Экономика

Бизнестің бастауы

«Бастау-бизнес» жобасының екінші легін оқыту 24 мамырда басталады. Оқыту 5 кезеңнен тұрады. Коронавирус індетінің қаупін азайту мақсатында оқыту «Atameken Academy» онлайн-платформасы арқылы қашықтан жүргізіледі.

Оқуға қатысу үшін азаматтар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесімен қатар, жұмыспен қамту орталықтарына өтінім жазуы керек. Жобаға қатысуға үміткер атанған соң, жұмыспен қамту орталықтары оқуға жолдама береді. Жолдама алу үшін үміткер Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасына немесе оның аудандық, қалалық филиалдарына жүгінеді.  Оқу мерзімі 21 күннен аспайды. Оқуды сәтті аяқтаған жоба қатысушылары сертификат және 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде грант алуға, сондай-ақ өз ісін ашуға 6% жеңілдікпен микрокредит алуға үміткер бола алады. Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілер кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды және курстарда оқи алмайды. Сондай-ақ бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдер орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарының студенттері курстың тыңдаушысы бола алмайды. Оқыту жұмыстары биыл 5 лек бойынша ұйымдастырылады және ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады.

2021 жылы өңірдің 1404 жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлері бизнес негіздерін оқыды. Өткен жылдары аяқтағандарды ескере отырып, жоба бойынша оқытылғандардың ішінен жалпы сомасы 1036,0 млн. теңгеге 1006 адам қаржыландырылған. «Бастау-бизнес» жобасы жүзеге асырылғаннан бері Ақтөбе облысында барлығы 9 345 адам оқытылды.

Бүгінгі таңда облыстың 600 тұрғыны «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша білім алуда.

Бірінші лек «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 26 сәуірде оқуға кірісті.

Оқып жатқандардың орташа жасы — 35-40 жас. Көбі — әйелдер.  Жоба аясында оқып жатқандардың бірі ақтөбелік Айна Баймұханова кәсіпкерлер палатасының өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында бизнес-жоспарын әзірлеуге кіріскен. Бір жылдан бері кәсіпкерлік саласына бет бұрған ол грант иегері атанудан үмітті. Жобасы сәтті аяқталса, кір сабын жасайтын цех ашуды көздеп отыр.

«Бастау-бизнес» арқылы бойынша оқуға қатысудың барлық мәселелері бойынша келесі байланыс нөмірлерінен кеңес алуға болады: +7 (7132) 744-615 (ішкі.1514), +7 775 550 9003 (Ақтөбе облысының «Атамекен», кәсіпкерлер палатасы), +7 (7132) 41-73-29 (Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту орталығы).

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button