Әкімдер сайлауы

«САЙЛАУ АШЫҚ ЖӘНЕ ӘДІЛ ӨТІП ЖАТЫР»

«Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ерәділ Үббіниязов осылай дейді.
Бүгінгі ауылдық округтерде өтіп жатқан дауыс беру процесін 500-ге жуық бақылаушы қадағалап отыр.
— Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан ерекше. Себебі, ауыл әкімдерін сайлау елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Ел халқының 40% – ға жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Ауыл тұрғындарының өз сұраныстары мен қажеттіліктері бар, олар қала тұрғындарының қажеттіліктерінен өзгеше. Сондықтан ауыл тұрғындарының ауыл мәселесін білетін және оны шеше алатын әкімді өздері таңдауы дұрыс деп санаймын, — деді Ерәділ Үббіниязов.
Брифинг барысында аймақтық үйлестіруші Нұрлыбек Шоқпаров республикалық қоғамдық бірлестік өкілдерінен барлығы 480 қоғамдық бақылаушы тіркелгенін айтты.
Олардың міндеті — сайлау барысын қадағалау, егер заңнамалық нормалар бұзылған болса, оны учаскелік комиссияларға көрсетіп, актілер жасау. Бақылаушылардың ең көбі — Әйтеке би ауданында. Мұнда 150 бақылаушы тіркеліпті. Ал Байғанин мен Қобда аудандарында — 80 адам. Өзге аудандарда 10-30 адамнан тіркелген.
— Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл оқиға «Қазақстан тарихындағы маңызды кезең» болып табылады. Бұл Қазақстан Президентінің саяси реформалар пакетінің тағы бір түйінді бастамасы, ол іс жүзінде табысты іске асырылуда. Жалпы, сайлау процесі штаттық режимде өтіп жатыр. Сайлау барысында халықтың жоғары белсенділігі байқалады. Сондай-ақ, сайлаудың жоғары ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Бірінші кезекте ол азаматтардың қауіпсіздігіне бағытталған. Барлық учаскелер санитарлық қорғау шараларымен жабдықталған, — деді Үббіниязов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button