Басты жаңалықтарСпорт

Италия — екі мәрте чемпион!

Еуро-2020

№51 кездесу. 11 шілде. Лондон.

Италия-Англия — 1:1 (пенальтилер сериясы бойынша —3:2)

Ойын басталар-басталмастан, 2-минутта ағылшын Люк Шоу италиялықтардың бұрыштаманы сәтсіз орындауының салдарынан пайда болған шапшаң қарымта шабуылдың нәтижесінде қарсыластар қақпасына гол соғып кетті. Бұдан соң да Англия құрамасы аяқастынан абыржып қалған Италия футболшыларын біраз тықсырды. Дегенмен финалға осал құрама шыға ма?! Италия сайыпқырандары бірте-бірте ес жиып, бірінші таймның соңына таман кәдуілгі мығым қалпына түсті. Ал екінші таймда тактиканы біржола түзеп, 67-минутта Леонардо Бонуччи есепті теңестірді. Алайда олар қанша тырысса да бұл табысты одан әрі ұлғайта алмады.

Сөйтіп, 90 минуттық негізгі уақытта да, 30 минуттық овертаймда да таразы басы теңселмеді. Ақыры пенальтилер сериясына кезек берілді. Бұл ретте ағылшындардың бас бапкері Гарет Саутгейт қатты қателескенін айтқан мақұл. Ол 120-минутта алаңға шығарған, жауапты міндет жүктеген екі футболшы — Маркус Рэшфорд та, Джейдон Санчо да пенальти соғуды келістіре алмады. Алаңға екінші таймда (70-минутта) шыққан Букайо Сака да осылардың жолын құшты. Ал италиялықтар соққан 5 пенальтидің екеуін дарытпаған ағылшын қақпашысы Джордан Пикфордтың еңбегі зая кетті, бұл сайыста Италия қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма үстем түсті.

Осылайша Роберто Манчини даярлаған футболшылар Италия құрамасын екінші

рет Еуропа чемпионы атағына жеткізді. Бұл мәртебеге италиялықтар алғаш рет 1968 жылы ие болған еді. Сөйтіп, Италия енді 1984, 2000 жылдары жеңіске жеткен Франция құрамасы тәрізді екі мәрте чемпион болып отыр.

Дерек үшін айта кетер болсақ, бұл чемпионат тарихында Германия (1972, 1980, 1996) мен Испания (1964, 2008, 2021) үш реттен жоғары тұғырға көтерілді. Ал бір реттен чемпион болғандар: КСРО (1960), Чехословакия (1976), Нидерланды (1988), Дания (1992), Грекия (2004), Португалия (2016).

Көріп отырсыз, бұл тізімдерде Англия жоқ. Бұл жолы да солай болды, футбол отанының өкілдері болып саналатын ағылшындарға бұл жолы да Лондоныңыз да, «Уэмбли» стадионы толы жергілікті жанкүйерлеріңіз де көмек көрсете алмады. Кубок Италияға жол тартты.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button