Жаңалықтар

Қалам иесіне құрмет

Мерей

Баспасөз саласына қатарынан кештеу келгенімен Мұқанбетулла Кемер одан ұтылмаған секілді. Өйткені журналист үшін өмір көру, адамдарды тану, қоғамдағы құбылыстарды ортасында жүріп, кеңірек зерделеу маңыздырақ.

Жарқамыс орта мектебін 1967 жылы бітірген ол жас кезінен қолына қалам ұстауға құштарлық танытады. Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин сияқты таланттар білім алған алтын ұя оның сөз өнеріне ұмтылысына жігер қосады.

Крупская атындағы кеңшарда біраз жыл комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет атқаруы оны үлкен сыннан өткізеді. Ол уақытта партия комсомолға арқа сүйейді, сондықтан да шаруашылықтың барлық жұмысына жастар қатысады. Ал оны ұйымдастырушы — комсомол хатшысы. Кеңшардың күллі науқандық жұмыстарының ортасында жүріп, үгіт-насихат, саяси оқу сияқты шараларды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Осындай шыңдалу мектебінен өткен Мұқанбетулла Мұрабайұлы өткен жылы ғана 90 жылдық асуын атап өткен аудандық «Мұғалжар» газетінің  де тарихында өз аты-жөні тұрғанын мақтаныш тұтады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған өңірдің әр бұрышына дейін оған жақсы таныс. Күн-түн қатып іссапарда жүріп жазған мақаласы газетке шығар-шықпастан кезекті тапсырманы орындауға аттанып бара жататын күндер қазір артта қалғанымен, бәрі де ойда сайрап тұр. Өйткені қалам иесінің жігерлі, жалынды жылдарының көп бөлігі осы аудандық газетпен байланысты. Сол уақыттарда оның ауданнан жазған проблемалық мақалалары облыстық «Ақтөбе» газеті бетінде ұдайы жарияланып тұрды.

Облыс журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар Мұқанбетулла Кемердің 70 жасқа толуына байланысты облыстық Баспасөз үйінде құттықтау шарасы өтті.

Салтанатты жиында Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин той иесін құттықтап, оның шығармашылық еңбек жолына тоқталды, бүгінде аға буын қатарына енген журналистің жастарға үйретер тағылымы мол екендігін атап көрсетті. Сонымен қатар оған Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасын тапсырды.

Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының жауапты хатшысы Нұрмұханбет Дияров баспасөзде біраз жылдар бойы қанаттас еңбек етіп келе жатқан әріптесінің қаламгерлік ерекшеліктеріне тоқталды. «Республикалық басылымдардан Мұқаңның «Аманатқа қиянат жасамайық», «Садақаны жиналысқа айналдырмайық» деген бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғаған мақалаларын оқыдық, бұл журналистің биік ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін көрсететін жайлар деп білеміз», — деді ол.

— Мен кейінгі жылдары Маңғыстау облысының Түпқараған аудандық «Ақкетік арайы» газетінде қызмет атқардым. Тілшіліктен бастап, редактор да болдым. Бірақ жазуымды үзген емеспін. Республикалық басылымдарға да қатысып тұрдым.

Зейнет демалысына шыққанымен қазір де қарап отырмаймын. Мақал-мәтелдер, ғибратты сөздердің басын құрастырып, жас ұрпаққа жақсы жол сілтер игілікті істерге үлес қоссам деймін,— деді Мұқанбетулла Мұрабайұлы өз сөзінде.

Қаламгердің бұған дейін «Бабадан бізге дейін», «Балдәурен», тағы да басқа бірнеше кітабы жарыққа шығып, оқырмандарының оң бағасын алды.

 Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button