.com басылымы Олимпиададағы түрлі рекордтар туралы деректер жариялапты. Оның ішінде Қазақстан да аталады. Қазақ спортшыларының бұл Олимпиадада 8 қола медаль алғаны белгілі. Бұл — ерекше жағдай екен, өйткені бұрын-соңды Олимпиада тарихында бірде-бір алтын не күміс медаль ала алмай, бірақ бірден 8 жүлде иеленген ел болмапты.

Тағы бір сарапшылар Токиода өнер көрсеткен спортшыларының саны 40-200 аралығында бола тұрып, бірде-бір алтын жүлде ала алмаған, яғни жолы болмаған елдердің тізімін жасапты. Қазақстан осы тізімге «үшінші» болып енген. Жалпы, тізімде он шақты ел бар: олардың «ең мықтысы» — Аргентина (186 спортшы барған), ал соңында Әзірбайжан (44 спортшы) тұр.

Еуропа дәстүрлі мәдениетіне орала ма?

«Адамзаттың алдында жүрген» Еуропаның ойшылдары, журналистері соңғы кезде өздерінің дәстүрлі христандық құндылықтарынан айырылып қалғаны жөнінде жиі айтады.

Бұл мәселе еуропалықтарды, расымен де, толғандырады ма? Мысалы, Токио Олимпиадасында немістің гимнастшы қыздары ешқандай жүлде алмай-ақ, тіпті жүлдеге таласатын ақтық сынға, яғни финалға ілікпестен-ақ, бүкіл әлемге танылды. Өйткені жарысқа олар, басқалар секілді, суға түсуге арналған ашық-шашық киіммен емес, аяқ-қолдары жабық киіммен шықты. Мұнысын өздері: «Бізге осылай ыңғайлы» — деп қана түсіндірді. Дегенмен көптеген бұқаралық ақпарат құралдары мұны спорттағы ашық-шашық киінуге қарсылық қадам ретінде атап өтті.

Жүз жыл күткен алтын…

Қазақ елі өзінің жеке, дербес мемлекет ретінде қатысқан ең алғашқы Олимпиадасында, яғни 1996 жылы өткен Атланта Ойындарында үш алтын жүлде алған еді. Сондықтан көпшілігіміз айналада өз тарихында Олимпиадада алтын, тіпті мүлде жүлде алып көрмеген немесе бірнеше Олимпиада қатарынан жүлдесіз келе жатқан елдер бар екеніне мән бермеппіз.

Осы Олимпиадада қола жүлде алған отандасымыз, ауыр атлетші Зүлфия Чиншанлоны марапаттау рәсімін теледидардан көрсетті. Оның салмағында (55 келі) алтын жүлде филиппиндік Хиделин Диасқа бұйырған еді. Филиппиндік қыз марапаттау рәсімінде жылап тұрды. Сөйтсек, ол өзінің алтын жүлдеге ие болғаны анықталған сәттен бастап көз жасын тыя алмаған екен. Өйткені оның алтыны — жай алтын емес, өз елінің тарихындағы ең бірінші Олимпиада алтыны болып шықты.

1911 жылы тәуелсіздігін алған, Олимпиада ойындарына ең алғаш 1924 жылы (Париж) қатысқан Филиппин елінің спортшылары алтын жүлдені… жүз жылға жуық уақыт күтіпті. Ал Токио Олимпиадасының чемпионы Хиделин Диастың есімі мен ол алтын алған күн — 2021 жылдың 26 шілдесі — Филиппин елінің тарихына еніп отыр.

Сондай-ақ, Олимпиада ойындарына 1960 жылдан бері қатысып келе жатқан Сан-Марино елі де Токиода алғаш рет Олимпиада жүлдесіне қол жеткізді.Токиода Сан-Марино спортшылары үші бірдей — бір күміс, екі қола — жүлде алды. Мұның өзі ерекше табыс ретінде атап өтілді. Өйткені бұл — нәбәрі 35 мың ғана тұрғыны бар кішкентай ел. 35 мың ғана халқы бар елден бір Олимпиадада 3 жүлдегер шығуы, расында, мақтауға тұрарлық.

Бізге көршілес Түрікменстан елі де тәуелсіздік алған соң 30 жылдан кейін, Токиода өз тарихындағы ең алғашқы Олимпиада жүлдесіне қол жеткізді. Атап айтқанда, ауыр атлетикадан Полина Гурьева күміс медаль алды.

