Мереке

Біздің  «81-лер»

Өзгелерді әспеттеп, жоғары қоятын әдетіміз бар. Мерекелер, атаулы күндерде де есімізге алдымен солар түседі. Басқалардың мұң-мұқтажын, болмаса қуанышын жазып жүріп, жанымызда жүргендерге өз дәрежесінде көңіл бөлуге уақыт таппайтынымыз тағы рас. Қаланың қым-қуыт тірлігі, жұмысбастылық, газеттің бітпейтін шаруасы айналып келгенде осыған әсер етеді… Бірақ кәсіби мерекеміз — журналистер күні қарсаңында бұл олқылықтың орнын толтыруға тырыстық. Әрі биыл бірқатар әріптесіміз үшін мерейлі жыл…

Біздің редакцияда 4 құрдас бар. Бәрі журналист, шетінен мықты. Бір жағдай бола қалса, ұйымдасқан түрде «81-лер сондай…» деп бір-бірін қолпаштап шыға келетіні тағы бар. Олар — Айнұр Жалмағанбетова, Мейрамгүл Сатаева, Арайлым Нұрбаева және Гүлжан Базылқызы. Енді әріптестеріміздің әрқайсысына қысқаша тоқталсақ.

Жұмыс орнында болса, бар-жоғы білінбей қалмайтын, яғни сыбырлап сөйлеуге түбегейлі қарсы Айнұр Ілиясқызын газет оқырмандарының кішісінен үлкеніне дейін жақсы біледі. Өйткені бірнеше жыл бойы «Балдырған» арнаулы бетін жүргізіп, талай жас тілшінің баспасөз бетінде «тұсауын кескен». Атына заты сай әріптесіміз қай кезде де көңілді жүреді. Құдды бір Айдың нұры айналаға шуақ шашып тұрғандай…Іске келгенде де сондай: дәйім жан-жағындағыларға құрақ ұшып, жақсылық тілеп жүргені. Пейілі кең. Әлеуметтік тақырыпқа жазған мақалаларынан мұны анық аңғарасыз. Бір сөзбен айтқанда, ақжүрек.

— Тілшілік тіршілігіме 20 жылға жуықтады. Осы газетке әуелі терімші болып қабылдандым. Ол кезде редактор — ұстазымыз марқұм Әмір Оралбай еді. Кейін журналист болдым. Жалпы, редакциядағы аға буыннан үйренгенім көп болды, қамқорлықтарын да сезіндім,  — дейді Айнұр.

…Мейрамгүл Сатаева туралы жазудың өзі артық. Өйткені біздің газеттің оқырмандары журналистерден біреуді білсе, сөзсіз, ол — осы кейіпкеріміз. Өзі ұдайы айтатындай, «Ақтөбеде» еңбек еткеніне аттай 20 жыл толды. Сөзі мен ісі бір-біріне сай, кез келген сұраққа жауабы дайын, еті тірі әріптесіміз — нағыз журналист. Ол жазбаған тақырып, сұхбаттаспаған ақтөбелік аз… Ат үстіндегі бикеш деп айтуға болады. Өз еңбегімен пәтер алып, көлікті де мініп, бәрін тындырып жүр. Еңбекқор. Онысын «қазіргі уақытта бірнеше жұмысты қатар атқарып отырмын, артық бір минут уақытым жоқ» деген сөзінен де байқауға болады. Облыстық «Ақтөбе ұстазы» газетінің бас редакторлығын да қатар ұстап отырған бөлмелесім Мейрамгүлдің компьютердің пернетақтасын аяусыз һәм тоқтаусыз тықылдататыны болмаса, жақсы адам. Қолы қалт етсе, кішкентай Қайсарының қызық-қуанышын айтуға үйіродан есте қалған материалдары туралы сұрадық:

— Менің ойымша, журналиске ең алдымен керегі — жауапкершілік. Егер сен өзіңнің ісіңе, сөзіңе, жазып отырған мақалаңа, түсіріп жатқан сюжетіңе жауапкершілікпен қарасаң, оқырман, көрермен алдындағы жауапкершілігіңді түсінсең, сапалы жұмыс істейсің.

Өзіме адам тағдыры туралы жазған ұнайды. Әкесі қайтыс болып, анасы жаман ауруға ұшырап, артындағы 4-5 бауырын өз жауапкершілігіне алған 19 жастағы қайсар қыз, 16 жасында пойыздың астына түсіп қалып, екі аяғынан, бір қолынан айырылған, бірақ өмірге деген құштарлығы сөнбеген батыл бойжеткен, 14 баласын жерлесе де өмірден баз кешпеген кейуана… Осындай тағдырлы кейіпкерлер туралы жазғанда, күнделікті күйбең тірліктен қараптан-қарап шаршап жүретін аяқ-қолы сау, айналасы түгел адамдарға ой салғым келеді, — деп сыр ақтарды су жаңабөлім меңгерушісі Мейрамгүл Рахатқызы.

