Экономика

Ауыл тұрғындарына арналған мүмкіндіктер

Елімізде қолға алынған «Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы аясында 14 облыстың ауыл тұрғындарын оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Ақтөбе облысының ауылдары да бар.

Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» гранты бойынша жүргізіліп жатқан бұл іс-шаралар кешенін ұйымдастыруды біздің өңірде «Ақтөбе облысының ҮЕҰ қауымдастығы» ЗТБ жауапкершілігіне алған.

«Әлеуметтік жобалау» тақырыбындағы оқыту курстарында қатысушылар ауылдық жерді дамытуға, өмір сапасын арттырып, маңызды мәселелерді шешуге бағытталған қандай бастамалар қолдауға ие болатыны туралы ақпарат алады. Қазіргі уақытта ұйымдастырушыларға веб-семинарларға қатысуға көптеген өтініш түскен.

Кей ауылдарда интернет байланысының нашарлығынан, яғни онлайн оқудың қиындығынан ватсап-чаттар ашылған, бұл чаттарда кеңес берушілермен тікелей байланыс орнатылады.

Байқау нәтижесінде әрқайсысы 50000 теңге болатын 60 шағын грант қарастырылған. Байқауға үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтар қатыса алады. Бұл ретте бастамашыл топ құрамында кемінде үш адам болуға тиіс.

— Қатысушылар ауылдағы мәселелерді, мәселен, мектептегі су құбырын жөндеу, әлеуметтік бағыттағы этноауылдар ашу, ауыл спортын дамыту секілді бастамаларды жиі көтереді. Байқауға қатысқысы келетін зейнеткерлердің де белсенділігі жоғары. Қатысушылар ауыл аумағын дамыту, ауыл тұрғындарының цифрлық, қаржылық сауаттылығын арттыру; білім беру саласында шетел тілдерін білу деңгейін арттыру; денсаулық сақтау саласындағы, денешынықтыру және спорт саласындағы бастамаларды қолдау; әлеуметтік мәселелерді, экологиялық проблемаларды шешу (жасыл технологиялар); тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу; кәсіпкерлікті дамыту, ауылда жұмыс орындарын ашу секілді бірнеше бағыттар бойынша шағын гранттар ала алады, — деді кеңес беруші тренер Гүлнәр Сейітжаппарова.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button