Басты жаңалықтарТарих

Қуғын-сүргін қасіреті: неге жалған деректер таралады?

31 мамыр елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтіледі. ХХ ғасырдың 20-50 жылдарында КСРО-да Сталиннің басшылығымен жүргізілген саяси науқандар — ұжымдастыру, байларды тап ретінде жою, 1937-1939 жылдардағы репрессияның салдарынан халқымыз орасан зор адам шығынына, қайғы-қасіретке ұшырады.

Ұжымдастыру мен кәмпескелеуді желеу еткен ұрандардың соңы 1932-1933 жылдардағы алапат ашаршылыққа ұласты. Осы ашаршылық салдарынан қазақ халқының 50 пайызы, кей деректерде тіпті 70 пайызы қырылған. Халықтың 90 пайызы қара шаңырақ, ата-бабадан бері иемденген тұрғылықты жерін қалдырып, аман қалу үшін, жаяу-жалпы беті ауған жаққа босып кеткен. Зұлматтан кейінгі жылдарда солардың аз бөлігі ғана өз үйіне қайта оралды: басым бөлігі босып жүріп, аштан қырылса, енді бір бөлігі шетелге, бұрынғы КСРО құрамындағы республикаларға өтіп кеткен.

Демограф Мақаш Тәтімов 1926 және 1939 жылдардағы санақтардың қорытындыларын салыстыра отырып, осы аралықта Қазақстандағы қазақтардың саны едәуір кемісе, бұрынғы одақтас республикаларда, керісінше: РСФСР-да қазақтар саны — 2,5  есе, Өзбекстанда — 1,7 есе, Қырғызстанда — 10 есе, Тәжікстан мен Түрікменстанда, шамамен, 20-30 есе, ал Украина мен Кавказда 100 есе өскенін жазыпты. Мына дерекке назар аударыңыз: осы уақытта Қазақстанда қала халқының саны үш есе өсіп, ауыл халқының саны 2,5 есе кеміген. Ал бұл тұста Қазақстанның қалаларында, негізінен, өзге ұлт өкілдері, ал ауылдарда қазақтар тұрғаны белгілі. Ірі қалаларда индустриализация жүргізіліп, жұмысшы табын қалыптастыру мақсаты алға қойылды, сөйтіп, қала халқы сталиндік биліктің тікелей қамқорлығында болды.

Ол жылдары қазақ даласын ашаршылықпен қоса, ішек сүзегі індеті жайлаған. Аштық пен індет әлсіреткен жұрттың бір бөлігі боса жүріп қалаға да жеткенмен, зауыт-фабрикаларға, нәпақа табуға болатын басқа да орындарға оларды жолата қоймағаны түсінікті.

Ал шағын елді мекендердегі өзге ұлттар өкілдеріне келсек, Мақаш Тәтімов жазғандай: «Сол бір алмағайып, зобалаң тиген таршылық жылдары бұл халықтардың өкілдері бас сауғалап, әл-ауқаты тәуірлері Сібірге (украиндар), Өзбекстанға (өзбектер), Құлжаға (ұйғырлар) шұбырды. Сөйтіп, олар дін аман қалды. Кейін Қазақстанға қайтып та жатты».

Алайда кейіннен 1932-1933 жылдардағы аштық жайында, бұл зұлматта көршілес республикалар, тіпті қазақ жеріндегі өзге ұлттар да аман қалып, неліктен қазақтардың ғана қырылғаны туралы айтыла қалғанда, партия идеологтарының сөзді қазақтардың еш кәсіпке «қыры жоқтығы», «жалқаулығы» секілді қауесеттермен қысқа қайырудан басқа амалы болмаған.

Партия жандайшаптарының өз кінәсін бүркемелеуге тырысуынан туған осындай қитұрқылықтар халқымыздың атына түрлі жала, келеңсіздіктерді жамаған үстіне жамай беріп, бірте-бірте «озық ойлы, алдыңғы қатарлы» көрінгісі келетін кейбір қазақтардың өзі ондай пікірлерді «қызу» қолдауға көшті.