Биыл көптен күткен қуанышқа кенеліп, жолдасы Артём мен екі ұлына Айарудай гүлді сыйлаған Арайлым Нұрбаевамен кез келген соғысқа баруға болады. Сөзге берік, іске шапшаң, жалпы сенімге лайық жан. Жерден жеті қоян тапқандай үнемі күліп жүретін оның қабақ түйгенін көрмейсің. 5 сөз айтса, оның біреуі «тәштай» деген диалект сөз болатын Арайлымға еріп, кейде соны біз де қайталаймыз. Өзі айтпақшы, «балаларын телефонмен басқарады». Онысы ұлдарынан үй жұмысын сұрайтынын, тапсырма беретінін меңзегені. Жалпы, жұма сайын ата-анасына телефон шалып, тұтқаның арғы жағынан түрлі мәселелерді талқылауды әдетке айналдырған әріптесіміз цифрлық технологияларды шебер меңгерген. Айналасындағыларға смартфонмен коммуналдық төлемдерді өтеп, сканерлеуді, тіпті орысшадан қазақша аударуды үйреткен — сол.

Дауысы жер жаратын Арайлымның қызмет барысында бастан өткерген қызықты оқиғалары көп. Соның бірін декреттік демалыстағы әріптесіміз былай деп әңгімеледі:

— «Ақтөбе» газетінің «туған күнінде» — 2007 жылдың 7 маусымында осында жұмысқа қабылдандым. 14 жылда талай ұмытылмас жайттар болды ғой. Есімде қалғаны, 2011 жылдың қазан айында Ырғыз ауданында ұшақ қонатын алаң ашылғанда, мен — алғаш боп рейске мінгендердің бірімін. Сынақұшып-қонуға (испытательный полёт) басында жүрексінгенімнен болар, бұл оқиға ешқашан есімнен кетпейді. Сол сияқты елордаға қарай тұңғыш рет ұшақ әуеге көтерілгенде, бортта мен болдым. Екі оқиғаны да газетке жаздым, — деп естелігімен бөлісті үш баланың анасы, әріптесіміз Арайлым.

Биыл мерейтойын тойлағандардың бірі — Гүлжан Базылқызы. Сырт көзге үндемес, биязы, жұрттан саяқ боп көрінетін ол, негізінде, әңгімешіл, өзім деген адамға тым жақсы. Материал жазып жатса,өзгелерге айтатын«шуылдамаңдар» деген «авторлық сөзі» бар.

Біз өкшелі туфлимен жүріп, «адам өзінен ешқашан ештеңе аямау керек» дейтін Гүлжанның киім таңдауда талғамы жоғары. Өйтпегенде ше, оның шаһардағы сауда орталықтардың бірінде екі бірдей бутигі бар. Яғни кәсіпкерлікпен қоса айналысады. Бүтіндей бір отбасының арқасүйеріне айналған мереке иесі іскерлігі жағынан анау-мынау жігіттен артық. Сөз тапқыш, өзін қорғай білетін Гүлжансаудада ғана емес, күнделікті өмірде деесепке жүйрік.

— 2003 жылы іссапармен Байғанин ауданының шалғайдағы Дияр, Оймауыт ауылдарына бардық. Шілденің шіліңгір ыстығы. Аталған ауданның бір ерекшелігі, ауылдарының арасы тым алшақ. Жолда көлігің бұзылса, «далада қалдым» дей бер. Ол кезде қазіргідей ұялы байланыс желісі де дамымаған. Содан Қарауылкелдіден шығып, аудан орталығынан 300 шақырым қашықтықтағы Диярға жол тарттық. Біршама жол жүрген соң әр тұстан дала өрті болып жатқанын көрдік. Ойымызда ешнәрсе жоқ, жол қысқарсын деп әңгіме айтып, арасында ән салып келеміз. Бір кезде байқасақ, жан-жақтан жалындаған алау бізге қарай жақындап келеді.Әне-міне дегенше, өрт құрсауында қалғандай болдық. Алла сақтап, Жем өзеніне келіп, соны паналадық қой. Көлік жүргізуші сол жердің  азаматы екен, сай-саланың бәрін білетіні кәдімгідей көмектесті. Сол кісінің арқасында өзен маңын жағалап, аман қалғанымыз бар, — деп қызықты әрі қорқынышты оқиғасын айтты Гүлжан.

P.S. Талантты төрттік өңірдегі іргелі білім ордасы — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті журналистика мамандығының тұңғыш түлектері. Алғашқы қарлығаштар, әріптестерімізді мерейтойымен құттықтай отырып, шығармашылық табыстар тілейміз.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button