Жаңалықтар

Екпе алу жұмыстары қарқынды жүруде

— Бүгінде вакциналау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Өзім де ақпан айында алғашқылардың бірі болып екпе алдым. Ешқандай кері әсері байқалмады. Жалпы, емханада 481 медицина маманы жұмыс істейді. Олардың 80 пайызы екпе алды. Қалғаны денсаулықтарына байланысты қарсы көрсетілім болғандықтан, екпе салдыра алмады.

Емханаға күніне 200-300 адам келіп, екпе салдыруда. Бүгінге дейін бірінші компонентін 12 мың, екінші компонентін 6 мыңға жуық адам алды.

Әрине, бастапқыда қорқыныш пен күдік болды. Қазір халық вакцинаның тиімділігін ұғынды. Екпені алғаннан кейін де «енді маған вирус жұқпайды» деп алаңсыз, медициналық маска тақпай жүруге болмайды. Егілген адамдарға түсіндіріп айтамыз. Оларға арнайы жадынамалар таратылады. Оның ішінде барлық сақтық шаралары жазылған. Бірінші дозаны алғаннан кейін мұқият сақтанып жүру керек. Қоғамдық орындарға бармаған дұрыс. Салқын тигізіп алмау керек. Екінші дозадан кейін ғана адамның вирусқа қарсы иммунитеті күшейеді.

Ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында, бір мекемеден 30-40 адам екпе алатын болса, арнайы барып вакциналау жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ қаладағы сауда орталықтарында орналасқан кешенді жылжымалы автобустардан да екпе алуға мүмкіндік бар.

Жалпы, біздің емханаға тіркелген тұрғындар саны — 68 мың. Жоспар бойынша 32 мың адам екпе алуға тиіс.

Ләйлә НҰРЖАНОВА,

№2 қалалық емхананың дәрігер-иммунологі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button