Жаңалықтар

Орталық саябақ 20 терекпен толықты

Кеше Ақтөбе қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы саябақта бір топ ерікті жас көшеттер екті. Бұл — Жеңіс күнімен Отан қорғаушылар орайластырылған экологиялық акция.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен санитарлық тазалық жұмыстарына барлығы 40-қа жуық адам тартылды. Олардың арасында Ауған соғысының ардагерлері, «Қоғамдық келісім» мекемесі жанынан құрылған этномәдени бірлестіктер өкілдері мен волонтерлар бар.

— Мұндағы мақсат — жастар арасында патриоттық, адамгершілік, еңбексүйгіштік сияқты қасиеттерді дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау. 

Бүгін, міне, бәріміз Орталық саябақта 20 түп ағашты егіп отырмыз. Алдағы уақытта осы көшеттер жайқалып өседі деген үміттеміз. Мұндай акциялар болашақта да жалғасын табады, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиева.

Бірлесе жүріп ағаш егіп, Ақтөбенің экологиясының жақсаруына үлес қосқан жігіттер мен қыздар соңында естелік суретке түсті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button