Спорт

Әнұран шырқалмаған Олимпиада

Дмитрий Романов деген еврей ұлтынан шыққан ресейлік артист өзінің жақында берген бір сұхбатында: «Қазақтардың бір жақсы қасиеті — бір қазақ үлкен жетістікке жетсе, бәрінің жабылып қуанатыны», — деген пікір айтыпты. Мұны ешкім теріске шығара алмас. Әсіресе үлкен спорттық жарыстарда, Олимпиадаларда өз отандастарымызға, қандастарымызға ерекше тілеулестік білдіріп, олардың алған медалі құдды бір өз мойнымызға тағылатындай-ақ қуанатынымыз бар. Ал жуырда Токиода өткен ХХХІІ жазғы Олимпиада бізге мұндай қуанышты сәттерді көп сыйлаған жоқ…

Рас, бұл Олимпиададан спортшыларымыз құр қол қайтпады, 8 медаль алды. Бірақ сегізі де  қола. Бұл жүлделердің бастапқылары ғана болмаса, кейінгілерінің қуанышынан гөрі, «әттең, алтын не күміс болғанда ғой!..» деген өкініші басымдау болды. Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та 8 қола медаль мен командалық жалпы есептегі 83-орынның Қазақстанның спорттық әлеуетіне сай еместігін, яғни Токиода қазақ спортшыларының лайықты деңгейде өнер көрсете алмағанын айтты.

Тіпті медаль алған спортшыларымыздың кейбірі марапаттау рәсімінде жылап тұрды. Каратэші Дархан Асаділов қола медаль алғаны үшін халықтан кешірім сұрады. «Елге алтын керек еді…» — деп, орны толмас өкінішін жеткізді.

Бокстың өткен дәуірінен «келген» команда

Боксшы Қамшыбек Қоңқабаев та Токиодан оралғаннан кейін тілшілерге берген сұхбатында: «…қиын-қыстау сәтте бізге қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғыс айтқым келеді», — деді. Қамшыбектің өзі Токиодан қола жүлдемен оралғаны белгілі. Ол аса ауыр салмақ дәрежесінде (+91 келі) өнер көрсетеді. Одан бұрын ұлттық құрамада бұл салмақ категориясының тізгінін Иван Дычко ұстады. Дычко бір емес, тіпті екі Олимпиададан (Лондон және Рио-де-Жанейродан) қола жүлде алып келді. Бірақ бұл жолғы қоланың ол қолалардан басқарақ сезілгені қалай? Дычко қола алса да, әрдайым жүзі жарқын келетін, ал Қамшыбектің сөзін есіттік: «қиын-қыстау сәтте»…

Әрине, бұл жерде сөз Қамшыбектің өз басы емес, ұлттық құраманың нәтижесі туралы екені түсінікті. Бокстан біздің ұлттық құрамамыз тәуелсіздік жылдарында ең бірінші рет Олимпиададан чемпионсыз оралды. Қазақстан жазғы Ойындарға ең алғаш рет қатысқан 1996 жылғы Атланта Олимпиадасындағы Василий Жировтың алтынынан бастап, бергі Олимпиадалардың бәрінде де бізге нақ осы бокстан алтын бұйырған еді. 2000 жылғы Сиднейде екі бірдей қазақ боксшысы ең биік тұғырға көтеріліп, бүкіл әлемнің алдында еліміздің әнұранын әуелетті. Олар — Ермахан Ибрайымов пен марқұм Бекзат Саттарханов. Ал 2004 жылғы Афины Олимпиадасынан бастап қазақ боксшылары 69 келілік салмақ дәрежесін біржола «меншіктеп» алды. Афиныда — Бақтияр Артаев, 2008 жылы Пекинде — Бақтияр Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда —  Серік Сәпиев, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Данияр Елеусінов осы салмақта алтын алды. Иә, алтын алғанның бәрі оған лайық бола бермейтіні де бар. Рио-де-Жанейрода 91 келі салмақ дәрежесіндегі ресейлік Евгений Тищенконың алтыны әлемнің әр түкпіріндегі бокс жанкүйерлерінің ызасын туғызды. Ал жоғарыда есімдері аталған жеті қазақ боксшысының барлығы да Олимпиада чемпионы атанып қана қоймай, сол атаққа лайық өнер көрсетті, қазақ боксының даңқын асқақтатты. Токиоға барған боксшыларымыз, міне, сол даңқты, жеңісті жолды жалғастыра алмады. Тіпті осыдан 2 жыл бұрын ғана Ресейде өткен әлем чемпионатында бізді жарқын жеңістерімен қуантып, Кубаның атақты боксшысы, 4 мәрте әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының чемпионы Хулио ла Крус пен АИБА-ға арқа сүйеген өзбек құрамасының мүшесі Дилшодбек Рузметовтен алтын медальді жұлып алған Бекзат Нұрдәулетов Токио Олимпиадасында рингке мүлде басқа адам болып шықты. Сөйтіп, өзінің бірінші қарсыласы, ресейлік Имам Хатаевтан 4:1 есебімен жеңілді. Сол секілді Василий Левит (91 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі) секілді ерекше сенім артқан боксшыларымыз да Токиода бірде-бір жеңіске жете алмады. Василий Левитті әлемдегі барша бокс жанкүйерлері Рио Олимпиадасында әділетсіздіктің құрбаны болды деп біледі. Жанкүйерлер Токиоға оны сол әділетсіздікті түзету үшін аттанды деп үміттенген. Әйтпесе оның салмақ дәрежесінде елімізде басқа да жақсы боксшылар бар. (Мысалы, өткен жылы бұл салмақта Айбек Оралбай Қазақстан чемпионы болды). Дегенмен Токиода Василий бұдан бес жыл бұрынғы деңгейімен салыстырғанда, әлдеқайда төмен өнер көрсетті. Ал кезінде жастар арасындағы жарыстарда жасындай жарқыраған Абылайхан осымен екі Олимпиададан құр қол қайтып отыр. Өкінішті-ақ…

