Экономика

Мамыр: мамыражай ай болды ма?

Шолу

Сонымен, көктемнің соңғы айы да аяқталды. Бұл айда аз шаруа атқарылған жоқ. Ең бастысы, өңірде егіс салу жұмыстары жоспарланған деңгейде жүзеге асты.

Кәсіпкерлік нысандары күрделі жағдайға қарамастан, өз жұмыстарын жалғастыруда. Тұрғын үй, басқа да әлеуметтік құрылыстар қарқын алуда. Жол жөндеу жұмыстары жүзеге асырылып, айналаны абаттандыру, көріктендіру шаралары қолға алынды.    

Аудандардың дамуы — басты бағдарда

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бұл айда бірнеше ауданды аралап, жергілікті жерлерде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, шешімін күткен мәселелерді зерделеді.

Ойыл өңіріндегі жеке кәсіпкер Спартак Төремұратов биыл суландыру жүйесінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда. Ол бұған дейін 130 гектар суармалы алқап игілігін көріп келді, енді таяуда оны 200 гектарға ұлғайтты.

Темір ауданында да жеке кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін тиімді пайдалануда.       Әйтеке би ауданындағы «Қонысбай» шаруа қожалығы мал бордақылау алаңын салуды көздеп отыр. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы құжаттарын тапсырып, шаруа ауқымын кеңейтуді көздеген жеке кәсіпкер қой бағасының бұрынғыдан көтеріліп кеткенін айтады. 

Облыстың ірі аграрлық аудандарының бірі болып саналатын бұл өңір үшін суармалы жерлерді көбейту және малды жемшөппен қамтамасыз ету жұмыстары өзекті мәселе болып қала береді. Облыс әкімі былтыр Аралтөбе ауылында реконструкциялау үшін 3,5 миллион теңге бөлінген су қоймасын қарап шықты.

Мәртөк пен Қарғалы аудандарында болғанда облыс басшысы жердің тиімді пайдаланылуына назар аударды. Бұл ретте суармалы жерлерді ұлғайту қажеттігі жиі айтылды.

Мәртөк ауданында «Әлем» шаруа қожалығы суармалы егістік жерден бөлек, балық шаруашылығын қолға алған. Қазіргі таңда Аққайың ауылының маңындағы бөгетте тұқы балығын өсіріп отыр.

Орал-Қобда тасжолының бойындағы «Кемал» кемпингі Қобдадан 85 шақырым жерде орналасқан. Екі қабатты, сәулетті ғимарат жолаушыларды тәулік бойы қабылдайды. Мұнда 24 орындық қонақүй бар.

Облыс басшысы аудандарды аралағанда басқа да көптеген жақсы істерді көріп, бағасын көрді, бірқатар жаңа бағыттарды белгіледі.

Сауда және логистика дами түседі

Ақтөбе облысы мен Орынбор өңірі арасындағы экономикалық және әлеуметтік-мәдени ынтымақтастық мәселелері жандана түспекші.

Қазақстан-Ресей шекарасының уақытша жабылуына байланысты логистика және сауда саласындағы өзара ынтымақтастық маңызды бола түскені анық. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының Орынбор облысымен тауар айналымы 106 миллион АҚШ долларынан асты.

Былтыр ақтөбелік шаруа қожалықтары 30 тонна сиыр етін, 15,3 тонна сүт өнімдерін, 25,6 тонна май, 165 тонна ұн, 36,2 тонна макарон өнімдерін және 736,6 тонна жылыжай өнімдерін экспорттады.

Орынбор облысының губернаторы Денис Паслер облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесуінде алдағы маңызды бағыттар келісілді.

«Ashyq» жобасы қауіпсіздікті анықтайды

Өңірде іске қосылған «Ashyq» жобасының басты артықшылығы — қауіпсіздік. «Ashyq» қосымшасы  QR-код арқылы қоғамдық орынға келушінің ковид статусын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл бизнес өкілдерінің санитарлық нормаларды сақтауымен қатар, қосымша бақылауды қамтамасыз етуіне де жол ашады.

Бүгінгі күні кәсіпкерлер арасында «Ashyq» жобасына қатысушылар саны көбейе түсуде.

Облыс «сары аймақта» болған тұста Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес бірқатар бизнес нысандары шектеу режимінде жұмыс жасады. Алайда қызметіне тыйым салынған кейбір кәсіпкерлік субъектілері егер «Ashyq» пилоттық жобасының қатысушылары болса, шектеу шараларына қарамастан, тіпті локдаун жағдайында да жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Кәсіпкерлер QR-код алу үшін infokazakhstan.kz сайтына өтінім береді. «Ashyq» мобильді қосымшасын қолдану онша күрделі емес. Нысанға кіреберісте клиент қосымша арқылы QR-кодты енгізген кезде оның қай топқа жататынын бірден білуге болады.

