Спорт

Қоржында — жеті қола

Токиода өтіп жатқан Олимпиадада бейсенбі күні қазақстандықтар тағы үш жүлдеге қол жеткізді.

Сөйтіп, ел қоржынындағы жүлделер саны әзірге 7-ге жетті. Жетеуі де — қола.

Әзірге соңғы жүлделерге келсек, олардың бірі — еркін күрес палуаны Нұрислам Санаевтың қола медалі.

Екіншісін боксшы Сәкен Бибосынов (57 кг) иеленді. Сәкен — қазақтың бокстан финалға шыға ма деп күткен соңғы үміті болатын. Алайда жартылай финалда ол британдық Галал Яфайдан 3:2 есебімен жеңілді. Көптеген бокс сарапшылары, соның ішінде ресейлік, украиналық мамандар да бар, Сәкеннің бұл жекпе-жекте өз қарсыласынан басым өнер көрсеткенін, оның жеңілісі әділетсіздік болғанын айтып жатыр. Дегенмен бұл Олимпиадада бокстан жекпе-жек нәтижелеріне қатысты шағым түсіру қаралмаған. Сондықтан қоланы қанағат тұтуға тура келді. Қазақстандық боксшылар ел тәуелсіздігі тарихында тұңғыш рет Олимипиадада бокстан алтын жүлдесіз қалып отыр.

Бұған дейін еліміздің жеті боксшысы Олимпиада чемпионы атанған еді. Олар — Василий Жиров (1996 жыл), Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрайымов (2000 жыл), Бақтияр Артаев (2004 жыл), Бақыт Сәрсекбаев (2008 жыл), Серік Сәпиев (2012 жыл) және Данияр Елеусінов (2016 жыл). Олардың даңқты жолы енді алдағы Олимпиадаларда жалғасады деп сенеміз.

Үшінші қола жүлде Токиода Олимпиада бағдарламасына тұңғыш рет енгізілген спорт  түрі — каратэден бұйырды. 67 кг салмақ дәрежесінде А тобында өнер көрсеткен Дархан Асәділов өз тобындағы 4 қарсыласын да жеңіп, жартылай финалға шыққан еді. Жартылай финалда ол, өкінішке қарай, франциялық Стивен да Костадан жеңілді. Сөйтіп, әлемдік рейтингте өз салмағы бойынша бірінші орында тұрған Дарханның да қоланы қанағат тұтуына тура келді.

Токиоға аттанған ұлттық құраманың сапында алты ақтөбелік болған еді. Бейсенбі күні олардың екеуі — еркін күрес палуаны Юсуп Батырмырзаев (ең жоғары салмақ) пен ашық суға жүзуден Виталий Худяков, ал жұмада каратэші Нұрқанат Әжіқанов жарысқа шықты. Өкінішке қарай, үшеуіне де жүлде бұйырмады. Юсуп өзінің алғашқы қарсыласынан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалса, Виталий мәреге 21-ші болып келді. Нұрқанат өз тобында италиялық Луиджи Бусаны, австралиялық Цунэари Яхироны жеңгенімен, неміс спортшысы Ноа Битшу мен әзірбайжандық Рафаэль Агаевтан жеңіліп қалды. Сөйтіп, жартылай финалға жете алмады.

 А. САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button