Бір спортшы — жеті медаль

21 жастағы Австралия жүзушісі Эмма Маккеон Токио Олимпиадасында жеті медаль иеленді.

Австралиялық 27 жастағы жүзгіш 4 алтын және 3 қола медаль жеңіп алып, Токио Олимпиадасында әйелдер арасындағы ең жолы болғыш спортшы атанды. Жалпы, әйел спортшының бір Олимпиада ойындарында бірден жеті медальға ие болуы спорт тарихында бірінші рет тіркеліпті.

Эмма бұған дейін 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында да 4 жүлде алған. Оның біреуі — алтын, екеуі — күміс және біреуі — қола медаль. Сонда автралиялық жүзгіш екі Олимпиадаға қатысып, 5 мәрте Олимпиада чемпионы атанып, ұзын саны 11 жүлде алып отыр.

Австралия құрамасы бұл Олимпиадада барлығы — 46, оның ішінде 17 алтын медальмен командалық жалпы есепте 6-орынды иеленді. Егер бұл ел Токиода жалғыз Эмма Маккеонның жүлделерімен шектелген күннің өзінде де 4 алтын, 3 қола жүлдемен 22-орында (!) тұрған болар еді. Ал біздің бүкіл құраманың әзірге ең сәтті өнер көрсеткен Олимпиадалардағы (Сидней-2000, Рио-де-Жанейро-2016) жетістігі де осы — 22-орын.

Бір жарыста — екі чемпион

1 тамыз күні жеңіл атлетикадан биіктікке секіруден өткен жарыста екі бірдей спортшы чемпион атанды.

Бұл жарыста катарлық Мутаз Эсса Баршим мен италиялық Жанмарко Тамбери басқалардан ең озық шыққан. Бірақ екеуінің де соңғы нәтижесі бірдей — 2,37 метр. Екеуі де 2,39 метрге тапсырыс беріп, секіре алмаған. Осындай жағдайда төрешілер екеуін тағы бір қосымша жарысқа шығаруға шешім қабылдаған. Сол шешім хабарланған кезде, катарлық спортшы: «Алтынды бөлісуге бола ма?» — деп сұрады. Төреші: «Егер екеуіңіз де келіссеңіздер, болады» — деп жауап бергенде, екі спортшы да қатты қуаныпты. Сөйтіп, бір жарыста бірден екі елдің қоржынына алтын түсті. Ал күміс медаль ешкімге берілмеді. Қола жүлдені белорус спортшысы Максим Недосеков алды.

Вэл Баркер берілмеді

Олимпиадада бокстан ең шебер өнер көрсеткен, яғни техникасы ең мықты спортшыға Вэл Баркер кубогын беру 1936 жылдан бері дәстүрге айналған. 30 жылдың ішінде үш қазақ боксшысы Вэл Баркер кубогын алды: 1996 жылы — Василий Жиров; 2004 жылы — Бақтияр Артаев және 2012 жылы — Серік Сәпиев.

Биыл Токио Олимпиадасында Вэл Баркер кубогы ешкімге табысталмады. Өйткені ол — халықаралық бокс федерациясы (АИБА) тағайындаған сыйлық. Ал 2019 жылы АИБА Халықаралық Олимпиада Комитетінің сеніміндегі ұйым ретіндегі мәртебесінен айырылды. Дегенмен бокс Олимпиада бағдарламасында қалдырылып, Токиода бокстан жарысты ХОК-тың арнайы жұмысшы тобы ұйымдастырған болатын. Ал бұл ұйымның баспасөз қызметі: «ХОК-тың бокстан жарысты ұйымдастыру жөніндегі арнайы комиссиясы Токио Олимпиадасының қорытындысы бойынша Вэл Баркер кубогын немесе басқа да сыйлықтар табыстаумен айналыспайды», — деп мәлімдеді.

Аталған сыйлық өткен Олимпиадада Өзбекстан тарихында бірінші рет өзбек боксшысына бұйырған еді. Оны ең жеңіл салмақтағы Хасанбай Дусматов алған болатын.

Айта кетелік, Қазақстан — бокс тарихында Вэл Баркер кубогын ең көп иеленген елдердің бірі. Бұл кубокты АҚШ — 5, Қазақстан, жоғарыда көрсеткеніміздей, 3 рет және Куба мен Италия екі-екі реттен жеңіп алған.

Әзірлеген Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button