Жаңалықтар

Генерал мектепке электронды тир алып берді

Шалқар қаласындағы №4 жалпы орта білім беретін мектепте генерал-лейтенант Болат Жанасаев атындағы патриоттық клубы ашылды.

Мектептің бір бөлмесінен 4 миллион теңгеге әскери-патриоттық замануи кабинет жасақталды. Жастардың алғашқы әскери дайындықтан өтуге және патриоттық сезімін қалыптастыру мақсатында ашылған кабинет ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту етілді. Онда генерал-лейтенант Болат Бақытжанұлының әскери өмір жолындағы суреттері ілініп, әр жылдары тарихи тұлғалармен түскен фотосурет көрмесі жасақталған.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ішкі істер әскерлерінің қолбасшысы, әскери салада ұзақ жыл қызмет етіп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан Болат Жанасаев — II дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері. Ол тәртібі мен талабы қатты әскери өмірдің барлық баспалдақтарынан өтті. Оның ісі кейінгі жастарға үлгі болуы үшін ашылған кабинетке өзі демеушілік жасады. Кабинеттің ішінде балалардың үйренуіне арналған қару-жарақтар, әскери киімдер, оқулықтар бар. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында тұратын шалқарлық генерал 1 миллион теңгеге

электронды тир ату жабдығын алып берген.

— Кабинетіміздің аты «Сұңқар» деп аталады.Алдағы уақытта түрлі жарыстарға осы атаумен шығатын боламыз. Генералболуды армандамайтын сарбаз жоқ. Ал Болат ағамыздың өмірі бізге қызық. Калашников автоматын құрастырушы М.Калашниковпен, Д.Қонаев, Елбасымызбен және басқада тарихи тұлғалармен кездескенде түскен суреттері «мен де осындай болсам екен» деген арманға жетелейді. Кабинет ашылғалы іші балалардан босаған емес. Қызығушылығы жоғары. Себебі мұнда тир атамыз. Әскери өнердің қыр-сырын үйреніп, өзімізді сарбаз сезінеміз, —дейді 11-сынып оқушысы, клубтың командирі Нұртілек Жолдасбаев.

Мектеп директоры Айғаным Ізтілеуованың айтуынша, мектепте 360 бала екі ауысыммен оқиды. Биыл білім ошағына 25 жыл толады.

Самат ЕСЕНҚҰЛ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button