Жаңалықтар

Әке жолын жалғаған…

  • Металлургтер күні

Елімізде шілде айының үшінші жексенбісінде металлургтер күні тойланады. Дөң тау-кен байыту комбинаты бұрғылау қондырғысының машинисі Қайыржан Құсантаев биылғы металлургтер күнін бірнеше отбасылық қуанышпен қарсы алып отыр. 27 жыл комбинат карьерлерінде еңбектеніп жүрген ол биыл үздіктер қатарынан табылып, есімі Құрмет тақтасына ілінді.

Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Құсантаевтар әулетін Дөң ауылы ғана емес, Хромтау жұртшылығы жақсы таниды. Осы әулеттің бәйтерегі Орынбасар өмір бойы «Дөң» кенішінде қызмет етіп, сол жақтан зейнетке шыққан еді. Төрт қыз, төрт ұл өсірген әке ізімен балалары да өндіріске келеді. Комбинатта Құсантаевтар сынды ғасырға жуық уақыт аралығында кәсібі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әулеттер жетерлік. Барлығының еңбек жолы — бір-бір тарих.

Қыздары Дөң тау-кен байыту комбинатының фабрикаларында түрлі қызметте болса, ұлдары – «Дөң» кеніші мен тау-кен көлік тасымалдау цехының белді қызметкерлері. Олай деуге негіз бар: өткен жылғы металлургтер күнінде Қайыржанның ортаншы ағасы Ғалым салалық марапатпен мадақталып, «кеншілер» әулетіне қуаныш сыйлаған еді. Тура бір жылдан соң, інісі Қайыржан да жұмысының жемісін көріп отыр.

Шілде айы – Қайыржан Орынбасарұлы үшін айтулы мерекеге толы айлардың бірі. «Ердің жасы – елу» дегендей, 7 шілдеде елу жасқа толған кейіпкеріміз биылғы металлургтер күнін бірнеше қуанышпен қарсы алды. Болашағынан көп үміт күттіретін кенже қызы да тоғыз жасқа толды. Әрі биыл жары Дауриямен шаңырақ көтергендеріне жиырма бір жыл толған екен.

– Жыл сайын  кеншілер мерекесінде үш ағайындының балаларының басын қосып, әкеміз салған сара жолды ұлықтап, әулетімізбен атап өтеміз. Менің еңбегім еленіп, есімім Құрмет тақтасына ілінгені Құсантаевтардың қуанышын еселеп отыр.  Балаларыңның алдында еңбегіңнің еленіп, олардың саған мақтанышпен қарағаны ерекше сезім екен, — дейді тәжірибелі машинист.

Зейнеттік жасқа дейін карьерлерде бұрғылау ісімен айналысқан Орынбасар әкейдің қос ұлы дәл осы мамандықтың иелері. Әулеттің үлкені Ғазиз да кезінде бұрғылау ісімен айналысқан.

– Бала күнімізден әкеміз бізді еңбекке баулып өсірді. Сонда бала болсам да, әкемнің қандай жұмыс істейтінін түсінуші едім. Уақыт өте келе, ағам да осы жолды таңдады. Одан кейінгі ортаншы ағам тау-кен көлік тасымалдау цехында жүк көліктерін жүргізеді.  Ал мен бұрғылау ісіне келдім. Осы күнге дейін бұл қызметім мені еш жалықтырған емес, — дейді Қайыржан Құсантаев.

Ол хром кенін бұрғылауды ең алғаш Дөң тау-кен байыту комбинатының «ҚазКСРО 40 жылдығы» карьерінде бастап, кейіннен әкесі жүрген жол — «Южный» карьеріне,  «Поисковыйда», бүгінде «Геологическое 1» карьерлерінде бұрғылау ісін жүргізіп жүр. Ауысым сайын 190 метр тереңдікке дейін ашық әдіспен кен қазып шығарады. «Дөң» кенішінде күннің ыстық-суығында карьердің температурасына үйренген жиырмадан астам бұрғылау маманы жұмыс істейді.

Қайыржан Орынбасарұлының айдай сұлу үш қызының бірі «маркшейдер ісін» таңдап, Қарағанды қаласында білім алуда.

— Бізге бұрғылау жобасын маркшейдерлер дайындайды. Енді бір-екі жылда өз қызым маған жоба дайындап береді. Ал мен сол бойынша жұмысымды атқарамын, —  деді жымиып.

Кеншілер әулетінің өрісін кеңейтуге ықыласы зор, әулет жауапкершілігін арқалаған Қайыржан Құсантаевтың арманы орындалғалы тұр. Әке жолын, аға ізін құрметтеген қызметкер мұндай бақытқа әлбетте лайық.

Арайлым ҒАНИ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button