Жаңалықтар

Бригадир Досан

18 шілде — Металлургтер күні

Металлург Досан Нұрқасовтың ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етіп келе жатқанына биыл 37 жыл. Әулетімен әр салада өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп, жастарға бағыт-бағдар беріп жүрген Досан бізге кәсіпорынға қалай келгенін әңгімелеп берді.

Досан Сағидоллаұлы  — Ойыл ауданы Саралжын ауылының тумасы. Ол әскерден келе сала 20 жасында Ақтөбеге жұмыс іздеп келген екен.

— Сол жылы «Коммунизм жолы» газетінен бос жұмыс орындары туралы хабарландыруды оқып қалдым. Сөйтіп, Есет батыр көшесіндегі жұмысқа орналасу бюросына бардым. Бастапқыда маған Хромтаудан қызмет ұсынды. Ал маған жатақханасы бар жұмыс керек болатын. Осылайша Ақтөбе ферроқорытпа зауытына жолдама алдым. 1984 жылы қыркүйекте №3 бағыттағы автобусқа отырып, соңғы аялдамадан түскенім әлі күнге дейін есімде. Міне, содан бері 37 жыл өтіпті, — дейді Досан Нұрқасов.

Басында шихта дайындау цехына жұмысқа орналасқан Досан Сағидоллаұлы екі жылдан кейін үшінші балқыту цехына ауысыпты. Мұнда әртүрлі қоспаларды балқытып, тәжірибе жүргізген. Бүгінде үшінші цех учаскеге айналып, бірінші балқыту цехының құрамына қосылды.

Қазір №39 пештің бригадирімін, — дейді металлург. — Сырт көзге жұмысымыз бірыңғай боп көрінгенімен, өзінің қызығы да, қиындығы да бар. Белгілі бір маркалы феррохром алу үшін қоспаның құрамын өзгертіп, сапасын үнемі қадағалап отырамыз. Тәулігіне 30 тонна металл беріп тұруымыз керек. Жоспарды уақтылы орындап жүрміз.

Бүгінде Досан Нұрқасовтың шәкірттері учаске басқарып, жауапты лауазым иелері атанған. Оның сөзінше, жастарға тек жай ғана тапсырма беру жеткіліксіз. Оларға сол тапсырманың мәнін түсіндіру керек.

— Мен алғаш рет жұмысқа тұрғанда, оқыту, үйрету деген болмады. Алғашқы жұмыс күнімде бірінші цехтан кенді тасымалдағанда, тарс-тұрс етіп соққан дауыс естілді. Шошып кеттім. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген ауылдың баласына бұл үрейлі нәрсе болды. Кейін үйреніп, өзім біреуге ұстаз атандым. Жастарға тапсырманың себеп-салдарын түсіндіремін. «Сенің жасағаның, бұл осындай нәтиже береді» деп егжей-тегжей жеткіземін. Адам түсініп жұмыс істесе ғана еңбек өнімді болмақ, — дейді балқытушы.

Досан өзінің туған балаларын да еңбекқорлыққа баулыған. Әміржан есімді ұлы слесарь боп зауытта қызмет жолын бастаған. Қазір ол — төртінші балқыту цехындағы жөндеу учаскесі басшысының міндетін атқарушы. Әміржанның жары да кәсіпорында еңбек етеді. Бұдан бөлек, зауытта Досанның інісі мен күйеубаласы да жұмыс істеп, үлгі-өнеге болып жүр. Жалпы, бір әулеттен алты адам зауытта қызмет атқарады.

— Ең бастысы, тұрақты жұмыс бар. 90-шы жылдардағы қиындықты да басымыздан өткердік қой. Жалақыны алуға кассаның алдында ұзын сонар кезекте тұрғанымыз бар. Қазір мұның бәрі естелік қана боп қалды. Зауыттың арқасында балаларымды оқыттым, үйлендірдім. Қаражаттан таршылық көрмедім. «Марапат үшін емес, өзің үшін еңбегіңді адал атқар, сонда қызметіңді қайткенде бағалайды» деп жастарға үнемі айтып отырамын, — дейді металлург ағынан жарылып.

Қамбар Мұқашев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button