Жаңалықтар

Екпе алу — сақтанудың жалғыз жолы

Асланбек САМРАТ, Әйтеке би ауданы Ащысай ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы:

 ЕКПЕНІҢ КЕРІ ӘСЕРІ БОЛМАДЫ

— Жаһанды жайлаған індетпен күресудің ең тиімді жолы – екпе салдыру. Сол себепті өзім жуырда «Спутник V» вакцинасын салдырдым. Бүгінгі таңда жағдайым да, денсаулығым да бірқалыпты. Екпеден теріс әсер болған жоқ. Бұл қадамға саналы түрде бардым. Әркім өзінің денсаулығы мен жақындарының амандығына жауапты. Барша аудан тұрғындарын сақтық шараларын қатаң ұстануға, вакцина алуға және ешқандай күмән келтірмеуге шақырамын. Себебі вакциналау қатаң медициналық талаптарды сақтай отырып жүргізілуде. Неғұрлым көп адам екпе қабылдап, ұжымдық иммунитет қалыптастырса, коронавирусты жеңуге соғұрлым мүмкіндік мол болады. Қаншама әріптестерім екпе алды. Оларда да асқынулар немесе жанама әсерлер болмады. Деніміз сау, еліміз аман болсын!

Айсана Мейрамбекқызы, Ырғыз ауданының тұрғыны, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 3-курс студенті:

Дәстүрлі оқу форматына көшсек екен…

— Биылғы жыл біздің еліміз үшін ғана емес, жалпы әлем бойынша оңай болмады. Күннен-күнге жұқпалы індет еліміздің барлық өңіріне тарап жатыр. Осы кезде халық денсаулығын сақтап қалу үшін ең дұрыс және оң шешім екпе салдыру деп ойлаймын. Бүгінге дейін ел арасында екпенің денсаулыққа әсері, аурудың алдын алмайтыны туралы қауесет әңгіменің айтылып жатқаны анық.

Мен өз болашағым үшін екпе алдым. Себебі студенттердің өз денсаулығына ғана алаңдамай, қасындағы құрбы-құрдастарының, қатарластарының да қауіпсіздігін ойлағаны дұрыс. Біздің басты тілек — алдағы оқу жылында дәстүрлі оқу форматына көшу. Бұл сапалы білім алу үшін барлығымызға тиімді. Ал ол үшін алдымен екпе салдырып, індеттің одан әрі өршімеуіне үлес қосқанымыз жөн.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button