Мереке

Ақтөбедегі 17 майдангердің бірі

Бүгінде Ақтөбе қаласында  Ұлы Отан соғысына қатысқан 17 ардагер тұрады. Бейбіт күннің қадірін терең сезінетін ардагерлердің бірі — биыл 97 жасқа толатын Нина Галкина.

Жеңіс күні қарсаңында Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова мен қоғамдық кеңес мүшесі, «Лучшее решение» ЖШС директоры Алмас Елеуов Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Галкинаның үйіне құттықтап барды. Жалғызілікті қартқа жылы лебіздерін айтып, мерекелік азық-түлік қоржынын табыстады.

«Жеңіс күні құтты болсын! Отанды қорғаңдар!» деп бастады әңгімесін Нина әжей. Құлағы ауыр еститіні болмаса, сұрапыл соғыстың естеліктері жадында жаңғырып тұр. Әйтсе де соғыс туралы сұрағанымызды жақтыртпай, қысқа сөйледі:

— Соғыста жамбастан жарақат алып келдім. Соның зардабын тартып отырмын: дәлізге шықпағалы не заман? Жас күнде білінбейтін. Күн өткен сайын ауа райы да әсер ете ме өзі, таяқсыз, біреудің көмегінсіз жүре алмаймын. Ұлым жол апатынан қайтты, кейін күйеуім де қайтыс болды, — деп ауыр күрсінді.

1924 жылы Ресей жеріндегі Марьинский посад қаласында дүниеге келген ол әкесінің инженер, анасының дәрігер болғанын айтты. Зиялылар отбасында тәрбиеленген Нина Сергеевна әке жолын қуып, алаңсыз техникумда оқып жүреді. Соғыс басталған жылы қыркүйек айында техникумда бірге оқитын топтастарымен бірге майданға сұранады. Соғыста зенитшілер сапында болып, Мәскеуді қорғауға қатысады. Жеңісті де Мәскеуде қарсы алыпты. Сөйтіп, соғыс аяқталған соң, 1951 жылы Ақтөбе рентген зауытына жұмысқа келіп, осы қалада тұрақтап қалады.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button