Олардан басқа тағы үш боксшымыз — Әбілхан Аманқұл (75 келі), Зәкір Сафиуллин (63 келі) және Серік Теміржанов (57 келі) жартылай финалға да өте алмады. Ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда АҚШ боксшысы Ричард Торрестен жеңілді. Ал Токиода бокстан ең соңғы үмітіміз болған Сәкен Бибосынов (52 келі) жартылай финалда ағылшын боксшысы Галал Яфайдан 3:2 есебімен жеңілді. Көптеген бокс мамандары, соның ішінде ресейлік, украиналық сарапшылар да бұл жекпе-жектегі төрешілер шешімімен келіскен жоқ. Амал қанша? Токиода бокстан төрешілер шешіміне наразылық білдіру қарастырылмаған.

Қазақ жанкүйерлері үшін бокс тек спорттың бір түрі ғана емес, ол — ұлттық намыстың бір бөлшегі. Сонау 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасындағы Серік Қонақбаевтың күміс медалінен бастап, қазақ баласының бұл спортқа деген ықыласы ерекше. Тәуелсіздік жылдарында қазақтың өз қанынан тек алты спортшы ғана Олимпиада чемпионы атанған болса, олардың бәрі де боксшылар.

Қазақ боксшыларының классикалық боксқа адалдығын, бұрынғы кеңестік мектепті сақтап қала алғанын, әсіресе ресейлік бапкерлер мен сарапшылар жиі айтады және осы жағынан жиі мақтайды. Дегенмен Токиодан кейін мұның дұрыстығына деген күмән күшейді. Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов боксшыларымыздың Токиода соншалық сүреңсіз өнер көрсетуіне байланысты: «Басқа елдер алға қарай ұмтылып жатса, Қазақстан Кеңес одағының деңгейінде қалып қойған», — деп пікір айтты. Кәсіпқой бокста жүрген Аида Сатылдинова да қазақ боксының бұл сәтсіздігін «мектепті ауыстырғысы келмейтіндігінен» деп түсіндірді. «Уақыт өтіп жатыр, спортта алға жылжу бар, ал біздің еліміз сол баяғы бір орыннан қозғалғысы келмейді. Біздің бапкерлеріміз ренжісе де айтайын, олар жаңалыққа ұмтылмайды», — деді Аида. (Оның пікірі sports.kz сайтынан алынып, беріліп отыр.) Айтпақшы,  ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Мырзағали Айтжанов та бір сұхбатында қазақтардың классикалық, әдемі боксты сақтап қалуға тырысатынын жеткізген…

Екінші себеп ретінде, басқа елдердегі боксшылардың Олимпиадаға, жалпы, үлкен жарыстарға дайындалғанда, ең алдымен, қазақ боксшыларына қарсы дайындалатыны айтылды. Өйткені қазақ боксшысына ең қауіпті қарсылас ретінде қарап үйренген. «Ендеше оларды қалай жеңуге болады?» деген сауал әр бапкерді толғандырады. Мысалы, Токиода Қамшыбекті жеңген америкалық Ричард Торрес өзінің бапкерімен (әкесі) бірге қазақ боксшысын жеңуге дайындалғанын, соның жолдарын қарастырып, тактикалық тұрғыдан жоспар құрғанын айтты…

Әрине, бұл жолғы сәтсіздіктен бапкерлеріміз сабақ алады деп сенеміз. Мысалы, Риода сүреңсіз шыққан, бір алтынның өзін зал толы жанкүйерлердің қарсылығына ұшырап, әділетсіз жолмен алған Ресей бокс құрамасының осы Олимпиадаға тас-түйін дайындықпен келгені байқалды. Сондықтан да бұл жолы өздері әрдайым арқа сүйейтін АИБА-ның жарыстан шеттетілуіне қарамастан, 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.

Сметовке сүйенген құрама

Негізі, Токио Олимпиадасының басы, яғни алғашқы жарыс күні біз үшін сәтті басталған еді. Дзюдошы Елдос Сметовтің (60 келі) арқасында ең алғашқы күні медаль алған аз ғана елдің қатарына іліктік. Басқа қарсыластарын жақсы жеңген Елдос жартылай финалда алаң иесі Неохисо Такатодан жеңілді. Алайда қола үшін болған жарыста Нидерланды елінің өкілі Торнике Тсакодеаны жеңді.

