Спорт

Шаршамайтын Шацкий

Футбол

Бұл апта футбол жанкүйерлерін тағы да жасыл алаңдарға телміртті. Еуропаның алдыңғы қатарлы командалары кезекті кездесулерін өткізді.

Бір қуаныштысы, бұл ойындарға қазақстандық төрт команда қатысты.

Ал өкініштісі, келесі кезеңге төрт команда түгел өте алмады.

Конференция Лигасының үшінші іріктеу кезеңінде, 10 тамызда қарағандылық «Шахтер» Нұр-Сұлтан қаласында Украинаның «Колос» командасын қабылдады.

Бұл екі команданың арасындағы бірінші кездесуде есеп ашылмаған болатын (0:0). Сол себепті жарысты бұдан әрі қай клуб жалғастыратыны жөніндегі пікірлер де алуан түрлі болды.

Ойын, расын айту керек, аса тартымды бола қойған жоқ. Тіпті бірінші таймда қарағандылықтар қонақтар қақпасына оқыс қауіптер төндіріп те жарытпады. Ал украиналықтар қаншама тырысқандарымен кеншілерді қапы қалдыра алмады.

Кездесудің екінші бөлігі де, оған жалғасқан овер-тайм да еш нәтиже бермеді.

Міне, осыдан соң пенальтилер сериясы кезек алды.

Бұл ретте қарағандылық қақпашы және команда капитаны Игорь Щацкий жарқырап көзге түсті. Ол украиндық футболшылар 11 метрлік нүктеден соққан төрт доптың үшеуін қақпаға дарытпады.

Осылайша «Шахтер» Конференция Лигасының плей-офф кезеңіне өтті.

(Еске сала кетсек, осы іріктеу ойындарының екінші кезеңінде де «Шахтер» Румынияның ФКСБ («Стяуа») командасын қарымта кездесуде пенальтилер сериясы бойынша жеңген еді — 5:3).

«Шахтер» (Қарағанды, Қазақстан)-«Колос» (Ковалевка, Украина) — 0:0 (қосымша уақыт — 0:0), (пенальтилер сериясы бойынша — 3:1).

«Шахтердің» келесі қарсыласы — «Маккаби» (Тель-Авив, Израиль). Бірінші кездесу өз алаңымызда өтеді.

РАНГЕЛДІҢ ШАПАЛАҒЫ

Бейсенбі күнгі, 12 тамыздағы кездесулер легін өз алаңымызда «Астана» бастады.

Расы керек, жанкүйерлер де, тіпті белгілі футбол мамандары да елордалықтардың жеңіске жететіндігіне кәдімгідей сенімді болды. Олай болатын себебі, жерлестеріміз бірінші кездесуде сырт алаңда 1:1 есебімен ойнап, финдерді ойға қалдырып келген еді.

Бірақ, зор өкінішке қарай, нәтиже тіпті де біз күткендегідей болмай шықты.

Бірінші таймды 2:0 есебімен аяқтап, жанкүйерлерінің иегін қышытып қойған «Астана» екінші таймда әкесін тыңдағысы келмеген баладай оқсап таяқ жеді. Жасыл алаңға сол екінші таймда шыққан фин футболшысы Рангелдің, әй-шәй жоқ, жүдемелете үш гол соғуын осылай бейнелемеске амал да жоқ.

Рас, екінші таймда елордалықтар және бір гол соғып үлгерді. Дегенмен бұл голдың ешкімге де ешқандай пайдасы болған жоқ. Қазақстандық спорт порталдарының бірі бұл кездесу туралы материалға «Астана» өз үйінде абыройсыздыққа душар болды және Конференция Лигасын масқара боп тастап шықты» деген атау беріпті. Бұған да дау айту қиын.

Сөйтіп, «жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілемде» ойнақтаған жерлестеріміз Конференция Лигасының плей-офф кезеңіне қар мен мұз жамылған елден келген футболшыларды шығарып салды.

«Астана» (Нұр-Сұлтан, Қазақстан)-КуПС (Куопио, Финляндия) — 3:4 (жалпы есеп — 4:5).

