Жаңалықтар

Індет бел алып кетпесін

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 159, пневмониямен 7 жағдай тіркелді. Инфекциялық ауруханаларда 415 науқас ем алуда. Үй карантинінде 13712 адам бар, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. Бүгінде аурушаңдықтың өсу қарқыны 1,2 пайызды құрап отыр.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялық қызметі орталығында өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Куштаева мәлімдеді.

— Жалпы, пандемия басталғалы облыста КВИ бойынша 13912 жағдай тіркелді. Оның 65 пайызында ауру белгілері байқалса, 34 пайызы — симптомсыз.

11949 науқас жазылып шықты.

18 шілде күні коронавирус инфекциясының 159 жаңа жағдайы анықталып отыр. Оның 96-сы Ақтөбе қаласында, қалғаны — облыс аудандарында.

Барлық тіркелген жағдайлардың 132-сі ересектер, 25-і 14 жасқа дейінгі балалар және 2-уі жасөспірімдер арасында анықталған.

Соңғы уақытта ауру көрсеткіші көбейіп барады. 12-18 шілде аралығында барлығы 1335 жағдай тіркелді. Бұл көрсеткішті алдыңғы аптамен салыстырғанда 625 жағдайға өскенін байқап отырмыз. Сондықтан вакцина алып, қарапайым санитарлық іс-шараларды қатаң сақтауға шақырамыз, — деді Мұхтар Сербаев.

Оның айтуынша, соңғы тәулікте пневмония бойынша Хромтау, Ойыл, Мұғалжар аудандарында 7 жағдай тіркелген. Коронавирус инфекциясы әсіресе 60-65 жас аралығындағы адамдар арасында жиі анықталып отыр.

— Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 415, реанимация бөлімшелерінде 40 науқас ем қабылдауда. Карантиндік стационарларға 5 адам жеткізілді. Қауіпті індет балалар арасында симптомсыз әрі жеңіл түрде өтеді. Бүгінде 164 бала амбулаторлық бақылауға алынды.

Сондай-ақ Ақтөбеде коронавирус инфекциясын тестілейтін 11 зертхана жұмыс істеп тұр. Оның тәуліктік қуаттылығы — 5 400 дана, — деді Айгүл Куштаева.

Облысқа ақпан айынан бастап 398 575 доза вакцина келген. Екпенің бірінші компонентін 21629, екінші компонентін 108 663 адам алған.

Сонымен қатар бүгінде облыстағы 920 кәсіпкер «Ashyq» жобасына қатысуға өтініш беріп, оларға QR-кодтары сәтті жүктелген. Коронавирус инфекциясының алдын алу, яғни ауру жұқтырған немесе байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға бару жағдайларын болдырмау мақсатында қолға алынған жүйені

«Ashyq» жобасынан басқа «Аitu» және «Kaspi.kz» платформаларынан да қолдануға болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button