Экономика

Мұнай-газ саласындағылар жергілікті өнімді көбірек сатып алуы керек

Сатып алу саласында жергілікті қамту үлесін арттыру керек. Бұл мәселе жақында жергілікті атқарушы билік пен өңірлік кәсіпкерлік палатасы өкілдері қатысқан жиында талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен өткен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу саласындағы жергілікті қамтудың мониторингі жөніндегі комиссияның кезекті отырысына Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Иран Шархан, жергілікті өнім өндірушілер мен жер қойнауын пайдаланушылар қатысты.

Ермек Кенжеханұлы биылдан бастап отандық өнім өндірушілерге шартты жеңілдіктер ретінде тікелей преференциялар беру мүмкіндігін қарастыратын кезеңнің аяқталғанын атап өтті, себебі сатып алу  рәсімдері жалпы негізде жүзеге асырыла бастады.

«Осыған байланысты өндірушілердің тізімін жасау, алдын ала квалификациялық іріктеу жүргізу, келісімдер жасау секілді жанама қолдау шараларын қолға алу керек. Ресми мәліметтер бойынша, былтыр облыстың мұнай-газ секторы саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алған тауарлары, жұмыстар мен қызметтердің жалпы сомасы 130 миллиард теңге болды, оның ішінде қазақстандық өндірушілерден 82,2 миллиард теңгеге сатып алған, яғни жергілікті қамту үлесі — 62,9%. Жер қойнауын пайдаланушылардың барлығының дерлік тауарларды сатып алу саласындағы жергілікті қамту үлесі төмен болып отыр. 

Мұнай-газ секторындағы жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларының облыстың жалпы сатып алу құрылымындағы үлесі 51,2% екендігін ескерсек, бұл бағыттағы жергілікті қамтуды арттырудың ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосатынын бағамдау қиын емес. Бұл ретте отандық тауар өндірушілердің сапа мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағытындағы бастамаларын қолдауымыз керек», — деді ол.

Комиссия отырысында «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Мұнай КМК» АҚ, «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС, «ТетисАралГаз» ЖШС компанияларының сатып алу рәсімдері кезінде отандық өндірушілердің өнімдерін арттыру мәселелері де талқыланды.  Атап айтқанда, шикізат пен материалдардың бағасының қымбаттап кеткенін ескере отырып, сатып алу бағаларын көтеру қажеттігі қарастырылды. Сонымен бірге кейбір отандық өндірушілердің техникалық талаптарға сай келіп тұрса да сатып алуларға қатыса алмай отырғандығы, кейбір өнімдерге қатысты сынақ жүргізу процедураларын кешіктіру, сондай-ақ тапсырыс берушілер мен өндірушілер арасында қолданыстағы өндірістерді дамыту және жаңа өндірістер ашуға ынталандыратын өзара қарым-қатынас орнату мәселелері де талқыланды.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасованың айтуынша, қазіргі кезде отандық өндірушілер үшін басты проблемалардың бірі — өнім өткізу.

— Жер қойнауын пайдаланушылардың үлкен қажеттіліктерін ескере отырып, өз өнімдерін осы сатып алулар шеңберінде сату кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік береді.

Жер қойнауын пайдаланушылардың қажеттіліктерінің ауқымды екендігін ескерсек, сатып алу шеңберінде өз өнімдерін өткізу — отандық өндірушілер үшін үлкен мүмкіндік. Дегенмен бүгінде тапсырыс берушілер жергілікті өндірушілерге қажет деңгейде қолдау білдірмей отыр, олар әдетте импорттық өнімдерді сатып алғанды жөн көреді. Жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық тауарларды сатып алуға дайын екендігін айтқанымен, кәсіпкерлер сатып алу бағаларының төмендігі, техникалық спецификацияларға қойылатын қажетсіз талаптардың көптігі, өнімді сынақтан өткізу мерзімінің кешіктірілуі секілді көптеген кедергілерге тап болып отыр, — деді С.Шынтасова.

Палата өкілінің айтуынша, тапсырыс берушілер мен өндірушілер арасында тікелей келісімшарттар жасасу да бұл мәселенің түйінін шешуге көмек болар еді. Бұл ретте «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік коғамының былтыр жыл аяғында бірнеше жергілікті өнім өндірушілермен жасасқан келісімшарттары мысалға келтірілді. Соның нәтижесінде «Global-Spetsodezhda», «Life4Job»,  «КазКагаз», «Грант», «Адал», «Арт Трейд ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, Исаев ЖК, саңыраулар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорындарының өз өнімін сатуға мүмкіндігі болған.

— Жергілікті өндірушілердің әлеуеті жоғары, егер осындай келісімдер нәтижесінде өндірушілер кәсіп аясын кеңейтіп, өнім саны мен түрін арттырса, отандық бизнестің  дамуына үлкен қолдау болар еді. Осы ретте келісімдер аясында өнімдер тізімін арттыруды ұсынамыз, — деді С.Шынтасова.

Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Иран Шархан жер қойнауын пайдаланушылар өндірушілердің өндірістік алаңдарында кездесулер өткізіп, сатып алынатын өнімнің техникалық талаптарын, өзара тиімді шарттарды талқылау бойынша келіссөздер жүргізу қажеттігін, осылайша отандық өнім өндірушілермен тығыз байланыс орнатуға болатынын атап өтті.

КӘСІБІН ҮЙДЕ ТОРТ ПІСІРУДЕН БАСТАДЫ

Ақтөбелік Диана Маралова «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, үйінің ас бөлмесінен өз кәсібін ашты. Ол аталған жоба бойынша курсқа қатысып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде  (505 мың теңге) грант ұтып алған-ды. Осылайша нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы ұсынған жоба шеңберінде торт пісіруге қажетті пеш, миксер, торт салатын қалып секілді қажетті құралдар сатып алған.   

— «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша бір ай курсқа қатысып білім алдым. Бұл курстарда бизнес-тренерлер бізге жеке кәсіпкерлік ашу рәсімдерінен бастап өз кәсібіңнің есеп-қисабын жүргізу, тегін жарнамалау, тұтынушымен байланыс жасауға дейінгінің бәрін үйретті. Қазіргі тұтынушының қандай тортқа сұранысы жоғары екендігін, үйде торт пісіру бизнесін ашу үшін қандай құралдар қажет екендігін, жарнама беруде әлеуметтік желілермен жұмыс істеу секілді бағыттар бойынша кеңес алдым, — дейді Диана.

Бүгінде Диана Маралова тек торт қана емес, маффин, панкейк, чизкейк секілді құймақтардың, тәтті кондитерлік өнімдердің түр-түрін дайындайды.

Әзірге Диана кондитерлік өнімдерді өз үйінің ас бөлмесінде әзірлейді. Болашақта мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы институттарынан жеңілдікпен несие алып, кәсібін кеңейтпек ниетте: жеке кондитерлік цехын, дүкенін ашып, жеке брендін қалыптастырмақ.

— Негізгі мамандығым —  дизайнер-программист. Кондитерлік өнімдерді дайындау кезінде мамандығымның да пайдасы бар. Негізі торт пісіру — үйде балалармен, декреттік демалыста отырған аналар үшін өте тиімді бизнес. Торт пісірудің өз ләззаты бар. Торт, тәтті кондитерлік өнімдер  —  туған күн, үйлену тойы секілді түрлі мерекелердің негізгі атрибуттарының бірі ғой, сондықтан біреуге қуаныш сыйлау ісіңе шабыт береді. Екіншіден, торт пісіру кәсібін үйде отырып-ақ дамыта беруге болады, себебі әр әйелдің асханасында торт пісіруге арналған құралдар болады. Үшіншіден, кейде әйел адамдар декретте бала күтімімен үйде отырғанда қоғамнан бөлініп қалғандай күй кешеді, осы ретте өз кәсібіңді жүргізу кезінде қоғамға керек екеніңді сезінесің, — дейді Диана.

Диана екі баланың анасы. Үй шаруасы мен кәсібін қатар атқарып отырған жас ана өз өнімдерін инстаргамдағы diana_cake парақшасы арқылы жарнамалайды.

 

P.S.«Бастау-Бизнес» жобасы аясындағы оқулар екінші жыл қатарынан «Atameken Academy» онлайн-платформасы арқылы қашықтан жүргізіліп келеді. Ақтөбе облысында биылғы оқыту курстары 5 кезең бойынша өткізіледі.  Бірінші кезеңде  555 тыңдаушы оқытылды, қазір екінші лек бойынша 382 адам білім алып жатыр.

Облыс бойынша барлығы 1200 тұрғын кәсіпкерлік негіздері бойынша тегін оқудан өте алады.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасованың айтуынша, 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында жүргізіліп келе жатқан «Бастау-Бизнес» жобасының мақсаты — тұрғындарға кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрету. 

«Былтыр облыста 1404 адам кәсіпкерлік негіздері курстарына қатысты. Соның ішінде 1006 адам жалпы сомасы 1036,0 миллион теңге көлемінде грантқа ие болды. Жалпы алғанда, «Бастау-Бизнес» жобасы іске асырылғалы бері Ақтөбе облысында 9 345 адам курсқа қатысып, білім алды», — дейді С.Шынтасова.

Бұл жобаға жұмыссыздар, еңбек етуге қабілеті бар мүгедектер, жастар, аз қамтылған, көпбалалы отбасы мүшелері, ауыл шаруашылығы кооперативтері, шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтардың, зәкірлік кооперациялардың зейнет жасына жетпеген мүшелері, оралмандар қатыса алады. 

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button