Басты жаңалықтарДенсаулық

Коронавирус көп қимылдаған адамнан «қорқады»

SARS-CoV-2 коронавирусы тудырған COVID-19 індеті бүкіл әлемді әбігерге салды. Бүгінде дүниежүзінің 220 елінде бұл вирусты жұқтырған адамның саны 200 миллионға жақындаған (worldometers.info/coronavirus сайтындағы ресми дерек бойынша). Науқасты бір жұтым ауаға зар қылып қоятын қауіпті індет адам ағзасында қандай өзгеріс тудырады? Ауырып жазылғаннан кейін қалыпты өмірге қайта оралу үшін не істеу керек? Вирусты өкпе қабынуының бактериялы өкпе қабынуынан қандай айырмашылығы бар? 

Жоғары санатты пульмонолог дәрігер, «Денсаулық сақтау саласының үздігі», Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің кәсіби аурулар мен гигиеналық пәндер кафедрасы доценті міндетін атқарушы, медицина ғылымдарының кандидаты Үміт Сатыбалдиевамен сұхбатымызда осы төңірегінде әңгімелестік:

— 1996 жылы Ақтөбе медициналық институтын тәмамдағаннан кейін Қарағанды қаласындағы Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар Ұлттық орталығында ординатурада оқып, кеншілердің бронх демікпесі тақырыбы бойынша диссертация қорғадым. Осыдан кейін өкпе ауруларын емдеуге, зерттеуге қатысты қызығушылық пайда болды. Одан соң Ақтөбеге келіп, еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар орталығының Батыс Қазақстан филиалында еңбек еттім. Мұнда кәсіби ауруларға қатысты және пульмонологиялық сала бойынша тұрғындарға қызмет көрсеттік. Қазір Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде кәсіби аурулар пәні бойынша дәріс беремін. Сонымен бірге облысымыздағы емханалардың жолдауы бойынша тұрғындарға тегін көмек көрсетемін.

— Күніне алдыңызға қанша адам келеді? Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты соңғы жылдары өкпе аурулары көбейіп отыр ма?

— Күн сайын алдыма еміне дәру іздеп кемінде 10-15 адам келеді. Бұл, өзіңіз айтқандай, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты. 2020 жылы әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 індеті келгенше біз, дәрігерлер, вирусты пневмония дегенді мүлде естігеніміз жоқ. Оған дейін бактериялық пневмония болғаны белгілі. Алайда оның клиникасы, ағымы мүлде басқаша еді және оның өзі сирек кездесетін. Ол кездері айына өкпе қабынуымен ең көп дегенде 2-ақ адам келетін. Ал қазір күніге 15 адам келсе, соның тең жартысы — өкпе қабынуымен келетіндер не «осы аурумен ауырып қалдым» деп күдіктеніп жүргендер. Бәлкім, ол кезде тұрғындармен дәл қазіргідей белсенді жұмыс жүргізбегендіктен де болуы мүмкін. Қалай болғанда да ол кезде өкпе қабынуы ауруымен адамдар сирек келетін. Онда да маусымдық аурулар еді: жаз мезгілінде шаң-тозаң болғанда шығатын бронх аурулары, қыста салқын тиюден болатын өкпе аурулары.

Өкпені, бронхты қабындыратын саркоидоз, идиопатиялық фиброзды альвеолит, бронхэктатикалық аурулар өте сирек кездесетін.

— Бактериялық және вирусты пневмонияның айырмашылығы неде?

— Бактериялық пневмонияда альвеолдар қабынатын болса, вирустық пневмонияда альвеолдардың ортасынан өтетін дәнекерлеуші тiндер қабынады және өкпе қан тамырларында микротромбтар пайда болады.

Былтыр осы індет басталған кезде әлемдік медицина не істерге білмей қалды. Қауіпті індет пайда болған алғашқы кездері оны нақты емдеу хаттамасы да болған жоқ. Бір-екі аптадай бактериялық пневмонияны емдеу хаттамасын пайдаландық. Науқастардың өкпесін компьютерлік томографиямен, рентгенографиямен зерттеу кезінде жаппай барлық пациенттерде интерстициалды пневмония белгілері, «шыны» тәрізді өзгерістер табылды. Бұл мен үшін нонсенс болды. Интерстициалды пневмония бұрын өте сирек кездесетін ауыр ағымды ауру еді. Өзім жылына тек 2-3 адамға  ғана осы диагнозды қоятынмын. Бұл ауруда патологиялық үрдіс өкпенің дәнекерлеуші тіндерінің иммундық қабынуымен жүретін ауыр ағымды дерт. Бұл  аурудың  алғашқы белгілері  — ентікпе, әлсіздік. Емі де бактериалдық пневмониядан ерекше, ұзақ жылдар бойы гормондар мен цитостатиктерді қабылдауды қажет етеді.

Вирустық пневмонияның көрінісі бізге белгілі интерстициалды пневмонияға өте ұқсайды. Бірақ вирустық пневмонияда ентікпемен қатар жоғары температура, тершілдік, жөтел, кеуденің ауырсынуы болады.

