Спорт

Тағы да шапшаң гол соғылды

Премьер-Лига

18 мамыр күні 12-турдың үш кездесуі өтті.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Қайратпен» кездесті.

Бұрынғы көрініс тағы да қайталанды. Жерлестеріміз тағы да шапшаң гол жіберіп алды. Бұл — біздің қақпамызға биылғы чемпионатта жетінші рет соғылған шапшаң гол.

Тіпті бұл жолы допты ақтөбеліктер қарсыластардың аяғына өздері салып берді деуге де болады. Рас, алматылықтар ойынды жойқын шабуылдармен бастады. Тіпті екі рет бұрыштама да орындады. Дегенмен қақпаға аса қауіп төне қоймаған болатын.

Сондай шабуылдардың бірінде біздің жартылай қорғаушымыз Тонго Думбия алдына келе қалған допты, неге екені белгісіз, қақпашымызға қарай тепті. Аңсыз тұрған Жасұр Нарзиқұлов сұлай ұмтылып, допты құшағына қысып алмақ болып әрекеттенгенмен, қате қимылдады да, доп кері домалап, қарсылас футболшының алдына келе қалды. Біздің қорғаушылардың назарынан тыс қалған Артур Шушеначев қақпаның ашық қалған оң жақ бұрышын дәл нысанаға алды — 1:0.

Бұдан соң тағы бір соққы голға айнала жаздады. Дегенмен бұл жолы қайраттық футболшы тепкен доп қақпаның сол жақ діңгегіне тиіп, кері серпілді.

Ал қорғаныстың нашарлығы бәрібір голға әкеліп соқтырды.

36-минутта алаң иелері қақпаға және бір соққы бағыттаған кезде допты қақпашы Жасұр тура кері серпіді де, апыр-топыр қарбалас шақты сәтті пайдаланған Артур Шушеначев қақырата соққы жасады. Бұл доптың бағытын ақтөбелік қақпашы аңғарып та жарытпады — 2:0.

Қонақтарды қолдаушылардың үміті үзіле бастағандай болған кезде жерлестеріміз қарымта гол соқты. Шабуылға белсене араласып жүрген Эрвейн Мукам 41-минутта қақпаға тура тартқан Дидар Жалмұқанды аңғарып қалды да, әуелете пас тастады. Екі қорғаушының ортасында келе жатқан Дидар еш абыржымай, допты оң аяғымен қағып алды да, сол аяғымен шымыр соққы жасады, қорғаушылар кедергі келтіріп үлгермеді. Стас Покатилов ауа қармап қалды — 2:1.

Жанкүйерлер тартысты ойын екінші таймда болатынын сезді.

Дегенмен екінші тайм аса қызу қимылдармен бастала қойған жоқ. Оның есесіне еш қиындықсыз тағы бір гол соғылды.

Алаң иелерінің кезекті шабуылдарының бірінде біздің қорғаушымыз, ыңғайы солай болған соң, допты Жасұрға қарай асырды. Жасұр бұл допты аяғымен тоқтатпақ болды, сол кезде дәл қасына құлдилай шүйіле кеп қалған қарсыластар футболшысын алдамақ болып әрекеттенді де, алас-қапас теуіп жіберген доп Артур Шушеначевтің аяғына барып тірелді, ол ақтөбелік қорғаушылардан бөлектене қалған әріптесіне пас тастай қойды, ал Хосе Канте қателескен жоқ — 3:1.

Арада көп уақыт өткен жоқ, қонақтар табысқа жетті. Алаңның қайраттықтарға тиесілі бөлігінде жүрген ақтөбеліктер бір-біріне тастаған пастардың соңы Эрвейн Мукамға келіп жетті де, «Қайраттың» қақпашысы Стас Покатилов қақпадан сәл ілгері шығып кеткенін шалт байқап қалған Эрвейн әуелете шапшаң соққы жасады, Покатилов тосқауыл жасап үлгермеді — 3:2.

Нағыз тартысты ойын осы 54-минуттан басталғандай болды. Екінші голдан қуат алған ақтөбеліктер ойынды теңестіруге тырысты. Ал соңғы кездесулерде онсыз да оң нәтижеге жете алмай жүрген «Қайрат» ойыншылары бұған жол бермеудің барлық айласын жасаумен болды. Екі команда да жан алысып, жан берісті. Бұл жанталасты сәт тек 86-минутта ғана саябыр тапты. Ақтөбелік қорғаушылар таласқа түскен допты алысқа ұзатудың орнына, абдырай қимылдап, Вагнер Лавтың аяғына салып берді де, ол әріптесіне пас тастады, Небойша Косович әдемі соққы жасады — 4:2.

Осы төртінші гол «Ақтөбенің» биылғы чемпионаттағы бесінші жеңілісінің нүктесі болды.

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 4:2

Гол авторлары: Артур Шушеначев, 7-минут (1:0); Артур Шушеначев, 36-минут (2:0); Дидар Жалмұқан, 41-минут (2:1); Хосе Канте, 51-минут (3:1); Эрвейн Мукам, 54-минут (3:2); Небойша Косович, 86-минут (4:2).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Раде Дугалич, 74-минут («Қайрат») —– Армен Манучарян, 15-минут; Әділхан Таңжарықов, 31-минут; Эрвейн Мукам, 40-минут; Еркебұлан Нұрғалиев, 53-минут («Ақтөбе»).

18 мамыр 2021 жыл. Алматы қаласы, Орталық стадион. 4600 адам.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы, капитан), Михал Йерабек, Рустам Темірхан, Армен Манучарян (Максим Федин, 46-минут), Дінмұхамед Кашкен, Әділхан Таңжарықов (Максим Самородов, 80-минут), Антон Шурыгин (Еркебұлан Нұрғалиев, 47-минут), Тонго Думбия, Эрвейн Мукам, Дидар Жалмұқан (Рифат Нурмугамет, 73-минут), Игорь Сергеев (Боян Дубайич, 60-минут).

Бас бапкердің міндетін атқарушы Владимир Зеленовский.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 2;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1;

Боян Дубайич, шабуылшы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 11 кездесу өткізіп, 3 рет жеңді, 4 рет тең түсті, 5 рет ұтылды.  Ұпай саны — 13. Доп айырмашылығы — 20:23.

Жерлестеріміз келесі кездесуді 23 мамырда, жексенбі күні өз алаңымызда өткізеді, Түркістанның «Тұран» командасын қабылдайды.

Е.АҚАТҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button