Жаңалықтар

Қазына қарттар кеңес береді

Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері бірнеше ауданда болып, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Өткен аптада өзара кеңес өткізіп, алдағы жоспарларын талқылады.

Ауыл-елді аралаудағы негізгі мақсатымен ардагерлердің алдағы жоспары туралы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов айтып берді.

— Ардагерлер кеңесінің төрағасы болудағы мақсатым — облыс ардагерлеріне жағдай жасау, жастармен кездесулер өткізу, өңірдегі экономикалық-әлеуметтік, саяси мәселелердің шешілуіне атсалысу, аудандардағы, елді мекендердегі ақсақалдармен тығыз байланыс орнату. Қазіргі таңда өңірде 95 мыңнан астам ардагер бар. Менің бұл жауапты қызметке келгеніме көп бола қойған жоқ.

Жақында кезінде жауапты қызмет атқарған ақсақалдарымыздан жақсы бір ұсыныс түсті. Олар облыс төңірегінде атқарылып жатқан жұмыс барысын көзбен көргісі келетіндерін айтқан болатын, — дейді ол. Сөз арасында ақсақалдардың бұл ұсынысын қабыл алып, іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік берген облыс әкіміне алғысын білдірді.

Көркейген ауыл. Шаруасы алға жүріп, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған шаруалар. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов аудандарға барған сапар барысында осындай жұмыстарды көргенін айтты.

—  Мен ұзақ жылдар бойы Мұғалжар ауданында комсомол комитетінің хатшысы, совхоз директоры,атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімі қызметтерін атқардым. Ауданның, ауылдың жайын жақсы білемін. Бұрынғы ауыл мен қазіргі ауылдың жағдайын салыстыруға келмейді. Тәуелсіздік алған жылдары құлдырап кеткен ауылдар, бүгінде қайта жанданып, гүлденіп келеді. Біздің кеңес мүшелері бүгінгі күнге дейін Мәртөк, Қарғалы, Хромтау, Әйтеке би аудандарында болды. Сондай-ақ облыс әкімінің жұмыс сапары барысында Ойыл, Темір, Шалқар, Мұғалжар аудандарындағы жағдаймен танысып қайттым. Бір байқағаным, ауыл халқы еңбектің негізгі көзін тапқан секілді. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында мыңдаған кәсіпкер өз кәсібін ашып отыр. Сондай-ақ қай ауылға барсаң да, орталық көшелері асфальтталып, жарықтандырылған. Ауызсуы мен газы бар. Жаңа әкімдік ғимараттарында халыққа көрсетілетін қызмет түрлері де қолжетімді. Әр ауылда спорт алаңдары бар. Ал көп аудандабассейні бар денешынықтыру- сауықтыру орталықтары пайдалануға беріліп, кейбір аудандарда  құрылысы жүріп жатыр. Білім, денсаулық, мәдениет саласына да көңіл бөлінген.  Ауыл шаруашылығымен айналысып отырған шаруалардың дені техникаларын жаңартып алған. Ал жаңа техникамен өндірген өнім қашанда өнімдірек болатыны айтпаса да белгілі. Бұның барлығы әрине, мемлекет басшысының сарабдал саясатының, одан кейін сол бағытты дұрыс ұстап отырған облыс әкімінің арқасы, — деген Серік Шаңғұтов аудандарға барған сапар барысында кезінде жауапты қызмет атқарған тәжірибесі бар аға буын өкілдерінің халықпен кездесіп, өз кеңестерімен бөліскенін айтты.

— Біздің делегация құрамында бұрын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, совхоз директоры, аудан әкімі, ауыл шаруашылығы саласын басқарған азаматтар бар. Көп жылдықөмір тәжірибесі бар аға буынның ақылы, кеңесі шаруасын енді бастаған шаруаларға ешқашан артық болмайды. Сапар барысында қарапайым шаруалармен бетпе-бет жүздесіп, көкейде жүрген сұрақтарын талқыладық, — дейді Серік Шаңғұтов. Ол ендігі жоспарда аудан жастарымен кездесу тұрғанын айтып өтті.

— Біз аудандарға барғанда ауыл халқымен кездесіп, олардың қызығушылығы мен қажеттіліктерін байқадық. Ендігі жоспарымызда аудан жастарымен кездесу тұр. Жастарға қолдау қашанда қажет. Өйткені біздің болашағымыз — сол жастар.

Үлгі қылып көрсетер қарттарымызбен емен-жарқын әңгіме, жастарға жақсы сабақ ұйымдастырып, кәсіптік бағдар берсек дейміз. Қазір балалардың көбі бірден бастық болғысы келеді. Біз өмірдегі басты мақсат тек басшы болу емес екенін, білікті маман болу, тәжірибе жинақтау арқылы биік шыңдарды бағындыруға болатынын жастарға көрсеткіміз келеді.  Қазір ауыл шаруашылығы саласында механизатор, комбайншы секілді мамандар жетіспейді. Ауыл шаруашылығының күн санап өркендеп келе жатқанын көріп отырған біз осы ауыл шаруашылығына қажетті маман дайындауға біркісідей атсалысып, көмектесуіміз қажет.

Өңірде төрт түлік саны көбейіп келеді. Оның өзіндік себептері де бар. Өйткені тек біздің облыста ғана әр жылқы басына 20 мың теңгеден, ірі қара малға 30 мың теңгеден, қой басына 5 мың теңгеден жепшөп дайындауға және басқа да шығындарға субсидия берілді. Тек малдың жемшөбін дайындау үшін өткен жылы облыста 6 миллиард теңгеге жуық, ал биыл 7 миллиард теңгедей қаражат бөлінді. Оның игілігін шаруалар көріп отыр,— деген ардагерлер кеңесінің төрағасы облыс әкімінің қаражат бөліп, берілген тапсырмасының аудандарда уақтылы әрі сапалы түрде орындалып жатқанын айтты.

