Жаңалықтар

Ескерткіш-тақта ашылды

Ақтөбе қаласындағы Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназияның сыртқы қабырғасына облыстың құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сапар Сағынтаевқа арналған ескерткіш-тақта ілінді.

Шараға облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов, облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, еңбек ардагерлері мен ұстаздар қауымы жиналды.

Жиында алдымен Амангелді Нұғманов сөз сөйлеп, Сапар Сағынтаевтың өмірбаяны мен еңбек жолына тоқталды. Бұдан соң жиналғандар мектеп ішінен ашылған «Тағылым» кабинетімен танысты.
— Сапар Сағынтаевпен 1950-1953 жылдар аралығында мектеп-интернатта бір сыныпта білім алдық. Оқып жүргенде қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Алгебра пәнінен кітаптағы есептерді түгел шығарып, қосымша көмекші құрал ретінде дайындады. Әскерден келіп, Қарғалы, Ойыл аудандарында бірінші хатшылық қызметтерді атқарды. Облыстың комсомол ұйымдарында басшылықта болған тұста оның тәрбиесінде болған, қамқорлығын көрген көпте­ген кадр өсіп-жетілді, елге белсенді қызмет етті.

Сапардың ақкөңіл мінезі мен адалдық қасиеті біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, — деді Сапар Сағынтаевтың досы Бақыт Ғизатов.

Бұдан кейін аталған мектептің директоры Шолпан Жанғалиева «Тағылым» кабинетінің ашылуына қолдау көрсеткен облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

90 жылдан астам шежірелі тарихы бар Ғұбайдолла Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиядан түлеп ұшқан түлектеріміздің есімдерін мақтанышпен айтамыз. Сапар Сағынтаев осы мектепті алтын медальмен бітіріп, сол білімімен мектептерде физика-математика пәнінен дәріс берді. Жақсы адамның аты өшпейді. Оның игілікті істері, өнегелі қыз­меті ел аузында айтыла берері сөзсіз. Халқына қалаулы, еліне елеулі болып, саналы ғұмырын өзінің ұлтына, болашақ ұрпаққа арнаған мектебіміздің түлектерінің өмірі туралы сыр шертетін бұл кабинет, оқушыларға үлгі болсын деген ниетпен ашылып отыр. Әрі қарай жоспарға сәйкес үздіксіз жұмыс жасайтын болады, — деді мектеп директоры.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button