Аштық, ұжымдастыру, соғыс пен одан кейінгі жылдардың бейнетінен аман қалған халыққа бейбіт күнде де мал басын көбейтіп, сол арқылы тұрмысын түзеуіне жол берілмеді. Хрущев билігі тұсында, 1956 жылдың 27 тамызында КСРО үкіметі «Қалалық жерлерде мал ұстайтын азаматтарға ақшалай салық салу» және «Мемлекеттік қордан нан және басқа да азық-түлік өнімдерін малға азық ретінде шығындаумен күрес шаралары туралы» қаулылар қабылдады. Бұл құжаттарда көрсетілген талаптарды орындау жеке шаруашылықта мал өсіруді тиімсіз кәсіпке айналдырды. Өйткені қаладағылар мал ұстағаны үшін көп мөлшерде салық төлесе, ауылдағылар мал өнімдерін міндетті түрде мемлекетке өткізуге тиіс болды. Мұндай қатаң талап тек мал өсірушілерге ғана бағытталды. Ал өз бау-бақша өнімдерін сататын халықтар ондай қысымға ұшыраған жоқ. Хрушев биліктен кеткеннен кейін іле-шала жоғарыдағы қаулылардың күші жойылған. Қазақтың жадында сол кезден: «Хрущев алған байталды, Брежнев келіп қайтарды» деген сөз де қалды. Дегенмен, зерттеушілердің айтуынша, қаулының күші жойылғанмен, оның санадағы ізі бірден өше қоймайды, яғни халықтың көрсетілген қысымды ұмытып, қайтадан жеке қолда мал басын көбейтуге ұмтылуы үшін тағы да уақыт керек еді.

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы дүрбелеңдерден кейін қазақтардың өз тұрмысын түзей алмауына себеп болған осындай жайттар да айтылуы, зерттелуі керек.

Тағы бір жайтқа тоқталсақ: 2000-жылдардың басында біздің газетіміздің редакциясында академик Сайым Балмұқанов болды. Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап, Алматы медицина институтының рентгенорадиология кафедрасының меңгерушісі, одан соң онкология және радиология институтында директордың орынбасары, директор болып еңбек еткен ғалым Семей өңірі қазақтарының арасында қатерлі ісік, туберкулез, басқа да ауыр дерттердің жиі кездесетініне назар аударып, осыны жоғары жаққа, яғни Мәскеуге жеткізгісі келген. Бірақ Семей жеріндегі ядролық полигонда жасалып жатқан сынақтарды, олардың зардаптары туралы деректерді барынша жасырын ұстауға мүдделі Мәскеу бұлталақтап, академик Балмұқановтың өзінен естігеніміздей, қазақтардың «салақтығын», «гигиена талаптарын сақтамайтынын» алға тартумен болған. Өзі қазақтың жерінде ядролық сынақ өткізіп, яғни қазақ халқына қарсы орасан ауыр қылмыс жасап отырған Мәскеу осыны жасыру үшін бүкіл халыққа «салақ» деген атты жапсыра салған.

Қазаққа жапсырылған сондай «қасиеттің» тағы бірі — «бірін-бірі көре алмайтыны». Қазақтың «сатқындығына», «көре алмаушылығына» қатысты әңгімелер, әсіресе 31 мамыр қарсаңында желдей еседі. Былтыр Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына бір журналист (солай деп көрсетілген) мынадай ақпарат берді: «37 жылы «халық жауы» болып атылғандар саны ұлтқа шаққанда тәжік — 1, өзбек — 7, қырғыз — 40, ал 25 000 қазақ көз жұмыпты». (Сөйлемін сол қалпында алдық). Мұндай жазбаға ілесе халқымыздың «күндеуден рекорд болып тұрғаны», зиялылардың «сатқындығы», т.с.с. пікірлер шұбыратыны түсінікті. Ал енді бір Facebook қолданушысы биыл нақ осы «деректерді» қазақтың «мықтылығын» (яғни күрескері көп болған, сондықтан көп қырылған деген мағынада) көрсету үшін жария етіпті.