Бүгінде 95 мыңнан астам мүшесі бар ардагерлер кеңесі 5 жылда бір рет өтетін үлкен конференцияға дайындалып жатыр. Бұйырса, тамыз айында пленум мен президиумның мүшелері жаңадан сайланатын болады.

 Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін…

Түрікпенбай АЙЖАРЫҚОВ, ардагерлер кеңесінің мүшесі:

— Кезінде облыстың әр саласында басшылықта болған замандастарымызбен бірге аудандарда жасалып жатқан жұмыстарды көріп келдік. Мәртөк, Қарғалы, Әйтеке би, Хромтау аудандарында болып, далалық егіс жұмысымен танысып қайттық. Аталған аудандардың бөліп жаратыны жоқ, барлығында да егін шаруашылығы жақсы дамыған. Соңғы үш жылда егіс көлемі тіпті артыпты. Бұрын шаруалардың дені тек бидай мен арпа ғана егетін еді. Қазір шаруалар майлы дақылдармен қатар, мал азығына қажетті суармалы дақылдар көлемін де көбейткен. Оларды өңдейтін зауыттар салынып, өңірдегі экспорт үлесі артқан. Мәселен, Хромтау ауданындағы «Ақжар агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өсімдік майын өндіретін зауыт салып, өнімдерін экспортқа шығарып отыр. Шаруалардың дәстүрлі емес шаруашылыққа да ден қойғанын көзіміз көрді. Сондай-ақ шаруашылықтардағы еңбек өнімділігі де өте жоғары. Бұрын 10 трактордың атқарған жұмысын қазір бір трактор атқарып отыр.

Бүгінде техникасын жаңартқысы келетін шаруалар үшін қолдау да бар. Еңбекке бел шеше кіріскен ауыл азаматтары мұның да қыр-сырын меңгеріп алған.  Мәселен, техника алуға берілетін қаржының 25 пайызы республикалық бюджеттен төленсе, 10 пайызын облыстық бюджет төлейді. Ал шаруа қалған 65 пайызын жеңілдетілген түрде бөліп төлейді. Сондай-ақ жерге себетін тыңайтқыштардың құны да 50 пайызға арзандатылып беріледі екен. Бұл айтып отырғаным ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктердің бір бөлігі ғана.

Сапар барысында күн сайын көркейіп келе жатқан селолық округтердің де жағдайымен таныстық. Бұрын аудандарда болмайтын жағдайды ауылдан көруге болады. Тағы бір айта кетерлігі, қазір әрбір аудан үнемделген қаражатын өз керегіне жарататын болған. Бұл — аудандар үшін үлкен жеңілдік.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысына әкім болып келген кезінде «Ауылды малға, қаланы жанға толтыру — негізгі мақсатым» деген болатын. Аудандарға жасаған сапарымыз барысында мал басының да артып келе жатқанын байқадық. Айтылған нәрсе сол жерде қалмай, орындалып жатқанына да көзіміз жетті.

Серік БОТАҒАРИН, «Ардагер» қоғамдық қауымдастығының төрағасы:

— Мен кезінде Әйтеке би ауданына қарасты Комсомол (қазіргі Темірбек Жүргенов ауылы), Қарабұтақ ауылдарында, Мәртөк, Қобда аудандарында қызмет еттім. Ауылдың жайын өте жақсы білемін. Бірақ ол кездегі ауыл мен бүгінгі ауылдардың тіршілігі жер мен көктей екенін ардагерлер кеңесінің мүшелерімен бірге аудандарға жасаған сапар барысында байқадым. Бұған дейін халықтың әл-ауқатын арттыру жолында жасалып жатқан жұмыстар туралы БАҚ беттерінен көріп-оқып жүрміз ғой. Дегенмен көзбен көрген бөлек әңгіме екен. Жасыратыны жоқ, Оңдасын Сейілұлы облыс әкімі болып келгелі ауыл-аймаққа ерекше көңіл бөлінуде. Барлық ауылда заманауи талаптарға сай спорт кешендері, мәдениет орталықтары, жастар үйі бар.  Бір ғана мысал ретінде Қарғалы ауданындағы Қосестек ауылын айтайын. Ауылдың орталық көшесіне асфальт төселіп, тратуар салынған. Ауыл әкімдігі де жаңа ғимаратқа көшірілген. Бүгінде ветеринария бөлімі мен полиция бекеті де осы ғимаратта орналасқан. Сондай-ақ «Ашық әкімдік» кеңсесі жұмыс жасап тұр. Ауыл әкімі мұнда тұрғындардың мемлекеттік қызметтер мен мамандар кеңесін алу үшін барлық жағдай жасалғанын айтты.

Сондай-ақ біздің өңірде балық бордақылайтын шаруашылық бар екен. Шынымды айтсам, мұндай шаруашылық барын бірінші рет көрдім. Жастар да жалынды. Ауданды басқарып отырған әкімдердің дені — жастар. Істеріне ұқыпты, тиянақты екендері көрініп тұр. Жалпы, жұмыс жасаймын деген адамға қазір ауылда да, қала да қолдау бар. Оған біз көріп келген шаруалардың жұмысы мен шаруа қожалықтары айқын дәлел.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button