Әкімдер сайлауы

Облыста ауыл әкімдеріне дауыс беру басталды

Бүгін елімізде ауыл әкімдерін сайлау басталды. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Күнбаева жергілікті уақытпен 7.15-те облыс бойынша 34 ауылдық округте және Аққұдық ауылында дауыс беру басталғандығын хабарлады.
Дауыс беру аталған округтерде 74 сайлау учаскесінде өтіп жатыр.
Гүлнар Күнбаеваның айтуынша, облыстағы ауыл әкімдерін сайлау барысы туралы ақпараттар халыққа тікелей эфирлер арқылы хабарланып отырады. Сайлаудың алдын ала қорытындысы кешкі сағат 20.00-де шығарылады.
Брифингте сондай-ақ облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева сайлау кезінде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуға байланысты барлық сақтық шаралары қатаң орындалатынын жеткізді.
Оның айтуынша, еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 25 маусымдағы қаулысына сәйкес сайлау учаскелерінде дауыс беру кезінде сайлаушыларға қойылған талаптар барынша сақталуы керек.
Ал облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ардана Саймағанбетовтің айтуынша, аудан әкімдерін сайлау кезінде қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға облыс бойынша 196 полиция қызметкері жұмылдырылады. Сондай-ақ 74 полиция қызметкері сайлау бюллетендерін жеткізу жұмыстарына атсалысады.
— Полиция қызметкерлері барлық округтегі сайлау учаскелерінде тәртіпті қадағалап, бұзушылықтар болған жағдайда жедел әрекет ететін болады. Біздің міндет — сайлау кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, — деді ол.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button