Жаңалықтар

Есмағанбетовтер атындағы кабинет ашылды

Шалқар қаласындағы №1 мектеп-гимназиясынан «Келешегім — кемел, бүгінім — бастау ертеңге» атты әкелі-балалы Есмағанбетовтер атындағы тарихи-өлкетану кабинеті ашылды.

Аудан жұртшылығына Есмағанбетовтер әулеті кеңінен танымал. Отбасының асқар таудай тірегі — ардагер журналист Мұқамбетәли Есмағанбетовтың есімі, әсіресе оқырман қауымға етене таныс. Ол саналы ғұмырын баспасөз саласына арнап, қарымды қаламымен өлкеге қатысты түрлі тарихи тың деректерді ашып, жариялады. Жергілікті баспасөзге басшылық етіп, артынан ізбасар буын тәрбиеледі. Осындай толымды еңбегінің арқасында КСРО баспасөзінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі сынды атақтарға ие болды. Кейінгі жылдары ұлы күйші Қазанғап Тілепбергенұлы жайлы құнды зерттеулер жүргізіп, бірегей қазанғаптанушы атанды. Ауданның тарихы мен мәдениеті, әдебиеті мен өнері топтасқан «Аңыздар мен ақиқаттар өлкесі», «Шалқар энциклопедиясы», «Ғасырларға пара-пар жылдар» атты кітаптарын жарыққа шығарды.

Қаламы қарымды әкенің ұлы Асқар Мұқамбетәлиұлы да өз кәсібіне берілген, жауапкершіліктің жолынан ауытқымаған азаматтардың бірі еді. Ол ақ халат киіп, денсаулық саласын таңдап, қысқа ғұмырында осы жауапты салада белсенді еңбек етті. Қарапайым дәрігерден, бас дәрігерлікке дейінгі қызметтерді абыройлы атқарды. Облысымыздың іргелі аудандарында осы саланы басқарып, өмірінің соңғы жылдары туған жері Шалқарда бас дәрігер болып еңбек етті.

Өткен жылы әлемді шарпыған пандемияның кесірі талай арыстарымызды арамыздан жұлып алып, жүректерге тосыннан орны толмас өкініштер ұялатты. Есмағанбетовтер әулетіне де халықтың денсаулығын ойлап жүрген ұлдары Асқардың өмірден ойда жоқта өтуі ауыр соққы болды.

Өзі оқыған қасиетті қара шаңырақтан бір кабинеттің жасақталуы ұрпақтары қолға алған игі істің бастауы еді.

Кабинеттің ашылу салтанатында Мұқамбетәли Есмағанбетовтің шығармашылығы  тұрғысында, марқұм ұлы Асқардың адамгершілігі хақында мәнді естеліктер айтылды.

Аудандық мәслихаттың хатшысы С.Бигеев, аудандық аурухананың бас дәрігері Жангелді Былқайыр, №1 мектеп-гимназияның директоры Мұхтар Оңғаров, еңбек ардагері Дәулетияр Аспеновтер әкелі-балалы Есмағанбетовтердің аудан үшін жасаған еңбектерін ерекше атап, жиналған қауымға үлгі етті. Шара барысында Есмағанбетовтер атындағы бір реттік шәкіртақыны ауданымыздың белсенді алты оқушысына Асқардың ұлы Әнуар табыстады.

Өлке тарихынан сыр шертетін кабинеттің ашылу лентасын Мұқамбетәли ағай өзі қиып, ақ жаулықты аналарымыз шашу шашты. Мектеп оқушылары жаңадан жабдықталған әсем кабинеттің қабырғасына орнатылған тарихи танымдық ақпараттарды көпшілікке таныстырып, баяндады.

 

                                                                                                       Мұхтар МЫРЗАЛИН,

                                                                                                         Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button