Жаңалықтар

35 балаға қамқорлық көрсетілді

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мүмкіндігі шектеулі балаларды тегін иппотерапияға жаздырды. Ат үстінде емдеу курсының ақысын кәсіпорынның кәсіподақ ұйымы өтейтін болды. Осылайша ерекше күтімді қажет ететін 35 балаға қамқорлық көрсетілді.

Біз жыл соңына дейінгі мерзімге мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған клубпен келісімшартқа отырдық, — дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кәсіподақ ұйымының төрағасы Сапарғали Мұқашов. — Бұған дейін ата-аналардың өздері балаларын ипподромға апарып, әр жолы 2-3 мың теңге төлеп жүретін. Енді бұл істі кәсіподақ қаржыландыратын болды. Кесте түзіліп, дүйсенбі мен жұма аралығында балалар емге барып жүр.

Айта кетейік, зауыт ерекше балалардың ата-аналарына үнемі әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Биыл көпбалалы 243 қызметкер және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 53 жұмысшы кәсіподақ атынан жалпы мөлшері  9 млн теңгеге қаржылай көмек алды.

— Менің балам туғаннан ауырады. Қазір ол 16 жаста. Ол өздігімен жүре алмайды. Жаттықтырушы мен нұқсаушылар баламның қолына, аяғына және омыртқасына жаттығулар жасап, көмек көрсетті. Әрине, қиын жағдайға тап болғанда осылай көмектескені үшін «Қазхром» компаниясына да алғысым шексіз. Бұған дейін кәсіподақ ұйымы ұлымның дәрісіне жұмсалған қаражатты өтеп берген. Енді иппотерапияға жазып берді, — дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қызметкерінің зайыбы Гүлсім Мұхтасарова.

Мамандардың айтуынша, мұндай ерекше ем науқастың көңіл күйіне және дене қалпына әсер етеді. Емдеу барысында қан айналым күшейіп, жүйке, сүйек-бұлшық ет, тыныс алу, эндокриндік және басқа да жүйелердің жұмысы жақсарады.

Бұл жердегі негізгі дәрігер – ат. Ол белгілі бір ырғақпен қайталанатын тербелмелі қозғалыстар жасайды және бұл балаға да беріледі, — дейді иппотерапия жөніндегі аға жаттықтырушы Владимир Сажин. – Нәтиже бар, бірақ төзімділік қажет деп нық сеніммен айта аламын. Бұл — оңалтудың ұзақ түрі. Мәселен, 2018 жылдан бері бізде бойжеткен қыз жаттығып жүрді. Нәтижесінде ол аяғына тұрды. Жаттығуды аз-аздап жасаған маңызды. Ең бастысы, балаға зиян тигізбеу керек. Әр баламен жеке-жеке айналысу қажет. Еңсені түсірмеген дұрыс, балалармен жұмыс істей беру керек.

Қ.МҰҚАШЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button