Біріншіден, Орталық Азиядағы көрші жұрттардан гөрі қазақтың арасында репрессия құрбандарының көбірек екені, бәлкім, шындық болар, бірақ оны түсіндіруге бадырайып тұрған басқа да себептер жеткілікті: ХХ ғасырдың басында қазақтың саны, жер көлемі жөнінен аймақтағы ең үлкен ұлт болғаны, сонымен қатар қазақ оқығандарының саяси белсенділігі де жоғары, патша заманында-ақ Әлихан Бөкейханның жетекшілігімен ұлт мүддесі үшін көптеген істерді тындыруға тырысқаны, қазақ зиялыларының Ленинге дейін жүгініп, әркімге қолды болғалы тұрған қазақ жерінің басым бөлігін қайтарып ала алғаны…

1937 жылы 5 тамызда Ұзақбай Құлымбетов қамалды. Келесі күні республикалық «Казахстанская правда» газетінің бас мақаласы «Беспощадно выкорчевать из всех щелей национал-фашистскую мразь» деген атпен шықты. Осы мақалада Құлымбетов, Сейфуллин секілді ең жоғары лауазымдарда болған арыстарымыз «большевиктік партияның қатарына алаш ұйымдарының тапсырмасымен кірген» деп айыпталады. Бұл алауыздық емес, керісінше, мұртты «көсем» жандайшаптарының «қазақ зиялылары әр партияда болғанмен, шын мәнінде, бір-бірінің айтқанын істеп жүр» деп күдіктенгенін меңземей ме? Яғни репрессия тұсында қазақ зиялыларын айыптау үшін партия олардың бірлігін алға тартады да; ал кейін өзін ақтау, Сталин мен коммунистердің «кінәсі жоқ» деген пікір қалыптастыру үшін қазаққа «алауыздық» дертін жапсыра қояды…

Екіншіден, жоғарыда келтірілген «ұлтқа шаққанда тәжік — 1, өзбек — 7, қырғыз — 40, ал 25 000 қазақ» репрессияға ұшырады деген дерек шындыққа мүлде жанаспайды. Расында, бұл жалған дерекке сенген адамның қазақтың «алауыздығына» да сенуі оп-оңай: неге өзгелер біз секілді зардап шекпеген деген ой өзінен-өзі туындамақ…

ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси репрессиядан КСРО құрамындағы көптеген халықтар, соның ішінде өзбек, тәжік, қырғыз сынды Орталық Азия халықтары да орасан зардап шекті. Бірақ солардың арасынан саяси қуғын-сүргін мен оның зардаптары туралы сөз қозғауға, зерттеулер жүргізуге, құрбандарды ақтауға ең белсенді кіріскен ел — Қазақстан. Бұл — біздің емес, ресейлік архив мамандарының пікірі. Әрине, белсенді кіріскеннен кейін, қазақ зерттеушілері осы тақырыпты басқалардан гөрі көбірек қозғайды, сондықтан тарихты терең білмейтін кейбір қазақ оқырмандарына бұл тек біздің халқымыздың басындағы қасірет секілді көрінуі де мүмкін. Ал, шынтуайтына келгенде, Қазақстанның өзінен-ақ репрессияға ұшырағандардың арасында басқа ұлт өкілдері көп болды және олардың басым бөлігі қазағы жоқ немесе мүлде аз елді мекендерде тұрған.

Орталық Азия елдеріне оралсақ, мысалы, Тәжікстанда ресми дерек бойынша 1937-1938 жылдары 15 704 адам репрессияға ұшыраған. Дегенмен тәжік тарихшылары мен зерттеушілері «қызыл террордан» жапа шеккендердің саны ресми деректегіден әлдеқайда көп, тек «тарихтың бұл тұсы бізде аз зерттелген» деп есептейді.

Қырғызстанда зерттеушілер 1920-1930 жылдары — 30 мың, ал 1940-1950 жылдары тағы да 10 мың адамның қуғын-сүргінге ұшырағанын айтады. 1990-жылдардың басында қырғыздар Бішкектен 30 шақырым  жерде жатқан Чон-Таш ауылы маңынан репрессия кезінде атылған 138 адамның көмілген жерін кездейсоқ тапты. Кейіннен олардың 19 түрлі ұлттың өкілдері екені анықталыпты…