Грант — ауылдағы кәсіпкерлерге

Еліміздің төрт облысында — жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, тұрғындардың қоғамдық маңызды шешім қабылдау процесіне қатысуына мүмкіндік беретін пилоттық Community орталықтары құрылады. Солардың қатарында Ақтөбе де бар.

Бұл орталықтарда сарапшылар тұрғындарға жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, қоғамдық маңызды шешім қабылдау процестеріне қатысу мүмкіндіктері туралы кеңес береді.  Яғни тұрғындардың жергілікті жерлерде жиналыстар ұйымдастыру, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамалық нормалар жайында толыққанды ақпараттар алуына мүмкіндігі болады.

Орталықтар Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» атты гранттық жоба аясында құрылып, жұмыс істейді.

Осы гранттық жоба аясында ауылдық жерлеріндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған әлеуметтік идеяларды іске асыру үшін шағын гранттарға байқау жарияланды.

Байқауға үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтар қатыса алады.

 Ауыл шаруасы ажарлы ма?

«Ақтөбе» газеті нақ қазіргі тұстағы ауыл өмірін кеңінен көрсету мақсатында арнайы іссапарлар ұйымдастыруда. Осы бағдар ауқымында Ырғыз өңірінен дайындалған айқара беттен оқырмандар көптеген жақсы жаңалықтармен хабардар бола алады.

Мәселен, аудандық мешіт пен аурухана күрделі жөндеуден өткен, бірқатар елді мекендерге интернет желісі тартылыпты. Бірнеше ауылға ауызсу, газ тартылуда, көшелер жөнделіп жатыр. Сондай-ақ Ырғыз жерінен шыққан белгілі тұлғаларды ұлықтауға бағытталған жаңа іс-шаралар қолға алыныпты.

Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан кең қолдау жасалуда. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған конкурста 2,5 миллион теңгелік грант ұтып алған жеке кәсіпкер Құралай Берекеш жабдықтаған этноауыл ұлттық құндылықтарды насихаттаудың бір тиімді көзі болып отыр.

Отбасымен мал шаруашылығын дамытуды қолға алған жеке кәсіпкер Миуа Дуанбекова мемлекеттен 4 миллион 200 мың теңге несие алып, баспақ сатып алған. Қазір алған малы өсіп, ірі қара саны 200-ге жеткен. Олардың арасында асылтұқымды сиырлар да бар.

Осындай оңды шаруалар әр ауылда да атқарылуда.

Концерттер — ашық аспан астында

Мамыр айынан Ақтөбе қаласында ашық аспан астындағы концерттер басталды.

Мұндағы мақсат — сақтық шараларын қолдана отырып, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлау, жастардың музыкаға деген талғамын қалыптастырып, қоғамдық іс-шараларға тарту. Бұл жоба жаз бойы жалғасатын болады. Яғни әр жұма, сенбі күндері кешкісін ашық алаңдарда концерттер өтеді.

Ашық аспан астындағы концерттерге Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж, Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры, облыстық халық шығармашылығы орталығы, қалалық Мәдениет үйі, Сазды Мәдениет үйі,  Қазанғап  атындағы балалар өнер мектебінің үрлемелі аспаптар оркестрі, №1, 2 балалар музыка мектептері, Ақтөбе қалалық Оқушылар сарайы, Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығы, жергілікті университеттер атсалысып, түрлі мәдени бағдарламаларды халыққа ұсынуда.

«Екі езу» ел көңілінен шықты

«Екі езу» сатира театры Қостанайда өткен әзіл-сықақ театрларының «Мірдің оғы» атты республикалық фестивалінде С.Кенжеахметов атындағы жүлдені жеңіп алды.

Бұл — сатирик-жазушы, ғалым-этнограф Сейіт Кенжеахметовтің құрметіне ұйымдастырылған фестивалдің ең жоғары жүлдесі.

Аталған сайысқа «Екі езуден» бөлек, Қостанай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарынан танымал әзіл-сықақ театрлары қатысты. Қазылар алқасына белгілі сатирик-жазушы Көпен Әмірбек төрағалық жасады.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияға қарасты «Екі езу» сатира театры 2019 жылы да осы фестивальдің жеңімпазы атанған болатын.

* * *

Кеше ел болып саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, олардың рухына тағзым еттік.

Бүгін —Халықаралық балаларды қорғау күні.

Біздің болашағымыз — жас өрендеріміздің жүзі жарқын болып, келешектері кемелді бола бергей!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button