Гол авторлары: Тигран Барсегян, 4-минут (1:0); Абат Айымбетов, 41-минут (2:0); Рангел, 53-минут (2:1); Тигран Барсегян, 58-минут (3:1); Рангел, 61-минут (3:2); Рангел, 74-минут (3:3); Янис Икауниекс, 77-минут (3:4).

 «ҚАЙРАТ» ТАҒЫ ДА ТӨМЕНГЕ ТҮСТІ

 Бұл күні алаңға екінші болып шыққан командамыз – «Қайрат». Еуропа Лигасының үшінші іріктеу кезеңінде ойнап жатқан бұл команда ұсынатын нәтижеге жанкүйерлер ептеп күдікпен қараған болатын.

Себебі өз алаңымызда өткен бірінші кездесуде алматылықтар Арменияның «Алашкерт» командасымен бар-жоғы тең ойнаған еді (1:1). Ал сырт алаңда жеңіске жету оңай еместігі белгілі ғой.

Солай болды да.

Бірінші таймда әуелі алаң иелері, сосын қонақтар, екінші таймда тағы да алаң иелері, сосын қонақтар гол соққан ойын овер-таймға жалғасты.

Сөйтіп жүргенде 103-минутта алаң иелері соққан гол «Алашкерт» командасын Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне алып шықты. Ал «Қайрат»…

«Қайрат» не істесін, тағы да бір сатыға төмендеді. Олай дейтініміз, алматылық команда әуелі Чемпиондар Лигасында ойнап, одан ұтылыс тапқан соң, Еуропа Лигасына түскен еді. Еуропа Лигасындағы мына жеңілістен соң «Қайрат» енді Конференция Лигасының плей-офф кезеңінде ойнауға мүмкіндік алды.

Айтпақшы, ойын барысында «Қайраттың» екі футболшысына «қызыл қағаз» көрсетіліп, алаңнан қуылды: Денис Поляков (62-минут); Айбол Әбікен (91-минут). Жерлестеріміздің жеңілуіне бұл да әсер еткендігіне дау жоқ. Өкінішті. Дегенмен сырт алаң еш еркелікті көтермейтіндігін де ұмытпау керек қой.

«Алашкерт (Ереван, Армения)-«Қайрат» (Алматы, Қазақстан) — 3:2 (жалпы есеп 4:3).

Гол авторлары: Жозе Эмболо, 43-минут (1:0); Айбол Әбікен, 45+1 минут (1:1); Жозе Эмболо, 50-минут (2:1); Артур Шушеначев, 61-минут (2:2); Александр Глишич, 103-минут (3:2).

«Қайраттың келесі қарсыласы – «Фола» (Люксембург). Бірінші кездесу сырт алаңда өтеді.

 «ТОБЫЛ» ДА ТОҚТАДЫ

 Қостанайлықтардың Конференция Лигасының бұл үшінші кезеңінен әрі қарай жылжитындығына сенгендер аздау болған еді.

Өйткені жерлестеріміз Словакияның «Жилина» командасынан өз алаңымызда 0:1 есебімен жеңіліп қалған болатын.

Сол жеңіліс Словакияда одан әрі жалғасты. Жалғасқанда да, жай емес, тіпті үдемелі қарқын алып кетті.

Алаң иелері бірінші таймда екі гол соқса, екінші таймда бұған және үш гол үстемеледі. Ал «Тобыл» қанша тырмысқанымен, ең болмаса, бір қарымта гол да соға алмады.

Сөйтіп, «Тобыл» да үшінші кезеңге келіп тоқтады.

«Жилина» (Жилина, Словакия)-«Тобыл» (Қостанай, Қазақстан) —  5:0 (жалпы есеп — 6:0).

Гол авторлары: Давид Дюриш, 14-минут (1:0); Матуш Руснак, 41-минут (2:0); ВаанБичахчян, 64-минут (3:0);Тибор Слебодник, 70-минут (4:0); Ваан Бичахчян, 90+1 минут (5:0).

*   *   *

Осылайша Еуропа ойындарына одан әрі қатысатын командаларымыз екеу ғана болып қалды. Бұл командалардың бірінші кездесулерін 19 тамыз күні, ал қарымта ойындарды 26 тамыз күні тамашалаймыз.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button