Вирустық пневмония да  интерстициалды пневмониядағыдай гормондар мен иммунитетті басатын препараттар оң әсерін тигізетіні анықталды. Бірақ бұл дәрілерге де қарсы көрсетілімдер өте көп, сондықтан дәрігердің қадағалауын қажет етеді.

— Вирусты пневмонияда егер бактерия болмаса, актибиотикті не үшін береді?

Егер көрсетілім болмаса, вирусты пневмонияда антибиотик тағайындалмайды. Егер вирусты пневмония кезінде бірнеше күннен кейін дене қызуы қалыпқа келіп, жазылып келе жатқан адамда қайтадан температура байқалатын болса, бактериялық пневмония басталып кетуі әбден мүмкін. Кейде вирусты, бактериялық пневмония екеуі қатар жүруі де мүмкін. Вирус ағзаға еніп, ішкі тіндерді бұзады, бұл жер — бактериялар үшін өте жақсы орта. Яғни вирус пен бактерия бірінен соң бірі ағзаға енуі мүмкін. Мәселен, аденовирусты инфекция жұқтырған кезде, яғни тұмау болған кезде екі-үш күндей дене қызуыңыз көтеріліп,  жақсарғаннан кейін қақырық пайда болатын болса, бұл — вирусқа бактерия қосылды деген сөз. Пневмония кезінде де солай болуы мүмкін.  Сондықтан науқасты емдеуді емдеуші дәрігер өзі қадағалап, дәрілерді тағайындайды. Ешқашан дәрігерге қаралмай, өзін-өзі емдеуге болмайды, бұл қазіргі эпидемологиялық жағдайда қауіпті болуы мүмкін.

— Вирус бактерияны өлтірмей ме?

— Жоқ. Олар параллельді өмір сүре береді және бір-бірімен жақсы «тіл табысады».

— Короновирус індетінің белгілері неге әр адамда әртүрлі? Кейбірінде тіпті симптомсыз болады.

— Иә, кейбір адамдарда аурудың еш белгісі байқалмайды. Олар кейде өзінің вирус жұқтырғанын да білмей қалуы мүмкін. Кімнің иммунитеті жоғары сол адамда ауру белгілері жиірек байқалады: дене қызуы көтеріледі, кеуде тұсы ауырады, тамағы, басы ауырады, әлсіздік болады. Температурадан қорықпау керек, ол — біздің иммунитетіміздің реакциясы. Екінші жағынан, иммунитетке ерік бермей, оны да дер кезінде басып отыру керек. «Цитокинді шторм» деген бар, бұл — иммундық жүйенің қабынуға тым белсенді жауап беруі. Ол дененің өз тіндеріне  зиянын келтіріп, аурудың ауыр ағымына алып келуі мүмкін.

Иммунитеті төмен адамдар ауруға «жауап бере алмайды». Мұндай жағдайда вирус ішке кіріп, зиянды әсерін тигізгенімен, адамның қызуы көтерілмейді. Негізінде, симптомсыз аурудың қаупі жоғары болады. Сондықтан үйдегі үлкен кісілер өздерін қалыпты жағдайдан өзгешелеу ұстаса — ұйықтай берсе, жата берсе, әлсіздік болса, дереу дәрігерге қарату керек, өкпені компьютерлік томографияға түсіріп, емдету керек.

Дегенмен дене қызуы көтерілсе, бірден томографияға жүгіріп барудың қажеті жоқ. 5-6-шы күндері бару керек, себебі вирус бірден өкпеге түспейді. Сондықтан шамалы күту керек.

Вирустық пневмонияда науқастың қанындағы оттегі мөлшерін үнемі бақылауда ұстау керек. Ол үшін үйде пульсоксиметр болғаны жөн. Дегенмен мына мәселеге көңіл аудару керек: егер адамда анемия болса, пульсоксиметр  үнемі қалыпты деңгейді көрсетіп тұрады. Соған көңіл аударған жөн, ол кезде қандағы оттегі мөлшерін білу үшін қандағы газ мөлшерін тексеру сараптамасын жасатуы керек.

Ковид кезінде қант диабеті бар науқастар қатты зардап шегеді, сондықтан мұндай адамдар вирус жұқтырса, бірден стационарға апарып, емдетуді қолға алу керек. Жүрек-қан тамырлары ауыратын, демікпесі бар адамдар да абай болғаны жөн. Вирус толық адамдарды да «жақсы көреді». Сондықтан көбірек қимылдаған дұрыс.

— Емдеу хаттамасы бірдей. Бірақ коронавируспен ауырған адамдардың аурудан айығуы, бұрынғы қалпына келу мерзімі әртүрлі. Ол неге байланысты?

— Меніңше, адамның өзіне байланысты. Егер адам белсенді болатын болса, дәрігердің айтқан нұсқамаларын уақтылы орындайтын болса, тез жазылады. Көбірек қимылдау керек. Тыныс алу жаттығуларын күн сайын жасаған дұрыс. Егер көп қимылдасақ, тромб жиналмайды. Өкпедегі фиброзды өзгерістер көбіне ер адамдарда жиірек байқалады, себебі олар денсаулығының сәл жақсарғанын байқаса, қимылды азайтады. Әйел адамдардың тез айығатынын байқадым, себебі ол көбірек қимылдайды: үй шаруасының өзі де қимыл.