Өзбекстанда 2008 жылы авторлар тобы саяси репрессия құрбандарына арналған төрт томдық зерттеуді жарыққа шығарған. Осы еңбекте көрсетілгендей, 1937 жылдың 30 қыркүйегіне дейін-ақ, өзбек республикасында 10 700 адам ұсталып, оның 3613-і ату жазасына кесілген, 7087 адам 8-10 жыл мерзімге айдауға кеткен. Ал 13-28 қараша аралығында тағы да 1611 адам сотталған… Қарашадан кейін де репрессия жалғаса бергені белгілі…

Репрессия кезінде көп кездескен бірін-бірі ұстап беру, бір-бірінің үстінен куәлік ету оқиғалары да — тек қазақ емес, басқаларды да алаңдататын мәселе. 2013 жылы Ақтөбеде саяси репрессияның зардаптары мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Оған Мәскеудегі Әулие Филарет православтық-христиандық институтының мамандары да қатысты. Осы жиында ақтөбелік зерттеушілер архивтерде құпия жатқан деректердің ашылуына үлкен уайыммен қарайтындарын, өйткені «бұлтартпас» деректер арқылы «Менің атамды сенің атаң ұстап берген» деген мазмұндағы дау-дамайлардың шығатыны, ал шын мәнінде біреудің үстінен мәлімет «көрсеткен» адамның сол сәтте нендей құжатқа қол қойып отырғанынан мүлде бейхабар болуы да мүмкін екені, «халық жауларының» үстінен «мәліметтер» жинаудың алдын ала ойластырылған жүйе бойынша жүргізілгені туралы айтты. Мәскеуден келген мамандардың бірі: «Бірін-бірі әдейі ұстап берген деген жалған пікір орыстар туралы да әрдайым айтылады. Бұл — қуғын-сүргіннен зардап шеккен халықтардың санасына сіңіріліп отырған жала, бұған тойтарыс беру керек», — деді. Жуырда интернеттен свердловтық Татьяна Круглованың әңгімесін оқыдым (the-village.ru сайтында). Оның нағашы атасы Андрей Чистов репрессияға ұшырап, 1938 жылы атылған. Соған қатысты ізденіп, архив деректерін ақтара келгенде… нағашы атасын көрсеткен адам өзінің туған атасы болып шыққан. Яғни бір атасы бір атасын ұстатып жіберген. Міне, осындай қасіреттер бұрынғы КСРО-дағы қай халықтың да басында бар, ал оның түпкі себептері, кім кінәлі, адамдар неге ондай қадамдарға барды деген мәселелер әлі толық зерттеліп біткен жоқ, нүктесін қоюға әлі тым ерте. Ендеше, бір халыққа, соның ішінде туған халқыңа күні бұрын күйе жаға салу да жөн болмас…

Жалпы, әр ұлттың өзіне сын көзбен қарауы — керек қасиет. Оны мойындасаң да, ақ-қарасын айырып жатпай-ақ, бүкіл адам баласына тән жамандық атаулының бәрін туған халқына «жекешелендіріп» беруге құлшынып тұратын жандарды түсіну, қабылдау қиын. Кешегі отаршылдық дәуірде қазақтың санасына туған тілінен безіну, басқа да рухани кеселдер әбден сіңірілді. Бұл да соның бірі болса керек.

2020 жылы 1 наурыз — Алғыс айту күнінде Жамбыл облысының Қордай ауданында өткен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ халқы бейқам, жалқау, еріншек, оның қолынан ешқандай жұмыс келмейді» деген жағымсыз әңгімелерді доғару керек», — деді. Мемлекет басшысының бұл пікірін тек «жалқаулыққа» ғана емес, отаршылдық дәуірде қазақтың көрген қайғы-қасіретінің түпкі, шын себептерін бүркемелеу мақсатымен санаға сіңірілген барлық келеңсіздік атаулыға қатысты деп қабылдау керек. Соның ішінде, әсіресе халқымыздың бірлігі мен ынтымағына қатысты кертартпа, теріс пікірлердің таралуы өткенге  — үлкен қиянат, болашаққа — зор қауіп. Біздіңше бұл, ең алдымен, ұлан-ғайыр Ұлы даланың о шеті мен бұ шетінде жүріп бір тілде сөйлеп, бірдей салт-дәстүрді ұстанып, бірлігін мығым сақтай білген ата-бабалардың рухына зор қиянат болмақ.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button