Мереке

«Өз өнеріңді жетілдіре түс!» — Елбасының Димашқа берген батасы

Қанат АЙТБАЕВ,

әнші, мәдениет және өнер қайраткері,

танымал әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі

Тәуелсіздік — екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Әлемде мыңдаған ұлт, жеті мыңға жуық тіл бар, соның ішінде Тәуелсіздікке қол жеткізгендері екі жүзге жетпейді. Міне, ата-бабаларымыздың аңсаған, еліміздің, халқымыздың ұмтылған тәуелсіздігіне 1991 жылы қол жеткіздік, үлкен бақытқа кенелдік. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болады. Еліміздің шекаралас елдермен саясаты достық негізге құрылып, дипломатиялық қарым-қатынасы жақсы қалыптасты. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген ең үлкен жетістігіміз — еліміздің шекараларының толық демаркациялануы, халықаралық қауымдастықта орнымыз айқындалып, ел іргесінің берік шегенделуі.

Тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін халықаралық кеңістікте қазақтың атынан шығып, қазақтың атын таныту мүмкін болмаған дүние еді. Қазіргі таңда шекарамыз ашық, талантын шыңдап, биік белестерге шығып, қазақ өнерін әлемге танытып жатқандар көп. Біздің түрлі оркестрлеріміз, театр ұжымдары, Майра Мұхамедқызы, Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев секілді көптеген жеке солистеріміз Еуропа мен Азияның үлкен сахналарында өнер көрсетіп, тыңдарманның ықыласына бөленіп жүр. Құрманғазы оркестрі, «Астана балет» секілді өнер ұжымдары шетелдің үлкен сахналарын бағындырып жүргені көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Еліміз Тәуелсіздігін жария еткенін теледидардан алғаш естігенде, «алақайлап» таң атқанға дейін ұйықтамаған кезіміз есімде. Кеудемізді шаттық кернеп, келешекке зор үміт арттық. Димашымыз мемлекетіміздің Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарында дүниеге келді. Еркін елдің ұланы екенін сезініп, отбасындағы тәрбиемен өз елінің патриоты болып өскен бала. Кішкентайынан бастап музыкалық мектепке барды, Елбасының қатысуымен Ақтөбеде ашылған №32 мектеп-гимназиясында білім алды. Біздің елде мектепте оқымайтын, сауатын ашпаған жан жоқ. Білім аламын, оқимын деген балаларға барлық жол ашық. Мұның бәрі мемлекеттің өскелең ұрпаққа жасап жатқан қамқорлығының нәтижесі, бұл да Тәуелсіздігіміздің жетістігі.

Димаш Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде оқып жүріп, 2012 жылы «Жас қанат» республикалық эстрадалық әншілер конкурсына қатысып, «Алтын қанат» иегері атанды. Төлеген Мұхамеджанов, Нұржамал Үсенбаева, Абзал Мұхиденов сияқты еліміздің өнер саңлақтарының оң бағасын алды. Осы жылы ел үмітін, отбасының сенімін арқалап, Украинаның Ялта қаласында өткен, Украина мен Түркияның бірлесіп өткізген «Восточный базар» деп аталатын конкурсына қатысып, бірінші орынды иеленіп қайтты. 2013 жылы Қырғызстандағы «Мейкин Азия» халықаралық әншілер конкурсында Бас жүлдеге ие болды. 2015 жылы Белорусь елінде өткен «Славян базары» халықаралық сайысында бас жүлде иегері атанды. Біз үшін бұл үлкен мәртебе, зор қуаныш болды. Елге оралғаннан кейін Димашқа Президенттік стипендия берілді. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды. Мұның барлығы жетістікке жеткен жастарға мемлекетіміздің берген жақсы бағасының көрінісі. 2017 жылы Қытайда 4 айға созылған үлкен додада жақсы өнер көрсетіп, елге оралған сәтінде Димаш «Астана аренада» өзінің «Бастау» атты жеке концертін берді. Көптеген елдерден көрермендер келді. Концерт болардың қарсаңында Президент Димашты қабылдап, жетістіктерімен құттықтап, «Білімнің тереңінен сусындап, аман-есен болып, өнеріңді шыңдай бер!» — деп, жақсы тілегін айтып, батасын берді. Димаш үшін атасымен жасы қатар адам, Елдің басшысынан бата алу — зор мәртебе, өмірімізде есте қалатын, ұмытылмас сәт болды.

Тәуелсіздікте жеткен жетістіктеріміз еселеніп, алға қарай қадам басуымыз керек. Халқымыздың бірлігі мықты, ынтымағы жарасқан, өресі биік, білімі терең, келешегі кемел болып, Қазақстанның көк байрағы мәңгілік желбірей берсін деген тілегім бар. Еліміз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүрсін дегім келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button