Жаңалықтар

Бастаулықтар несие мен грант алды

«БастауБизнес» жобасы аясында облыс бойынша бүгінге дейін 909 адам atameken.co платформасы арқылы онлайн режимінде арнайы курстан өтті.

Оқуды аяқтаған студенттердің 160-ы жалпы сомасы 99,6 млн теңге көлемінде қаржы алды. Оның ішінде жалпы көлемі 20,3 млн теңге болатын 6 несие және 79,3 млн теңге болатын 154 грант бар.

Ақтөбе облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі берген дерек бойынша 21 маусымда басталған үшінші кезеңде 279 адам кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп жатыр.

Қазіргі уақытта бизнес тренерлер, менторлар бастаулықтарға ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, екінші деңгейлі банктер, несие серіктестіктері, микроқаржылық ұйым арқылы жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген несие алуға, мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы арқылы 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде және «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін гранттар алу бағытында көмек көрсетіп жатыр.

Онлайн-тренингтерден басқа ZOOM бағдарламасы арқылы онлайн консультациялар берілді. Сондай-ақ Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы негізінде бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес санитарлық талаптар сақтала отырып, оффлайн шаралар да ұйымдастырылды.

— «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы көрсететін қызметтердің барлығы — бизнес-жоспар жасау, жобаны дамыту, құжаттар жинау кезінде кеңес беру, салалар бойынша сарапшыларды тарту, жеке кәсіпкерлік пен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ашу, салық және есеп-қисап жөнінде кеңес беру секілді қолдаулардың барлығы тегін жүргізіледі, — дейді палата өкілдері.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button