Тыныс алу жаттығулары өте пайдалы. Бір мысал айтайын: маған емделуге бір әйел адам келді. Ол кісі жүрегіне операция жасатқаннан кейін екі аптадан соң ковид жұқтырып алған. Бір жарым ай бойы жансақтау бөлімінде жатып шықты, сатурациясы өте төмен болды. Ауруханадан шыққаннан кейін менің қабылдауыма келді.  Қатты қорқып қалған, сондықтан тыныштандыратын дәрілер ішуіне тура келді. Бұл кісі операция орнындағы  тігістері ашылып кетеді деп қорқып, тыныс алу жаттығуларын жасамаған. Ол кісіге бар қорқынышын жеңіп, тыныс алу жаттығуларын жасауға кеңес бердім. Екі аптадан кейін қабылдауыма келгенде өзгерісті байқадым: өкпесі ашылып, жақсы болып қалған. Нәтиже керемет.  Бұл мен үшін де үлкен сабақ болды. Осыдан кейін барлық науқастарға міндетті түрде тыныс алу жаттығуларын ұсынатын болдым.  Тыныс алу жаттығулары қанды сұйылтатын дәрілерден де жақсы нәтиже береді.

— Тыныс алу жаттығуларының да түр-түрі болады. Қайсысы дұрыс? Қандай кеңес бересіз?

— Барлық жаттығулардың ішінде диафрагмалық тыныс алу жаттығулары жақсы. Ол, біріншіден, қанға оттегі баруын қамтамасыз етеді, екіншіден, өкпе тканьдеріне қатты салмақ түсірмейді: өкпе бұлшықеттері есебінен қозғалады. Мәселен, шарды, суды үрлегенде өкпе өздігінен қозғалысқа түседі, ал диафрагмалық тыныс алу жаттығулары кезінде диафрагма өкпені қозғалысқа түсіреді. Үшіншіден, бұл жаттығу нервті тыныштандырады. Бұл да науқастар үшін өте маңызды. Себебі ауырып тұрған адамдардың көпшілігінен қорқыныш байқадым.

Ковидпен ауырған адамдарға айтарым: ештеңеден қорықпай, бұрынғы қалыпты өмірге қайта оралу керек. Ең бастысы, физикалық белсенділікті ұмытпаңыздар: спортзалға бару міндетті емес, бау-бақшада жұмыс істеп, балалармен серуенге шығып, жаяу жүріп, көбірек қимылдау керек. Коронавирус жата берген адамды жақсы көреді. Айран ұйытқан кезде оны қозғамау керектігін білесіз ғой, сол секілді қозғалмай жата берсеңіз, қаныңыз ұйып, тромбтар пайда бола береді. Екіншіден, дұрыс тамақтануды қолға алу керек.

Бұрын бактериалды пневмония шамамен бір айда толық жазылып кететін болса, вирусты пневмонияның жазылуына кемінде 3 айдай уақыт керек. Сондықтан жаттығуларды үзбей жасау керек. Ковидпен ауырғандар арасында плеврит, яғни өкпеге су жиналатын науқастардың артуы байқалады. Сондықтан кеуденің төменгі тұсы ауырса, дәрігерге қаралған жөн.

— Коронавирус жұқтырып, ауырған адамдардың басқа да аурулары осы ковидтің кесірінен болуы мүмкін бе?

— Негізінде, вирустан емес, вирусты емдеудің салдарынан басқа аурулар пайда болуы мүмкін. Дәрігерге қаралмай, өздігінен антибиотиктер қабылдап, содан іші өтіп, ауырып жатқандар да бар. Көп дәрі ішкендіктен, асқазандары ауырып, демікпелері асқынып жатқандар да кездеседі. «Көршім айтты, туысым айтты» деп дәрілерді іше беруге болмайды.

— Карантин мен вакцинаның арқасында коронавирусты түбегейлі жойып жібере аламыз ба?

— Карантин енгізгенге еш ренжімеуі керек. Карантин бізге не үшін керек? Аурудың тізбегін үзу үшін керек, аурухана толып қалмау үшін керек. Былтыр бірнеше рет карантин болды. Ауруханаға адам сыймады, дәрігерлер жетіспеді, оттегі баллондары жетпей жатты. Сондай кезде карантин жариялаудың жөні бөлек. Себебі бір топ науқастар  емдегенше келесі топ үсті-үстіне келмеуі керек. Карантиннің мақсаты — сол. Қазір провизорлық стационарлар толық жабдықталды. Барлығы да реттелді. Карантиннің рөлі зор болды.

Ал вакцина вирусты тоқтату үшін емес, адамдарда популяциялық иммунитет қалыптастыру үшін керек. Дегенмен вакцина жасатар кезде ағзада антитела бар ма, жоқ па — соны білу үшін сараптама жасатып тексеруден өту керек.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button