Бір өкініштісі, дзюдошыларымыздың Токиодағы бар жетістігі — Елдостың осы қоласы ғана болды. Дзюдодан Қазақстанның ерлер құрамасы соңғы үш Олимпиадада екі ғана медаль алды, оның екеуі де Сметовтің үлесінде. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Елдос күміс медаль алған болатын.

Ал өзге дзюдошыларымыз Олимпиадаға басқалар әлдеқашан ұмытқан «ең бастысы — жеңу емес, қатысу» деген «қағидамен» баратын секілді…

Екі қатысушы — екі жүлде

Өкінішке қарай, допинг дауына байланысты көптеген елдер Токиода ауыр атлетикадан өтетін жарыстардан шеттетілді. Қазақстанға тек екі ғана (бір ер, бір әйел) спортшымен қатысуға рұқсат берілді. Бапкерлер тарапынан Игорь Сон (61 келі) мен Зүлфия Чиншанлоға (55 келі) таңдау жасалды. Олимпиадада ауыр атлетикадан бәсекелестік әрдайым жоғары болады, бұл жолы да солай болды. Соған қарамастан, Игорь мен Зүлфия 5 мәрте әлем чемпионы, Сеул Олимпиадасының чемпионы Анатолий Храпатый шыққан, 4 мәрте әлем чемпионы Илья Ильин шыққан Қазақстан ауыр атлетика мектебінің намысын, түптеп келгенде, ел намысын абыроймен қорғады. Екеуі де өздеріне артылған үмітті ақтап, қола жүлдемен оралды.

Палуандарда  жалғыз медаль

Күрес түрлерінен, яғни грек-рим күресі мен еркін күрестен Қазақстанның ерлер құрамасы соңғы екі Олимпиаданы қосқанда жалғыз-ақ жүлде алыпты. 2016 жылы Риодан олар бірде-бір медальсіз оралса, ал Токиода еркін күрестен Нұрислам Санаевтың (57 келі) қола медалін қанағат тұтты.

Нұрислам — тыва халқының перзенті. Ол 2014 жылдан бастап жарыстарға Қазақстанның атынан шығып жүр. Нұрислам — тыва халқынан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері. Осыған орай Тыва Республикасының (РФ) белгілі саясаткері Шолбан Кара-оол әлеуметтік желіде: «Туыстас Қазақстанға рақмет! Біз шексіз мақтанамыз!», — деп жазды.

Токиода өнер көрсеткен қазақ палуандарының арасында әділетсіздік құрбаны болған спортшының бар екенін де айту керек. Ол — еркін күрес құрамасының мүшесі Әлішер Ерғали (97 келі). Әлішер алғашқы айналымда қарсыласының шықпауына байланысты жеңімпаз деп танылып, ал келесі белдесуінде түрік палуанынан ұпай есебімен жеңілген еді. Дегенмен бұл белдесудің қорытындысына байланысты қазақстандық тарап төрешілер үстінен шағым түсірді. Нәтижесінде кілемде болған төреші жарыстардан шеттетілді, ал өзгелеріне ескерту берілді. Осылайша, әділетсіздік орын алғаны дәлелденгенімен, өкінішке қарай, белдесу қорытындысы өзгертілмеді…

Жасталап Санауовтың рухына арнады

Қазақстандық каратэшілер Токиода екі жүлде алды: ерлер арасынан — Дархан Асаділов (67 келі), ал қыздар арасынан Софья Берульцова (75 келі) жартылай финалға дейін жетті. Жалпы, Олимпиада бағдарламасына тек осы жолы ғана енгізілген каратэден 5 қазақстандық спортшы өнер көрсетті. Үшеуінің жолы болмады. Олардың арасында біздің жерлесіміз Нұрқанат Әжіқанов та бар.

Софья Берульцова өзінің жүлдесін ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері, марқұм Жасталап Санауовтың рухына арнайтынын мәлімдеді. Каратэден Олимпиада чемпионын шығаруды көздеп, сол жолда мақсатты түрде тер төккен бапкер өткен жылдың соңғы минуттарында көз жұмған екен.

Өкініштісі, каратэшілердің Олимпиададағы жолы осы Токиомен шектелуі де мүмкін. Өйткені ол 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиаданың бағдарламасына енгізілмеген, ал одан арғысы әлі беймәлім…

Токио Олимпиадасы Әнұран шырқалмаған Олимпиада ретінде есімізде қалмақ. Біздің елден барған 97 спортшының бірде-бірі алтынға лайық өнер көрсете алмады. Бұл сәтсіз Олимпиаданың ащы сабағы жақын болашақта спорт саласына тың өзгерістер, жұрт күткен жақсы жаңалықтар әкелуге, жаңа даңқты спортшылардың жарқырап көрінуіне жол ашса дейміз.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button