Жаңалықтар

Әлеуметтік жоба аясында тегін кеңес берілді

Кеше «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында әлеуметтік жобалар аясында  аз қамтылған отбасылар, көпбалалы және жалғызбасты аналар, мүгедектігі бар жандарға және ерекше бала тәрбиелейтін отбасыларға тегін ақыл-кеңес берілді, тренинг-семинар ұйымдастырылды.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі кеңесінің хатшысы Дана Тынымқұлованың айтуынша, тұрғындарға тегін қызмет көрсетуге бағытталған 9 әлеуметтік жоба бар. Соның алты бағыты бойынша қабылдаулар, тренингтер өткізілді.

Жобалардың бірі — «Қоғам life». Бұл жерде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау-бизнес» жобасы бойынша тәлімгері Айгүл Сексенова кәсіп ашуға ниеттеніп, талаптанғандарға кәсіпкерліктің әліппесін түсіндіріп, бизнес-жоспар құруға көмектесіп, бағыт, кеңес беріп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ бұл жоба аясында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары мүгедектігі бар жандармен адрестік жұмыс жасау, әлеуметтік қорғау және төлем туралы да кеңестер береді.

«Жан дауа» жобасында тұрғындар жоғары дәрежелі  кәсіби дәрігерлерден кеңес ала алады. Кеше түске дейін орталықта облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас эндокринологі Г.Каликова келушілерді қабылдады.

Ал «Мейірім» жобасының ұйымдастырушылары «Бақытты отбасы» психологиялық тренингін өткізіп, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында психологиялық және құқықтық кеңес берді.

«Бақытты отбасы» жобасында кәсіби медиаторлар мен психологтар  отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы бірлігін сақтау және ажырасулардың алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізеді. Ұлттық  қолөнер мен ұлттық тәрбиені насихаттайтын «Шашбаулым», «Аналар аманаты» жобаларының қатысушылары бұл күні бисерден бұйымдар жасауды үйреніп, шеберліктерін шыңдады.

Сондай-ақ «Сән-салтанат» жобасы аясында «Қыз балаға қырық үйден тыйым» атты дөңгелек үстел өтті.

Дана Тынымқұлованың айтуынша, жобалар жұмысы бір күнмен шектелмейді, әрі қарай жалғасатын болады. Әр жоба бойынша мамандар осы «Анаға тағзым» орталығында түске дейін сағат оннан он екіге дейін, түстен кейін сағат үштен беске дейін кеңес береді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button